Облыс әкімі Мәлік Мырзалин: «Инвестициялық белсенділік қарқын алды»

2017 жылғы 15 қараша күні Астанада Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы негізінде Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің «2017 жылы өңірдің әлеуметтік дамуы туралы» Орталық коммуникациялар қызметінде есеп беру баспасөз конференциясы болып өткенін газетіміздің бұдан бұрынғы санында хабарлаған болатынбыз. Біз бүгін осы конференцияның есебін жариялап отырмыз.

– Жылдың басында Елбасы өзінің Жолдауында Үшінші жаңғырудың бас-талуы туралы жариялады.
Технологиялар мен инновацияларды енгізумен және инфрақұрылымды дамытумен қатар, қоғамдық сананың адамгершілік негіздерін сақтау мен дамыту – басымдылыққа ие болатын міндеттер.
Экономикалық және рухани жаңғыру бағдарламалары шеңберінде жалпы ұлттық басымдылықтарды жүзеге асыру Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосуға бағытталған, – деді облыс әкімі М.Мырзалин брифингті бастау сөзінде.
Алға қойған міндеттерді сәтті жүзеге асыру үшін Ақмола облысының әлеуеті жеткілікті. Экономиканы әртараптандыру есебінен дәстүрлі аграрлық облыс индустриялдық-аграрлық өңір атанды. Жалпы, өңірлік өнім құрылымының 25 пайызын өнеркәсіп секторы, 15 пайызын ауыл шаруашылығы құрайды. Өңір жалпы республикалық көлемде жоғары сапалы астықтың ширегін өндіріп, экспорттайды. Облыста индустрияландыру бағдарламасының арқасында алтын өндірісі 4 есе өсті. Бүгінгі таңда бұл өнімнің республикалық көлемдегі үлесі 34 пайызды құрайды. Өңірге жүк автокөлігі өндірісінің жартысынан астамы, құрылыс кірпішінің 30 пайызы, ұнның 10 пайызы тиесілі. Аймақта қазақстандық уран қорының 10 пайызға жуығы бар. Облыста темір жол транспортының подшипниктерін өндіретін ТМД аумағындағы жалғыз кәсіпорын орналасқан. Ішкі тұтынудан өзге өнімнің 80 пайыздан астамы Ресей Федерациясына тасымалданады.
Биылғы жылы облыс экономикасы серпінді дамуда. (2017 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы өңірлік өнімнің өсімі 101,2 пайызды құрады). Биылғы жылдың 9 айында инвестицияның көлемі 175 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 4,7 пайызға артық. Олардың ішінде салынған капиталдың 67 пайызы нақты сектор салаларында игерілді. Инвестициялық белсенділіктің өсімі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен құрылыс секторында қарқын алды.

Индустриялдық сектор
Мемлекет басшысы өз сөзінде шешуші басымдықтардың бірі – экономиканы қарқынды технологиялық жаңғырту деп атап өтті. Индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру барысында облыстағы өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің көлемі серпінді өсе бастады. Бұл өңірдің макроэкономикалық жағдайына игі ықпал етеді. Биылғы жылдың 9 айында өңделген өнімнің үлесі 80 пайызға жетті. (Бұл республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі). Ақмолалық индустрияның локомотиві болып саналатын Степногорск подшипник зауыты, «Алтынтау-Көкшетау», «Қазақалтын», «ЕНКИ» серіктестіктері мен өзге де кәсіпорындар бүгінгі таңда тұрақты жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті өнімдер шығарады. Оның ішінде экспортталатын өнімдер де бар. Жыл басынан бері «КамАЗ-Инжиниринг» зауыты 700-ден астам жүк автокөлігі мен арнайы техника құрастырып шығарды. Бұл өткен жылғы деңгейден 32 пайызға артық.
Бұдан екі жыл бұрын Целиноград ауданында ашылған лифтер мен эскалаторлар жасайтын зауыт ЭКСПО нысандарын көтергіш қондырғыларымен толық қамтамасыз етті. Мұнда қауіпсіздіктің барлық деңгейіне сәйкес келетін 77 жылдамдығы жоғары лифт пен 8 эскалатор қойылды. Отандық ауыл шаруашылығы техникасын жасауды дамыту аясында «Вектор» комбайн зауыты» серіктестігі жыл сайын 300 астық жинайтын техника жасауды жоспарлауда. («КазАгрофинанс» акционерлік қоғамы мен ресейлік «Ростсельмаш» зауыты бірлесе жұмыс істеу жөніндегі келісім-шартқа қол қойды). Кәсіпорынға «КазАгро» желісі 10 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесін бөлді. Сондай-ақ, шағын механизация-
ны дамытуды қолдау жөнінде шешім қабылданды. «КАИК» серіктестігі базасында биылғы жылы шағын техника тіркемесі мен арнайы қондырғы өндірісі ұйымдастырылды. Бұл өндіріске 1,5 миллиард теңге бөлінді.
Индустрияландыру бағдарламасының 2-ші бесжылдығы аясында жаңа кәсіпорындар ашылуда. 623 миллиард теңге инвестиция көлемімен жүзеге асырылып жатқан 18 жобаның биылғы жылы 7 жобасы пайдалануға берілді. 1119 жаңа жұмыс орны ашылды. Жылына 2 миллион тонна өнім өндіретін цемент зауыты жұмысын бастады. Жобаға жекеменшік инвестициясының 63 миллиард теңгесі салынды. «Қазақалтын» концернасының кеніштерінде үш алтын айыру фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорынның байыту өндірісін жаңғырту Доре құймасы түріндегі 3 тоннадан астам қосымша алтын алуға мүмкіндік берді. Металлургиялық саланы одан әрі дамыту облыстағы Масаль темір кеніші базасындағы тау-кен-металлургиялық комбинатының құрылысы тәрізді ең ірі қазақстандық-қытайлық жобаны жүзеге асырумен байланысты. 480 миллиард теңгеге бағаланған жоба құрылысқа және машина жасауға арналған 1 миллион тонна болат өндіруге бағытталған.
Биылғы жылы жылына 80 мың тонна шикізат өндіретін каолин тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды. Өңделген каолин отқа шыдамды материалдар, целлюлоз-қағаз және керамикалық өнеркәсіп өндірісінде пайдаланылады. Кәсіпорын өнімнің 70 пайызын Ресей, Қытай, Жапония мен жақын Шығыс елдеріне шығаратын болады. Өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар инновациялық және бәсекеге қабілеттілік критериясына сәйкес келіп, өнеркәсіп өндірісінің көлемін нақты өсіру үшін негіз болады.

Аграрлық сектор
Өңір экономикасының негізгі салаларының бірі агроөнеркәсіп кешені болып табылады. Мұнда облыстың еңбекке жарамды тұрғындарының 36 пайызы еңбек етеді. Мемлекет басшысы ел халқына арнаған Жолдауында атап көрсеткеніндей, аграрлық сала экономикалық өсімнің жаңа драйверіне айналуы керек. Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі субсидия көлемі 36,3 миллиард теңгені құрады. Биылғы жылы мемлекеттік қолдауға ие болған агроқұрылымдардың саны 40 пайызға өсті. Агрохимияға ерекше назар аударылды. Биылғы жылы өткен жылдағыдан 1,5 есе артық минералдық тыңайтқыш енгізілді. Егістік алқаптарына элиталық тұқым сіңіруді 1,4 есе көбейту мол астық алуға ықпал етті. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облыс орақ науқанын ойдағыдай өткізіп, өзінің астықты өңір деген құрметті деңгейін тағы бір дәлелдеді.
Жалпы 5,1 миллион тонна астық жиналды. Оның 88 пайызы жоғары сапалы сұрыптарға жатады. Бұл ішкі қажеттілікті толық көлемде қамтамасыз етуге, экспорттық әлеует деңгейін 2-2,5 миллион тоннаға дейін көбейтуге мүмкіндік берді. Әртараптандыру аясында майлы дақылдар мен жасымық өсетін алқаптар 68 мың гектарға ұлғайтылды. Майлы тұқым мен бұршақты дақылдарға деген сыртқы өтінімнің көбеюі Азия елдері (Түркия, Иран, Үнді) мен Ресейге экспорттың көлемін көбейтуге мүмкіндік берді. Бұл елдердің қазақстандық өнімдеріне сұранысы артып келеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астана қаласы айналысында азық-түлік белдеуін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Еуропалық өнеркәсіптің қазіргі заманғы құралдарымен жабдықталған, қайта өңдеуші кәсіпорны бар 3 мың бас ірі қараға арналған ең ірі мал бордақылау алаңы («Жаңа Береке» ЖШС) құрылды.
Жақында өндіру және өңдеудің толық циклі қарастырылған 5 мың асыл тұқымды ешкі шаруашылығы құрылды.
Макарон өнімдерінің 10 түрін шығаратын диірмен-макарон комбинаты іске қосылды (Аршалы ауданындағы «Аян» ЖШС-де жоба құны 1 миллиард теңге).
Астананың жақын орналасуы тауар өндірушілерге өнімді тұрақты түрде саудалауға мүмкіндік бермекші. Жылдық қуаты 50 мың тонна Макинск құс фабрикасы республикада құс ет өндіру бойынша ең ірі жобаны іске қосуға мүмкіндік береді. Жобаны бірінші кезекте 2018 жылы іске қосу жоспарланған.
Екінші ірі жоба – Астрахан ауданында («Бавария Продакт» ЖШС-і (құны 7,6 миллиард теңге). Мұнда жылына 5,5 мың тонна ет өңдейтін, 2 мың басқа арналған шошқа кешенінің құрылысы қарастырылуда.
2018 жылы жылдық қуаты 5 мың тоннаны құрайтын қазіргі заманғы ет өңдеу зауыты құрылысын жүргізу жоспарланған («Ерейментау-Құлан» ЖШС).
Индустрияландыру бағдарламасымен бірге кешенді түрде жүзеге асырылып жатқан Азық-түлік белдеуі жобасы бүгінгі таңда нақты бір нәтиже беріп отырғандығын атап өткім келеді.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азық-түлік өндірісі 17 пайызға артқан, оның ішінде өсімдік майы 1,9 пайыз, ет 35 пайыз, шұжық өнімі 24 па-
йыз, ұн 22 пайыз. Оған қоса, шығарылатын өнім түрі артып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста етті және сүтті бағыттағы 35 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оған 9 мың ұсақ шаруашылық біріктірілді (1,6 миллиард теңгеге жеңілдетілген несие берілді).
3300 бас ірі қараға арналған 155 отбасылық мал бордақылау алаңы, 600 бас сауын сиырға арналған 11 отбасылық тауарлы-сүт фермасы құрылды. Кооперативтермен қосымша бұл 7 мың тонна сүт және 370 тонна ет өңдеу кәсіпорындарының толық қуатына шығуына мүмкіндік бермекші.
2018 жылы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріккен жеке қосалқы шаруашылықтардың санын 25 мыңға жеткізу көзделген.

Шағын және
орта бизнес
Соңғы 2 жылда (2016-2017 жылдары) Бизнестің жол картасы шеңберінде кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін қолдау үшін құны 25 миллиард теңгеден астам 194 жоба қолдау тапты. Шағын несие беру мемлекеттік қолдаудың тиімді құралы болды, ағымдағы жылы қаржыландыру 2,6 есеге артты (2,9 миллиард теңге бөлінді).
Қызмет көрсету саласында және өндірісте өз кәсібін ашқан 400 адам тиімді жағдайда шағын несиеге қол жеткізді.
Осының арқасында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7 пайызға, өндірілген өнім көлемі 20 пайызға, бюджетке салық түсімі 22 пайызға артты.

Тұрғын үй құрылысы
«Нұрлы жер» бағдарламасының көмегімен облыста тұрғын үй құрылысы жандана түсті (Инвестиция көлемі 29 миллиард теңге немесе 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 121 пайыз).
Жыл басынан бері 404 мың шаршы метр баспана берілді, бұл өткен жылдың сәйкес деңгейімен салыстырғанда 133 пайыз. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйді тапсыру 1,6 есеге өсті.
Жыл соңына дейін жалдамалы 6 үй, тұрғын үй құрылысы жинағына қатысушылар мен баспана кезегінде тұрғандар үшін несие-ге берілетін 5 үй пайдалануға беріледі.
2018 жылы бағдарлама бойынша жалдамалы және несиелік көп пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі.
Осыған қоса, тұрғын үй құрылысын жүргізушілердің жеңілдетілген несиелік және ипотекалық займдарды субсидия-лау есебінен арзандатылған тұрғын үй құрылысының механизмі іске қосылады
(7 пайыз). Аталған механизм бойынша Ақмол ауылында 10 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы және Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында жеке 200 үйдің құрылысы басталады.
Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша облыстың 14 елді мекенінде 7000 үйге инженерлік коммуникация жүйесі тартылады.

Көліктік инфрақұрылым
Әулетті міндеттердің бірі – көліктік инфрақұрылымды дамыту.
Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде республикалық және жергілікті мақсаттағы 650 шақырым жол жөнделді және қалпына келтірілді.
«Щучинск-Зеренді» бағытындағы ұзындығы 80 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары басталды (15,5 миллиард теңге).

ЭКСПО
жобалары
Биыл жазда өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі «таза энергетиканы» дамытуға елеулі үлес қосып, әлемге тәуелсіз еліміздің «жасыл технология» идеясын қолдайтындығын тағы да бір дәлелдеп берді.
Осы айтулы көрмеге 120 мыңнан астам ақмолалықтар барып, тамашалады. Олардың 20 мыңнан астамы балалар мен жасөспірімдер. Көрмеден біз бүгінгі күні экологиялық таза, қоршаған ортаны ластамайтын технологияның адамзатты қолжетімді қуатпен қамтамасыз етіп отырғандығын өз көзімізбен көріп, куәсі болдық.
ЭКСПО халықаралық көрмесі кезінде біздің облыс ұлттық павильонда екі жобаны, атап айтқанда: 45 мегаваттық жел электр стансасы мен сағатына 750 киловатты қуат беретін жел электр қондырғысын жұртшылық назарына ұсынды. Қазіргі күні облысымызда ЭКСПО-да ұсынылған 5 жоба іске асырылуда. Бұл жаңа қуат көздерін алатын жобалардың қатарында құны 126 миллион АҚШ долларын құрайтын 100 мегаваттық жел паркі құрылысы («Цатэк CreenEnergy» ЖШС) бар. Жоба жел қуатын электр қуатына айналдыратын 30 жел қондырғысынан тұрады.
Екінші жоба – Целиноград ауданында салынатын қуаттылығы 100 мегаваттық құны 192 миллион доллар тұратын күн электр стансасының құрылысы («KB ENTERPRISES» ЖШС).
Сонымен бірге, облыстық әкімдік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде «Global Gas Regazification» компаниясымен бірлесіп, сығымдалған газ негізінде табиғи газбен қамтамасыз етудің кешенді жобасын дайындауда (Көкшетау-Щучинск-Бурабай курортты аймағы). 2018 жылдан бастап облыстағы мазут жағатын қазандықтарды газға ауыстыра отырып, 2019 жылы оның қуаттылығын 65 миллион текше метрге дейін ұлғайту көзделуде.
Сондай-ақ, облысымызда шағын су-электр стансалары негізінде электр қуатын автономды өндіруді жүзеге асыру және тазарту құрылғыларын жаңғыртудың финдік технологиясын енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.

Туризмді дамыту
Аймағымыздың басым даму бағыттарының бірі – туризм болып табылады. Туристік кластердің негізі жылына 1 миллионға тарта дем алушыларды тартып отырған Щучинск-Бурабай курортты аймағы. Мұнда келушілердің 30 пайызы шетелдік туристер.
Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Бурабайды әлемдік деңгейдегі курортты аймаққа айналдыру жайына әрдайым жете көңіл бөліп отырады. Бұл жұмыстар Щучинск-Бурабай курортты аймағының инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспарының ІІІ кезеңі шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Ол құны 61,3 миллиард теңге болатын 34 шараны қамтиды. Бұл құжаттама Үкіметпен бекітілген.
Аймақта туристік ақпараттық орталық құрылып, жұмыс істеуде. Осы жұмыстарды жүргізетін арнайы жоспар қабылданып (онда 30-дан астам бағдар қамтылған), Бурабай курортты аймағының жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету шаралары жасалуда.
Осы орайда, орталық коммуникациялар қызметінің алаңын пайдаланып «Ғажайып Бурабай» конкурсының жарияланғандығын айта кеткім келеді. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының Ақмола облысындағы туризм әлеуетін танытатын үздік жарияланымдар арасындағы бес номинция бойынша өткізіледі, атап айтқанда: «Үздік телевидение хабары», «Баспасөздегі үздік мақала», «Радионың үздік хабары», «Интернет БАҚ-тағы үздік мақала», «Әлеуметтік желідегі үздік мақала». Сонымен бірге, әр номинация бойынша оқырмандар көзайымына айналған шығармаларға да сыйлық (100 мың теңге) бар.
Конкурс жеңімпаздары облыс әкімінің жарты миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйлығымен марапатталады, 2-ші орынға 300 мың теңге, үшінші орынға 200 мың теңге беріледі. Талап білдірушілердің бәрін конкурсқа қатысуға шақырамын.

Әлеуметтік сала
Әлеуметтік салаға келетін болсақ, биылғы жылы облысымызда білім саласын дамыту бағдарламасы шеңберінде жалпы көлемі 2940 орынға арналған 8 жаңа мектеп құрылысы басталды.
Жеке инвесторлардың алдағы уақытта мемлекет меншігіне қайтарымсыз беруі негізінде 2 жаңа мектеп құрылысы жүргізілмекші.
Оның бірі Қосшы селосындағы 200 орындық мектеп болса, екіншісі 50 орындық Отаутүскен селосындағы мектеп.
3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 98 пайызға (2307 орынға шақталған 31 мектепке дейінгі білім беру мекемелері ашылды) дейін жетті. Бұған қоса, мемлекеттік емес сектор да көбейіп келеді, бүгінде балабақшалардың 40 пайызы жекеменшік болып табылады.
2020 жылға дейін мектепке дейінгі білім беру орындарын 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жуыр маңдағы 2 жыл ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында 4 мыңнан астам орын ашылады.
Мемлекет басшысының тегін кәсіби-техникалық білім беруді енгізу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде ағымдағы жылы колледждерге түскендердің саны 33 пайызға (6 мың адамға дейін) көбейді.
Өңірді медициналық мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне де үлкен көңіл аударылуда (123 дәрігер қажет).
Ағымдағы жылы облысқа 214 медициналық қызметкер келді, оның 91-і дәрігер. Ауылды жерлерге келген барлық жас мамандарға (74 адам, соның ішінде 35-і дәрігер) көтермеақы төленіп, баспанамен қамтылды. Облыс орталығына келген жоғары сыныпты медициналық қызметкерлерге облыстық бюджет есебінен Көкшетау қаласында 20 пәтер сатып алынды.
Жергілікті бюджеттің және шаруашылық субъектілерінің көмегімен республиканың медициналық ЖОО-ында біздің облыстың мектептерін бітірген 260 түлегіміз білім алуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойған міндеттерді орындау үшін белсенді жұмыстар жүргізілуде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 10,6 миллиард теңгеге 117 жоба жүзеге асырылуда, оның 5,2 миллиард теңгесі демеушілік қаржы есебінен.
Бағдарламаны жүзеге асыруға облыс халқы кеңінен тартылған, жыл басынан бері 400 мың адамды қамтыған әртүрлі форматтағы 4500 іс-шаралар өткізілді.
Сакральді ескерткіштердің республикалық картасына еліміздің жалпыұлттық символдарына айналған Ақмола облысының 10 аса маңызды нысаны енгізілді.
Облыстық өлкетану мұражайының экспозициялары 3D форматында жаңартылып, толықтырылды. «Сакральді география» арнайы жобасының шеңберінде облыстың көне тарихи орындарында зерттеу және қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр, өңірдің сакральді орындарына арналған альбом жарық көрді.
Кіші Отан – Туған жерді қолдау бо-
йынша бизнес-қауымдастықтары мен өңір тұрғындарының бастамасымен аймақта қалалар мен ауылдарды көркейту, әлеуметтік нысандарды салу, спорттық алаңдар ұйымдастыру және басқа да әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру бойынша түрлі жобалар жүзеге асып жатыр.
Осылайша Есіл ауданының Юбилейный селосында (270 миллион теңгені құрайтын) 160 үйді қосу үшін газ құбырларын тарту құрылысы, жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Целиноград ауданының Родина селосындағы (50 миллион теңге; «Родина» агрофирмасы» ЖШС) дәрігерлік амбулатория мен орта мектеп күрделі жөндеуден өтті.
Целиноград ауданының Қосшы ауылында мектеп құрылысы (350 миллион теңге), Зеленый Гай селосында мәдени-сауықтыру кешенін (90 миллион теңге) қайта құрастыру жұмыстары жүргізілуде.
Мұндай мысалдар аз емес. Өздерінің осындай шынайы істерімен олар аймақтың дамуына және біздің Қазақстанымыздың гүлденуіне айтарлықтай үлестерін қосуда.

***
Құрметті брифингке қатысушылар!
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!
Сөзімді аяқтай келе, жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамудың оң қарқынын сақтап қалатынына сендіре аламын.
Экономиканы бұдан әрі әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары жалғаса беретіні сөзсіз.
Біз инвестициялық әлеуетті арттыру, инвесторлар тарту үшін жағдайлар жасау мүмкіндіктерін қарастырамыз.
Мен өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың негізгілерін қысқаша атап өттім, енді сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге әзірмін.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар