Бұл – ұлық мереке

2015 жылдың сәуір айында «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, жанашырлық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді», – деп маңызды бастама көтерген болатын. 2016 жылдың 14 қаңтарында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, елімізде жаңа мереке – Алғыс айту күні пайда болған еді.

Алғыс айту күні – тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болатын Елбасының бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құрғанының айғағы.
Өткен ғасырдың 30-40 жылдарынан бас-тап, Кеңес үкіметі кезінде көптеген ұлттар мен ұлыстарды түрлі себептермен қазақ жеріне жаппай жер аударғандығы тарихтан белгілі. Мәселен, 1936 жылы Украина мен Польшадан бір ғана Қарағанды облысына мыңдаған немістер мен поляк отбасылары жер аударылды. Ал, 1937 жылы елімізге кәрістерді әкеліп қоныстандырды. Жаппай жер аудару соғыс жылдары да тоқтаған жоқ. 1943-1944 жылы қалмақтарды, шешендерді, ингуштарды, еврейлерді, Қырымда тұратын татарларды, гректерді, армяндарды, болгарларды құтты мекенінен айырып, қазақ жеріне күштеп көшірді. Бір сөзбен айтқанда, «сатқын», «халық жаулары» саналған көптеген ұлт өкілдері қазақ жерінен пана тапты.
Ежелден қонақжайлығымен, бауырмалдығымен танылған қазақтар тағдыры қиын жағдайға тап болған көптеген халықтарды жатсынбай бауырына басып, жарты нанын бөліп беріп, үйлерін паналатты. Атақоныстан жат жерге жер ауып келген жандар қазақтар тарапынан қамқор бауыр тапты. Елімізде тұратын көптеген ұлттар қазақ халқының дархандығы үшін, қиын кездерде қол ұшын созған кеңпейілділігі үшін алғыстарын айтады.
Ұлы даламыздың дана биі Бәйдібек бабамыз: «Керуенбасы мықты болса, түйесі азбайды, қолбасы мықты болса, сарбазы тозбайды» – деген екен. Сол сияқты қиын-қыстау кезеңде елді ертеңгі күнге үлкен сеніммен бастап келе жатқан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстандағы барлық этностық топтарға ұлттық мәселелерде, әсіресе, ана тілдерін, салт-дәстүрлерін үйренуде, қолдануда еркіндік беруі – бүкіл дүние жүзіне егемен елімізді ынтымағы мен ырысы, берекесі мен бірлігі жарасқан мемлекет ретінде танытты.
Атаулы мерекеде ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең құнды байлығымыз!
Алғыс айту күні сол мемлекетте тұратын ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін, ортақ мақсатқа құлшындыратын идеологиялық тәсіл ретінде әлем тарихында бұрын да қолданылып келген. Мәселен, АҚШ және Канада халықтары Алғыс айту (Thanksgiving Day) күнін қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде атап өтеді екен. Атаулы күн алғаш рет 1621 жылы ағылшындық отаршылдардың бастамасымен тойланған. Қыс мезгілі өте ауыр болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан, губернатор Уильям Брэдфорд қол астындағылардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Айналадағы басқа да көршілер бұл дәстүрді жылы қабылдап, қаһарлы қысты аман-есен өткереді. Рақмет айту күнінің басты нышандарының бірі – түйетауық. Себебі, ағылшындық колонистер мерекені алғаш тойлағанда орманда атылған төрт түйетауықтың етінен дастархан жасап, сонымен атап өткен екен. Кейіннен яғни, 1789 жылы Джордж Вашингтон Рақмет айту күнін «Ұлттық мереке» деп жариялаған. Бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастархан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар жасайды. Қаладағы метроларда ерекше үстелдер орнатылып, адамдар ақша, азық-түліктерін қайырымдылыққа әкеліп қояды.
Біздің еліміздегі Алғыс айту күні де адамдарды ортақ Отанымызды сүюге, тіліне, ұлтына, дініне қарамастан барша азаматтардың тату-тәтті тұрып, бірін-бірі сыйлауға, ортақ мүдде үшін күш жұмылдыруға үндейтін ұлық мерекелеріміздің біріне айналуда.
Досжан ӘМІРОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар