Еңбекақыдан қарыз жиналып қалмауы керек

Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат мәжілісінде өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдарда қордаланып қалған еңбекақы қарыздарын өтеу және төтенше жағдайларды алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы, мемлекеттік сатып алуды өткізу жөніндегі мәселелер талқыланып, алдағы күннің міндеттері белгіленді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алдымен, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Берік Мұстафиннің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, инспекция тарапынан облыс аумағындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмысшылардың құқығын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту, еңбекті қорғау бағытындағы алдын алу шаралары жүргізілуде. Оған қоса, тұрақты түрде прокуратура және мемлекеттік түрлі органдармен бірлесіп, мониторинг жүргізіліп отырады. Осы мақсатта 2017 жылы облыс аумағындағы 437 кәсіпорын мен ұйымдарда тексеріс жүргізіліп, 519 заң бұзушылық анықталды. Оның 406-ы еңбек қатынасына байланысты. Заң бұзған жұмыс берушілерге 286 жазбаша ескерту жолданды. Еңбек қатынасына байланысты анықталған заң бұзушылықтардың 517-і жыл соңына дейін жойылды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 99,8 па-йызды құрайды.
Сонымен қатар, тексеріс барысында 90 кәсіпорын мен ұйымның 2503 жұмысшының алдында 199,8 миллион
теңге көлемінде қарызы бар екені анықталды. Бүгінгі күнге дейін оның 186,5 миллион теңгесі өтелді. Дегенмен, Біржан сал ауданындағы «Еңбек-Целина» (5,7 миллион теңге), Зеренді ауданындағы «Зеренді-Сервис» (2,1 миллион теңге) және Ерейментау ауданындағы «Құлагер-Тас» (5,5 миллион теңге) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмысшылар алдындағы қарыздарын өтеуге асығар емес. Мәжілісте айтылғандай Көкшетау, Степногорск қалалары, Целиноград және Сандықтау аудандарында да жағдай мәз емес.
Осы орайда, облыс әкімі облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысына облыстық кәсіподақтар федерациясымен еңбекақы бойынша қарыздарды қайтару және еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау шараларын бірлесіп жүргізу қажеттігін атап өтті. Әсіресе, жоғарыда аталып өткен аудандардағы жағдайды ұдайы бақылауда ұстау қажет.
Бұдан кейін облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Нұрлан Бекенов мемлекеттік сатып алуды өткізу мәселелері туралы баяндама жасады. Онда басқарма басшысы мемлекеттік сатып алуда отандық үлесті арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– 2016 жылы мемлекеттік сатып алу 43,7 миллиард теңгені (оның 36,4 миллиард теңгесі немесе 83 пайызы отандық үлес) құраса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 64,6 миллиард теңге болды. Оның 85 пайызы отандық кәсіпкерлердің үлесіне тиесілі. Осыдан мемлекеттік сатып алуда отандық кәсіпкерлердің үлесі 2 пайызға артқанын көруге болады, – дейді Нұрлан Бекенов өз сөзінде.
Аппарат мәжілісін қорытындылаған облыс басшысы мемлекеттік сатып алуда отандық үлесті арттыруды және ұсынылған тауар бағасының тиімді болуы қажеттігін айта келе, қала, аудан әкімдеріне 2017 жылы өтпей қалған тендерлер мен биылғы жылдың мемлекеттік сатып алуларын сәуірдің 1-іне дейін жедел өткізуді міндеттеді.

Аслан Оспанов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар