ТУҒАН ӨЛКЕНІҢ ҚАСИЕТТІ КЕЛБЕТІ

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халық арасында үлкен серпіліс туғызды. Бұл мемлекетіміздің әрбір саналы азаматы үшін, әсіресе, ертеңгі болашақты қолына алар жас ұрпақ үшін аса маңызды бағыт, қолынан түсірмей ұстап жүрер бағдарлама рөлін атқаруы тиіс. Осы орайда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Президентіміздің «Рухани жаңғыру» аясындағы жарқын бастамаларын қолдап, үлкен іс-шаралар ұйымдастырды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ең бір өзекті, мемлекеттік маңызы зор сала ретінде елімізге латын әліпбиі жүйесін неғұрлым тез арада қолданысқа енгізілуін атап өткені белгілі. Осы ауқымды шараға бірден үн қатқан, мемлекеттік маңызы зор бастаманы іске асыруды қолға алған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау оқу ордасы болды. Осыған орай, университетте латын әліпбиіне қатысты «Әліпби – ұлт болашағының негізі» деп аталатын дөңгелек үстел, сонымен бірге, «Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми әдістемелік конференция, «Мемлекеттік тіл реформасы – латын әліпбиі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізілді.
Бұл шараларға шетелдік және қазақстандық танымал ғалымдар, атап айтсақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру әдістемелік орталығының директоры Е.Е.Тілешов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ж.А.Жақыпов, мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Б.С.Қапалбек, өзбек әлем тілдері мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы М.Ж.Жүсіпов және көкшелік ғалымдар Қ.Қ.Әбуов, Б.Шалабай, С.Н.Жәмбек, А.А.Сейітқасымов, Қ.Т.Базаров, О.А.Анищенко, Ғ.М.Төлепбергеновтер қатысып, латын әліпбиі аясында өз ойларымен бөлісіп, баяндамалар жасады. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ғалымдары осы оқу орны шаңырағында қозғалған мәселелерге орай Ақмола облыстық форумына, «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өткен бірқатар қалалық және облыстық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады.
Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде университет арнайы шақырған ҚР ҰҒА академиктері Е.Б.Сыздықов, Б.Көмеков, Р.Берсімбаев, А.Башмако, С.Негимовтардың және университет ғалымдарының қатысуымен «Туған жер: зерде және зерттеу» атты ғылыми конференция, көрнекті тұлға, ғылым және қоғам қайраткері Т.Кәкішевтің 90 жылдығына арналған «Профессор Т.Кәкішұлы және рухани мұра мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шалабай Бердібайдың 70 жылдық мерейтойы мен ғылыми-педагогикалық қызметінің 45 жылдығына арналған «Қазақ тіл білімнің өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-педагогикалық конференциясы, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Т.О.Әубәкіровпен кездесулер университеттің бұл бағыттағы жұмыс ауқымын кеңейте түсті.
Сондай-ақ, Ақмола облысының әкімі М.К.Мырзалинмен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.А.Қазбековамен кездесулерде Президентіміздің «Рухани жаңғыру» аясындағы көтерген мәселелері жан-жақты қозғалып, талқыланды. Университет шаңырағында өткізілген тағы бір үлкен шара Ақмола облыстық сотының төрағасы Д.С.Әміров, ҚР Жоғарғы сотының судьясы, Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі, профессор А.Ж.Құрықбаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары А.Е.Мысырәлімованың қатысуымен Ақмола облыстық сотымен бірлесе отырып ұйымдастырылған «Қазақ даласының билер соты – Егеменді еліміздің сот-құқықтық жүйесінің негізі» ғылыми-тәжірибелік конференциясының өткізілуі болды.
Президентіміздің «Туған жер» бағдарламасы жастарымыздың ұлттық мәдениет пен дәстүрді, еліміздің тарихын сүйіп, қадір тұтуына, олардың патриоттық сезімін арттыру үшін аймақтарда өлке тарихын кеңінен насихаттауға, елге танымал тұлғаларымызды қадірлеп, өлке тарихын зерттеп, зерделеуге бағытталған болатын. Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Қ.Қ.Әбуов, А.А.Сейітқасымов, А.Ы.Есмағұлов, С.Н.Жәмбек, Қ.Т. Базаров, Ғ.М.Төлепбергенов сынды профессор-оқытушы құрамы мен университеттің хатшысы А.Қ.Қожабаевтан тұратын жұмыс тобы құрылды.
Ағымдағы жылдың басынан бері экспедиция мүшелері Ақмола облысына қарасты Бурабай, Еңбекшілдер, Бұланды, Ерейментау, Қорғалжын, Зеренді және Сандықтау аудандарының мәдени-тарихи киелі де қасиетті жерлерінде болып, бірқатар ғылыми жұмыстар жүргізіп қайтты. Осы сапарларға жекелеп тоқталатын болсақ, экспедиция мүшелерінің зор ауқымды істер тындырғандарына қаныға түсер едік.
Атап айтар болсақ, экспедиция мүшелері Ерейментау өңіріндегі ертедегі Сақ дәуірінің қорғандары мен түркі бабаларымыздан қалған «Қос батыр» балбал тастары, «Қарағайлы» ескерткіштері, «Қазақтың қамал қорғаны» атанған Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр, Үмбетей жырау, Саққұлақ би, Олжабай батыр, Құлболды батыр, Шоң би, Едіге би, Шорман би, Иманжүсіп, Сәкен халфе өмір сүрген тарихи жерлерде болып, олар туралы мәліметтер жинады. Сондай-ақ, «Туған жер» бағдарламасы аясында Бурабай ауданы өңірін аралап, Қатаркөл елді мекенінде қоғам қайраткері Ә.Досов атындағы орта мектеп мұражайында болып, көп құнды деректер жинап қайтты. Абылай ханның мұражайы, Абылайдың хан тағы және орда алаңына барып, көптеген құнды деректер жинады. Көкшетау төңірегіндегі қай аудан, қай өңір болсын, тарихқа тұнып тұрғаны белгілі. Әлі зерттеу күтіп тұрған қаншама өлкелеріміз бар. Президентіміздің үлкен толғаныспен жазылған, әсіресе, көкірегі ояу ортаға көп ой салған «Туған жер» бағдарламасы осы ел-жұртының көкейінде жүрген аса маңызды мәселелерге жол нұсқағандай болды.
Экспедиция мүшелері Сандықтау ауданына сапарында әлі жалпы ғылыми ортаға белгісіздей болып келе жатқан көптеген тарихи жерлерді аралап, тың деректер жинастырды. Сандықтау ауданындағы Новоникольск, Лесной және Каменка кеңшары жанындағы қорымдар мен мәдени-тарихи жерлердегі аттары әйгілі Арлан, Шәмей, Кенжебай сынды қазақ батырларының басында болды. Осындағы Каменка орта мектебіндегі мұражай жәдігерлерімен танысты. Сандықтау өңіріндегі Жабайы, Сарқырама, Жыланды, Қылшақты өзендері алқаптарындағы қола және орта темір дәуірінен қалған қорымдарды зерттеді. Сондай-ақ, өңіріміздің тағы бір тарихи аймағы бұрынғы Еңбекшілдер, қазіргі Біржан сал ауданында да болып, көп мағлұматтарға кездесті. Атақты өнерпаз қазақтың сал серілік дәстүрінің үлкен өкілі Біржан салдың зират басында болды. Экспедиция мүшелері белгілі алаш қайраткері Шәрәпи Әлжановтың есімі берілген Сәуле орта мектебінде, Құдықағаш ауылы орта мектебіндегі атақты композитор, әнші Рамазан Елебаев мұражайымен танысты. Қоғам ауылындағы орта мектептің қоғам қайраткері Шәймерден Қосшығұлов есімі берілген мұражайында болды. Осы сапарлар негізінде экспедиция құрамына кірген ғалымдар аса құнды мағлұматтар жинап, болашақ зерттеу шараларын жоспарлап қайтты. Жұмыс тобы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи мұра тізіміне енгізілген Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында, сол өңірдегі «Қаныкей», «Жәнібек – Шалқар», «Ботағай» кесенесі (ХІ-ХІІ ғ.) сияқты тарихи жерлерді аралап, сол өлкеде өмір сүрген ән кейіпкерлері Дудар Дүйсен, Мәриям Жагөрқызы, Үлебай ақынның кесенелерін зерттеп қайтты. Жинақталған тарихи деректер ғылыми материалдар топтамаларына енгізілді.
Көкшетау аймағындағы мақтан тұтар өңіріміздің бірі – Зеренді ауданы. Мұнда экспедиция құрамы Уәли ханның мазарында, Кенесары ханның ақылгөй кеңесшісі Әулие көмекей Бөгенбай бидің кесенесі мен Ақан сері жырлаған Балқадиша ескерткіштері орнатылған киелі жерлерде болып, соған қатысты жинақталған бірқатар мағлұматтары негізінде аудандағы киелі жерлер тізімі жасалды. Экспедиция барысында жиналған барлық құнды деректер «Рухани жаңғыру» орталығына тапсырылды. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ғалымдарының осы «Туған жер» бағдарламасының іс-шаралары Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде аталмыш оқу ордасының «Ата қоныс, ақ бесігім күміс көлі толқыған, қасиетті Қорғалжыным, құт мекенім шалқыған!» атты мақаласында егжей-тегжейлі баяндалды. Мұндағы басты мақсат – арнайы құрылған жұмыс тобының негізгі мақсаты – мәдени-тарихи мекендер мен ғимараттарды, ондағы кешендердің жай-жапсарын бағдарлау, тарихи тұлғаларды таныту шараларының барысын бағдарлап, атқарылар іс-шаралар жобасын белгілеу, білім беру саласындағы ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу, жергілікті және республикалық деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру.
Міне, осы жайлардың бәрі Ақмола облысы өңірлерінің тарихқа тұнып тұрғандығын, әлі талай ғылыми-зерттеулерге өзек болатындығының айғағы.

Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар