ҚОНАҚ КЕЛДІ – ҚҰТ КЕЛДІ

Алладан жетіп, барша пайғамбарлар насихаттап, ақырғы Елші Мұхаммед пайғамбарымыз толықтап, бекіткен Ислам – мейірім мен рахым, кеңпейілдік пен құрметтің діні. Ислам – мұсылмандарды адамдарға тек мұсылман болғаны үшін ғана емес, Адам атаның ұрпағы болғаны үшін де құрмет етуге шақырады. Әрбір адамның құрметке лайықты өз орны мен дәрежесі бар. Адамдар арасында үлкендерге құрмет көрсету ләзім болса, олардың ішінде ата-анамыз аса құрметке лайық. Барша адамдар құрметті десек, олардың ішінде туыстық, бауырлық, көршілік жақындығына қарай дәрежелері бар.

Мұсылман баласы үшін ең қадірлі де сияпатқа лайықты болған кісілер бірі үйге немесе елге келген меймандар. Шариғатымыз қонақкәдеге аса зор көңіл бөлген. Оның әдептерін белгілеп, сауаптарын саралап қойған. Қонақты күтіп, құрметтеудің екі дүниемізге пайдасы бар екендігін хадистерден де байқауға болады.
Қонақты құрметтеу – қазаққа таңсық амал емес. Қонақжайлықты басқалар қазақтан үйренері болмаса, қазаққа басқалардың үйрете алмасы анық десек артық айтқан болмас. Атадан балаға жалғасқан қонақ күту әдебі мен дәстүрлері, салт-жоралғылары Құранның құзырынан, сүннеттің сүрлеуінен шыққан емес. Қонақ күту туралы нақыл сөздер мен мақал-мәтел, шайырлар сөзі дініміздің әдептерімен астасып жатады.
Шариғатта қонақ күту әдептеріне жататын әрекеттерді атап өтсек, төмендегідей:
• Қонақтың келгеніне қуаныш білдіру;
• Жылы жүзбен алдынан шыға қарсы алып, кешіктірмей үйге кіргізу;
• Үйден ең құрметті орны төрден орын беріп, ең жақсы асты тарту;
• Жақсы сөздер, пайдалы әңгімелер айтып, сөзге тарту, әңгімесін тыңдау;
• Отбасы мүшелері жылы шырай, жайлы қабақ таныту;
• Қонақтың ұялатын, намысына тиетін сөздерден аулақ болу;
• Асты қысылмай жейтіндей жағдай жасау, қызықтыру және алдыртып отыру.
Пайғамбарымыз Мұхаммед саллалаһу аләйһи уә сәлләм бір өсиетінде: «Кім өзінің қонағына сый-құрмет көрсететін болса, жетпіс пайғамбарға құрмет көрсеткендей болады. Кім қонағына бір дирхам ақшасын жұмсайтын болса, Алла жолында мың дирхам жұмсағандай болады» деген екен.
Осыны білген халқымыз қонақ келсе үлкен-кішісіне, ерте-кешіне, ер-әйеліне, ұлты мен дініне қарамастан қуанышпен қарсы алып, барын алдына тосқан. Қонақтың жайын жасап, күтіп баптап, шығарып салғанға дейін де келген себебі мен бұйымтайын сұрамаған.
Үйге жылан кірсе де ақ құйып шығарып салуды өсиет еткен бабаларымыздан қалған сара жол, кейінгілерге өнеге болып, қазақ шаңырақтарында әлі күнге дейін сақталып қалды. Қонақжай адамның досы да, туысы да, жанашыры да көп болатыны сияқты, өзі бір жерге сапарлап шықса, түсетін үйі де болатыны ақиқат. Қонақжайлық ақкөңілділіктің, ықыластылықтың, жомарттықтың, көркем мінезділіктің және тектіліктің белгісі. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, көрегенділіктің, тәрбиеліктің нышаны.
Қонақ келсе жалғыз атын союдан та-
йынбайтын қазақты Алланың досы хазреті Ибраһим Халилулламен салыстыруға болады. Ибраһим аләйһис-сәләм қонақсыз дастархан басына отыра алмайтын кісі болған екен. Кісі келмесе өзі іздеп болса да қонақ күткенді жақсы көріпті. Құранда Ибраһим пайғамбарға келген екі періште туралы баяндалған аятта Ибраһимге (а.с) кісі кейпінде келген періштелерді танымай жалғыз бұзауын сойып тас-
тап, олардың алдарына тартқандығы айтылған. Меймандарының ештеңе жемей отырғанын көріп, секемденгенін сезген періштелер оған Исмаил (а.с) атты қадірлі пайғамбар болатын ұлмен сүйіншілеуге келген Алланың хабаршылары екенін жеткізді. Осы аяттан Ибраһим пайғамбардың қонақжайлығының қандай дәрежеде болғанын байқауға болады.
Пайғамбар Ибраһим келген қонағының кім екендігін, неге келгендігін, ас ішерін не ішпесін сұраған жоқ. Жалғыз малын құрбан етті, барын меймандардың алдына тосты. Бұл да қазақтың діліне жүз пайыз сай мінез емес пе?! Келген қонақтың ұлты мен дінінің қандай екеніне қарамастан қонақжайлыққа сай сый-сияпат жасауды Алланың өзі Ибраһимге үйретіп, біздерге үлгі еткен.
Бір күні Ибраһим пайғамбардың есігіне бір мүшрік (отқа табынушы) қарт кісі келіп, қонып-түстеніп кетуге рұқсат сұрады. Ибраһим пайғамбар болса: «Сен отқа табынатын адамсың, сені қалай үйіме кіргіземін, жалған дініңнен бас тартпайынша табалдырығымнан аттатпаймын» деп қайтарып жіберді. Содан кейін Алладан Ибраһим пайғамбарға аян келді: «Әй Ибраһим! Құдайы қонақ болып келген кәрі кісіні иман келтірмегені үшін үйіңе кіргізбедің бе? Бір түнетіп, қонақ етсең, ол саған зиян келтірмес еді. Ал, біз болсақ оның күпірлігіне қарамастан оған жетпіс жыл ризық беріп келеміз» деді. Әлемдердің әміршісі Алланың өзінен естіген бұл ескертуінен кейін қалай қателескенін білген Ибраһим пайғамбар таң атар атпастан жолға шығып, шарқ ұрып іздеп жүріп, сол шалды тауып алады. Оны ізінен қалмай, жалына жүріп, үйіне қонаққа шақырады. Сонда ол: «Саған не болды Ибраһим! Кеше мені өзің қуып шығып, бүгін қонақ бол деп жалынасың, аяқастынан бұлай өзгеруіңнің сыры неде?» деп сұрады. Ибраһим Халилуллаһ болған жайтты айтып бергенде, қария: «Менің күпірлігіме қарамастан Раббым маған мейірімді екен» деп, көзіне жас алып, Ибраһимге қолын созып тұрып: «Мен, бір Алладан басқа құлшылыққа лайықты тәңірдің жоқ екендігіне және сенің Алланың елшісі әрі құлы екеніңе куәлік етемін» деп иманға келген екен. Міне, Алланың досы бір рет қонақтың бетін қайтарып, Раббысынан сөгіс алса, қонақжайлылығымен бір адамның иманға келуіне себеп болды.
Жақсылықтан, берекеден, Алланың мейірі мен шапағатынан үміт еткен мұсылман, ата-баба жолын қастерлеген әрбір қазақ қонақжай болуы міндетті. Сонда ғана сараңдық пен іштарлықтан, берекесіздік пен қиындықтардан құтылуына үміт ете алады. Ардақты Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уә сәлләмнің «Қонағын лайықты құрметпен қарсы алмаған адам, жақсылыққа үміт етпесін» деген сөзін амалға асырған сахабалар көп болды. Солардың бірі Әбу Тәлха мен әйелі Умм Сүләймнің оқиғасы Ислам тарихындағы қонақжайлықтың ұлы үлгісі болды. Үйлеріне келген қонақты аз ғана аспен тойғызу үшін, өздері бала-шағасымен азыққа жарымай отырса да, тамақ жеген сыңай танытып, қараңғылау бөлмеде қонақтың ұялмай тойып жеуіне жағдай жасаған олар Алланың және оның елшісінің мақтауына лайық болды.
Несібе мен ризық Алладан, оның себебі жомарттық пен қонақжайлықтан екенін білген аталарымыз:
Кісі көрсең есікке,
Жүгіре шық, кешікпе,
Қарсы алмасаң мейманды
Кесір болар нәсіпке! – (Үмбетей) деп жырлаған екен.
Көппен бірге жеген ас, берекелілігімен қатар, тіпті шипалы да болуы мүмкін. Қонақтың дұғасының қабыл болуынан үміт еткен халқымыз, астан соң бата сұрау үрдісін баяғыдан әдетке айналдырған. Қонақтың үй иесіне бата беруі Пайғамбарымыздан қалған сүннет. Алланың елшісі ас берген үйдің қожайынына дұға қылатын еді.
Қонағының еріп келген итіне де сүйек тастайтын қазақтың келгендердің көптігіне налымай мейманына иіліп – төсек, жайылып – жастық болуы Аллаға ең ұнамды ісі.
Қонақ келсе – құт, алмағын тынышын,
Тойсын аты – бер жем-шөбін, сұлысын… (М.Қашқари).
Қазақта «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес» деген нақыл бар, сондықтан да қонақты тойдыратын, көңілін жай қылатын берген ас-суың ғана емес, кең көңіл, ашық қабақ, жылы шырай асыңның аздығын, төріңнің тарлығын білдіртпейді. Бірақ, қонақжайлық деген осы екен деп, аса шашылып-төгіліп, жұрттан аспақ ниетпен қарыздануға дейін барып ысырапшылық жасау, шектен шығу да болмауы тиіс. Әркім өз хал-қадірі келгенше қонақжайлық еткені дұрыс. Ысырапшылдық діннің қағидасына, Пайғамбарымыздың сүннетіне томпақ келеді. Алланың Елшісі саллаллаһу аләйһи уә сәлләм Сәлмән Фарисиден жеткен бір өсиетінде: «Біз қонаққа сый жасауда шектен шыға шашылмаймыз. Сондай-ақ, Раббымыздың бізге бергенінен қонаққа таршылық та етпейміз» деп шектен шықпай, орта жолды ұстануға кеңес береді.
«Адамнан пейіл – Алладан мейір» демекші, кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына мінезіне сай кең байтақ, асты мен үсті байлыққа толы Ұлы даланы мекен етуге нәсіп еткен Аллаға «Әлхамдулилләһ» сансыз шүкірлер мен мақтаулар айтайық. Иншә Аллаһ, иманымызға берік, дінімізге мығым, елімізге адал болсақ бірлігіміз беки түспек. Пейіліміз тарылмаса, қонақжай салтымыз жойылмаса, ата-дәстүрімізді құрмет тұтсақ керегеміз кеңіп, шаңырағымыз шайқалмайды.
Алла баршамыздың шаңырағымызға құт-береке дарытсын! Әмин.

Серік ХАЛЫҚОВ,
Жақия қажы мешітінің бас имамы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар