Алдағы міндеттер сараланды

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин кезекті аппарат кеңесін өткізіп, «Бизнестің жол картасы» аясында 2018-2020 жылдары облыста туризмді дамыту, жаңа оқу жылына дайындық, алдағы күзгі-қысқы жылу беру маусымына әзірлік мәселелерін қарастырды.

Аппарат кеңесінде облыс әкімі М.К.Мырзалин өз өкімімен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалған Әсет Қайратұлы Бүкібаевты таныстырды. Әсет Бүкібаев Ақмола облысының Есіл қаласында дүниеге келген. Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген. 2003-2011 жылдар аралығында Көкшетау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінде қызмет істеді. 2011 жылдан бастап облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Соңғы тағайындауға дейін ол облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары болып істеді.
Бұдан кейін облыстық туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятов Жол картасы бағдарламасы аясындағы 2018-2020 жылдардағы Ақмола облысында туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазов хабарлама жасап, алдын ала болжам бойынша биылғы жылдың 1 қыркүйегінде оқушылар саны 120,2 мың, оның ішінде бірінші сыныпқа баратын балалар саны 14,2 мың болатынын мәлімдеді. 2018-2019 оқу жылы қарсаңында Біржан сал, Сандықтау, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласында бір мектептен, барлығы 4 мектеп пайдалануға берілмекші. Сонымен бірге, 9 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады.
Өңір басшысы аудан және қала әкімдеріне 25 тамызға дейін мектеп нысандарын жаңа оқу жылына дайындауды, оның ішінде жөндеу жұмыстары мен балаларды оқулықтармен, ыстық тамақпен қамтамасыз етуді толық аяқтау жөнінде тапсырма берді.
Сондай-ақ, жылу беру маусымына дайындық барысында облыс әкімінің орынбасарлары Василий Крылов пен Қанат Ыдырысовқа қатты отынмен қамтамасыз ету, уақытында сатып алу жұмыстарын өз бақылауларында ұстауды тапсырды және В.Крыловқа Есіл ауданы әкімімен бірге Есіл қаласында салынып жатқан қазандықтың белгіленген уақытында пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді жүктеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар