Рамазан Елебаевтың мүсіні ашылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының көп тармақтарының бір бағыты патриоттық сезімді қалыптастыру болса, осы үлкен жауапкершіліктің тағы бір парасын жүзеге асырмақ ниетте Еңбекшілдер ауданының орталығы Степняк қаласында осы өңірдің тумасы, Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында өмірге келген «Жас қазақ» әнінің авторы, жауынгер-композитор Рамазан Елебаевтың мүсіні ашылды.

Рамазан Елебаев Еңбекшілдер ауданының Құдықағаш ауылында 1910 жылы дүниеге келген. 1930-шы жылдары қазақтың атты әскерінде әскери борышын орындап жүріп, Сәкен Сейфуллиннің өлеңіне «Жолдастар» маршын жазды. Бір жылдан соң Қазақтың мемлекеттік драма театрының актері атанды. 1937 жылы әйгілі Ахмет Жұбановтың кеңесімен А.В.Луначарский атындағы Мәскеудің мемлекеттік театр өнері инс-
титутына оқуға түсіп, оны тәмамдау бұйырмастан, 1942 жылы өз еркімен майдан шебіне аттанды. Майданның қан сіңген даласында жүріп, даңқты батыр Төлеген Тоқтаровты кездестіреді. Иә, күллі қазақ баласының жауынгерлік рухын көтеріп, намыс жебесін жанып, жаудың жағасын жыртуға сеп болар күштің рухын кеудесіне қондырған «Жас қазақ» әні, хас батыр осы Төлеген Тоқтаровқа арналды. Куәгерлердің айтуынша, Төлеген батыр жараланып жатқанда неміс офицерін атқан көрінеді, оқ дарыса да құламаған оған ыза болған батыр жарылған қарнына қарамай, ақтарылған іш құрылысын қолына алып, жауын қуып жетіп жайратқан екен. Бұл бейбіт күннің бүлдіршіндері үшін жантүршігерлік жайт болса да, қайталанбас ерлік еді.
Қала орталығындағы аудандық білім бөлімінің алдына орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына аудан әкімі Асқар Қиықов пен арнайы Алматыдан келген Рамазан Елебаевтың жиен қарындасы Қарлығаш Махатова қатысты. Сонымен қатар, еліңде кім бар десе, аты алдымен аталар елдің құрметті азаматтары түгел дерлік салтанатты шараға келді. Ескерткіш мүсіннің авторы Манарбек Бұрмағанов та игі шараның жүгін иығымен көтерісіп, Біржан салдың, Рамазанның һәм өзінің туған еліне келіп, шынайы құрметін көрсетті.
Жиынның алғысөзін алған аудан әкімі:
– Елдің есінде, жақындарының жүрегінде қалған жауынгер, суретші, композитордың бейнесін келер ұрпақ ұмытпасын деп қолға алған игі ісіміз еді. Рухани жаңғырудың шеңберінде патриоттық болмысты қалыптастыру, оны сақтау, жас ұрпаққа жеткізу жайы баса айтылған. Елбасымыздың аталмыш мақаласындағы ойлардың жалынды жалғасы болсын деп ауданымызда біршама шаралар атқарудамыз. Тарих қатпарларында ұмыт болған, я бұрмаланған деректерге жан бітірер шақ туды. 2010 жылы Құдықағаш ауылының 80 жылдығы мен Рамазан Елебаевтың 100 жылдығына орай, ауыл мектебіне жауынгер-композитор есімі беріліп, мұражайы ашылды. Елінің ерекше қолдауымен «Рамазан Елебаев елі» атты кітап жарық көрді. Болашақта Рамазандай композиторымыздың атына көше беру жайын да қолға алмақшымыз. Олай болса, Рамазан Елебаевты бүкіл қазақ даласы біледі, ендігі өрендер де біле жүрсін деп ескерткіш бейнесінің ашылу салтанатымен барша аудан жұртын құттықтаймын! – деді.
Жауынгер композитордың мүсінінің лентасын жиен қарындасы Қарлығаш Махатова мен аудан әкімі Асқар Қиықов қиды. Нағашысының нар тұлғасын көріп толқыған жиен қарындасы осынау бастаманың басында жүріп, жақсылыққа мұрындық болған ел азаматтарына ақжарма алғысын былай жеткізді:
– Отанына адал болып өткен, жүрегі қазақтың даласындай кең жанның тұлғасын тұғырға қондырғандарыңыз үшін Арқа жұртына көп рахметімді айтамын. Майданда да, бейбіт күнде де қазақ баласының рухын жаныған «Жас қазақ» әні жас ұрпақтың жадынан өшпесе екен. Оған алтын көпір болатын сіздер мен біздер. Ұландарымыздың бойына сіңірер ұлағатымыз азаймасын.
«Елдің атын ер шығарады» деген халық «Ерін ел ұмытпайды» деп мүсіннің маңдайын Күн анаға сүйдіртіп, Жер анаға тұғыр етіп бекітіп, жауынгердің туған ауылы Құдықағашқа аттанды. Құдықағаштың орманға ұласқан арқа тұсындағы бұлақ басында Өтейдің ескі жұрты жатыр. Ескі жұртқа жақын маңға ашаршылық уақытында дүниеден қайтқан Рамазан Елебаевтың әкесі Ержан Елебаев жерленіпті. Кейін Рамазан Елебаевтың туғанына жүз жыл толуына байланысты, Ресейдің Псков облысы Новосокольники селосындағы бауырластар зиратынан жауынгердің топырағы әкелініп, ата қонысқа, әке бейітіне салыныпты. Басында қоршауы болмаған қорымға мал тұяғы тимесін деген ниетпен жақында қоршау орнатылып, құран бағыштаушылар кіретін арнайы есік орнатылған. Осындай игі істің лебін суытпай, мұражайының да ашылуына мұрындық болған облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Рамазан Елебаев елі» кітабының авторы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Мейрамбек Қиықов екенін айтпасақ айып болар.
Жұртының жадынан мәңгілікке орын алып, жүрегіне дара жол салған жауынгердің бейнесін бұлдыр уақыт көнертіп, көмескілендіре алмас. Даладан даралықты сыйға алған перзентін ескен жел, өскен ел, қалықтаған ән ноталары, күллі көк пен жердің толқыған күйі есіне ала берер. Рухтың өлмейтіндігіне, іздің өшпейтіндігіне даланың өзі куә!

Қымбат-Ай ТОЙЛЫБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар