Жақия мешітін кім салдырған?

Бұрын Науан хазіреттің есімімен аталып, бірер жыл бұрын Жақия қажы мешіті деп өзгертілген Көкшетаудағы мұсылман мешітін кім, қашан салдырғаны белгісіз. Мен осы жайында мешіттің бұрынғы имамы Қанат Қыдырминмен сөйлескен едім. Мешітті кім салдырғаны жөнінде ешқандай да құжат сақталмапты.

Осы орайда, ел аузында айтылып жүрген көне мешітті Науан хазірет салдырыпты деген сөз қаншалықты шындыққа жанасымды? Бұл мәселеге қатысты өткен жылы қалада тұратын жасы 84-тегі Роза (шын есімі Ризада) Ғаббасқызы деген кісімен танысып, сөйлескен едім.
– Руым Қарауыл ішіндегі Жақсылықтан тараймыз. Әкем Ғаббас ұзақ жылдар білім саласында еңбек етті. Өзім де Алматының ҚазПИ-ін бітіріп, химия пәнінен зейнет демалысына шыққанша сабақ бердім, – дейді Роза Ғаббасқызы. Балалық, жастық шағы Отан соғысының және соғыс зардабын қалпына келтіру жылдарына тура келген ол өмірде көп қиындық көріпті. Бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ардақты ана, асыл әже. Ол кісінің айтуынша, нағашы атасы Нұртаза Шаймұрат діни оқу оқыған, біраз жыл Сауд Арабиясында дін қызметін атқарған көкірек көзі ашық адам болыпты. Ол кісі Роза Ғаббасқызы төрт жасқа келгенде 1938 жылы 82 жасында қайтыс болған. Сонда оның туған кезеңі 1856 жыл болады.
Нағашы атасы Арабиядан келген соң Көкшетауда молдалық құрады. Бұл кеңес үкіметі орнамаған, дін қызметкерлері еркін жүріп-тұратын уақыт екен. Содан ол қазіргі Жақия мешіті тұрған жерден үй сатып алып, ескі үйді бұзып, өз ақшасына үлкен мешіт салдырады. Роза Ғаббасқызының сөздерінен түсінгенім, мешітті нағашы атасы қырықтан енді асқан күш-қуаты бойында болған кезінде салдырған. Болжамдап қарайтын болсақ, бұны шамамен 1900-1905 жылдар деуге болады. Мешіт кеңес үкіметі тұсында әртүрлі мақсаттар үшін пайдаланылды. 1946-1949 жылдары Көкшетау педучилищесінің жатақханасы болса, кейінірек қалалық кітапханаға айналды.
Менің есімде қалғаны 1940-шы жылдардың соңында бүгінгі Абай көшесінің бойында шағын балшықтан жасалған сырты дуалмен қоршалған мешіт болатын. Бұл мешітті Науан хазірет салдырыпты дейтін жұрт. Кейінірек ол үй құлап қалды.
Есімі елге танымал үлкен дін қайраткері Науан хазіретпен қатар өмір сүрген, Сауд Арабиясынан білім алған, көп жылдар Көкшетауда молдалық құрған, өз қаржысына бүгінгі Жақия қажы мешітін салдырған Нұртаза Шаймұраттың есімі елеусіз қалуы тарихқа жасалған қиянат деп білемін. Жақия қажы кейінірек сол мешіттің имамы болды. Роза Ғаббасқызы ертеректе осы мешітке оны салдырған нағашы атасының есімін беру туралы ұсыныс айтқан екен. Бірақ, ол ұсыныс елеусіз қалған. Бүгінде қаланың орталық мешіті болып отырған осындай үлкен мешітті салдырған адамды ескерусіз қалдыруға бола ма? Сондықтан, дін басындағы азаматтар «бұл мешітті мына уақытта дін қайраткері Нұртаза Шаймұрат салдырған еді» деген мазмұнда тақташа жаздырып, Жақия мешітінің қабырғасына ма, кіре беріс қоршауға ма қойса, оның есімін ел есінде сақтау шарасын жасаса дұрыс болар еді. Тарихқа қиянат жасауға болмайды.
Бекболат СӘДУАҚАСОВ,
прокуратура саласының ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар