«Халық алғысын» алған дәрігер

«Халық алғысын» алған дәрігер

Әлемді жайлаған қауіпті індет біздің елімізді де айналып өтпей, бір жыл бойы тәж тажалымен күресуге тура келуде. Міне, осы дертпен ауырғандарға ем-шара тағайындаумен қатар, олармен бетпе-бет жүздесіп, жылы сөзімен де емдеп, мейірім сыйлап жүрген облысымыздың штаттан тыс бас инфекционист-дәрігері Сәуле Жұматаева қандай құрметке де лайық жан.

Сәуле Айтмұхаметқызы 1995 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол жылдың тамыз айында алғашқы еңбек жолын Көкшетау қалалық ауруханасында инфекционист-дәрігер болып бастайды. Білімді де білікті дәрігер ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының нәтижесін танытып, 2004 жылдан жұқпалы аурулар бөлімшесінің басшысы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас инфекционист маманы ретінде жұмысын жалғастыруда. Оған қоса, ол өзінің жоғары оқу орнында алған білімін тәжірибемен ұштастыра жүріп, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісінің және «HALYQ QURMETI-2020» сыйлығының лауреаты атанады.
Өңірімізде қауіпті індеттің таралуының да басы-қасында болып, үнемі жұмыс орнында науқастардың ортасынан табылды. Коронавирус пандемиясы басталған кезде медицина мекемелерінің өзара қарым-қатынастары үзіліп, адамдар арасында оқшаулану басталып, бір-біріне үрке қараған сәттерде де Сәуле Айтмұхаметқызы қайсарлықпен қорқынышты жеңіп, алдыңғы шептен көріне білді. Өзінің кәсіби мамандығына деген зор сүйіспеншілігінің арқасында 2020 жылы «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы» медальдарымен марапатталды.
– Мен қазіргі уақытта Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасындағы жұқпалы аурулар орталығының медициналық қызметінің басшысы болып істеймін. Күн сайын «қызыл аймақта», КВИ+ диагнозы қойылған науқастарға және пандемия басталғаннан бері Ақмола облысы бойынша осы қауіпті індеттен сақтану туралы онлайн-кеңес беріп келемін, – дейді ол.
Қазіргі таңда жоғары санатты инфекционист-дәрігер Сәуле Айтмұхаметқызы 25 жылға жуық абырой биігінен көрініп, коронавируспен күресте ерекше жауапкершілік танытып келе жатқан білікті маман. Өңірімізде екі инфекционист-дәрігер болса, оның бірі, Виктория Пичкунова. Қауіпті індет аяқ­талған жоқ, сондықтан, шұғыл түрде қарастыратын, тез арада шешімін шығаруға тиіс мәселелер жетерлік.
Бүгінде қауіпті індетті жеңу бәрімізге ортақ іске айналды. Осындай межелі мақсатқа медицина қызметкерлері тек өздері ғана емес, жергілікті билік орындарымен қоса, барша халық болып, санитарлық режимді сақтай отырып жететіні белгілі. Коронавирусқа қарсы жасалған ауқымды шаралар ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, дәрігерлердің жеке басын қорғайтын киім-кешектермен қамтамасыз ету, оларға жағдай жасау, жалақыларын көтеріп, үстемақы қосу секілді біршама жұмыстар жасалды. Әсіресе, жас дәрігер мамандар да қауіпті індет кезінде уақытпен санаспай еңбек еткенін, олардың үлкен тәжірибе жинақтап, халық игілігіне өз үлестерін қосқанын атап өткен кейіпкеріміз кез-келген қолдау дәрігерлердің жұмысқа деген ынтасын арттыра түседі, деп түйіндеді. Әрине, қажырлы еңбектің арқасында алған марапат та әр қызметкерге мотивация беретіні сөзсіз. Олай болса, коронавируспен күресте алғы шепте жүрген өңірімізге танымал инфекционист-дәрігер Сәуле Айтмұхаметқызына ақ халатты абзал жан деген атыңызды асқақтата беріңіз демекпіз.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *