Латынша жазу – болашақ бағдары

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған біртіндеп латын әліпбиіне көшу заман талабы екендігі ешбір дау тудырмаса керек.

Олай болатындығы, латын әліпбиі бүгінгі замандағы жаңа технологиялық ортаның, коммуникация, білім мен ғылымның ерекшелігіне айналған. Сондықтан да, бұл әліпби әлемде үлкен беделге ие болып, қолданылу аясы да, келер күндердің көкжиегіндегі мол мүмкіндігі де зор екендігі дәлелденіп отыр. Әлемде ақпараттың көп мөлшері ағылшын тілінде таратылатындығын ескерсек, еліміздің латын әліпбиіне көшуінің қомақты пайдасы бірден түсінікті болар еді. Латын әліпбиіне көшу – өркениетті шешім. Төрткүл дүниенің халқының 80 пайызы латын әліпбиін қолданып отыр. Демек, бұл дегеніңіз озық инновациялар мен жаңа технологияларға біртабан жақындау деген сөз. Жас ұрпақ электронды ақпарат құралдарын жылдам игеріп кететіндігі ешбір күмән туғызбайды. Баспасөздегі деректерге қарағанда, латын әліпбиі барлық салада кеңінен қолданыс тапқан. Көптеген терминдер, мамандықтарға байланысты ғылыми әдебиеттер де латын әліпбиімен байланысты екендігін аңғару қиын емес.
Ел болып осы тарихи шешімді қолдауымыз ең алдымен, бірлігімізді көрсетсе керек. Ендігісі осы Елбасы Жарлыққа қол қойған, тіл ғалымдары талдаған, зиялы қауым өкілдері пайдалы жақтарын саралап берген, жалпы жұрт тиімділігіне көз жеткізіп отырған тарихи шешімді талаптанып, жүзеге асыру.
Латын әліпбиін енгізу еліміздегі білімді жастардың қатарының көбеюіне әсер етеді. Сол дарынды балаларымыз мойны озық әлем елдерінің жастарымен иық тірестіріп, білім салыстырып тұратын болса, осы талаптың табысы екендігі даусыз. Ендігі арада дайындық кезеңін сапалы аяқтау керек. Ол үшін ең алдымен, білім беру мекемелерінде кең ауқымды жұмыс жүргізілуге тиісті. Алғашқы кезеңде тіл игеретін пән мұғалімдерін даярлауды, кәсіби біліктіліктерін жетілдіруді осы бастан қолға алғанымыз дұрыс шығар.
Негізі, жалғыз мамандар ғана емес, жалпы жұртшылық жұдырықтай жұмылып, бар ынта-ниеттерімен қолға алатын болса, аз ғана уақыттың ішінде ел тегіс жаңа әліпбиге үйреніп кететіндігі ақиқат.
Болат ЖАНӘДІЛОВ,
Көкшетау қаласының
құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар