Бұлт басады көңілімнің аспанын

Көкшетау қаласының әкімі Жомарт Мирасұлы Нұрғалиевтің мезгілсіз қазасына орай айтылған бір ауыз көңіл сөзі

Сол түні, яғни, қазанның 30-ы күні Көкшетаудан суық хабар келді.

Жомарт Мирасұлы Нұрғалиев, Көкшетау қаласының әкімі кенеттен дүниеден озыпты… Қазір қайра-қайра қалта телефоныма қарасам, сол күні таңертеңгі 8 сағат 57 минутта хабарласып, өзінің бір ауыз жылы сөзін айтып, «аға, мен сізді қадірлеймін. Құшағыма аламын», – дегені көңілімнің түпкірінде сақталып қалды. Міне, өмір дегеніңіз көзді ашып жұмғанша деген осы екен-ау! Тіршіліктің қадыры мен өмірдің мәнін ұғар болсақ, адам өмірінің ұзақтығы сол кірпік қағарлық ғана ғұмыр болар, бәлкім!
Сол кірпік қағар ғұмырында өз елі мен халқына адал қызмет ете білген
Жомарт Мирасұлы Нұрғалиев Қостанай топырағының тумасы болса да, Көкшетауға әкім болған айналасы бір төрт-бес айдың аралығында Көкшенің де өз туған перзентіндей адал көңілімен еңбек етті. Бұған қалың ел куә. Түр-тұлғасы жарасымды Жомарт бауыр қалың біткен ақ шашты басымен, ойлы жанарымен, сабырлы қалпымен, артық-ауыс сөзі жоқ ұстамдылығымен, мінезінің жомарттығымен, қарапайымдылығымен, ақырын жүріп анық басар ақыл парасаттылығымен ең әуелі өзінің тектілігін, салиқалығын, тәрбиелі ортадан шыққандығын аңдататын.
Ал, іскерлігі бөлек әңгіме. Жасынан еңбекпен пісіп, істің мәні мен жайына әбден қанығып өскен Жомарт Мирасұлы бітпей жатқан шаруасы көп Көкшетаудың сол шаруасын бірден дөңгелетіп ала жөнеліп, біз соған сүйсінген едік. Қазір Көкшетауға жарасым беріп тұрған «Келісім сарайы» деп жүрген ғимараттың маңайын көркейтуге келгенде ол өзінің талғамының да биік екендігін анық танытты. Ақмола облысының әкімі С.В.Кулагин екеуі тыным көрмей жүріп, Көкшетаудың «Жеңіс» аллеясын да өзіндік бір үлгімен жаңартуды да қолға алып, сол істің басы мен қасында күні-түні, демалыс күндері де жүрерін де көз көрді. Бұған қоса, Көкшетаудың көп көшелері мен бұрылыстары мен қалтарыстарын да жөндеу, өндірісі мен құрылысын жандандыру, шаһардың жылуы мен суын реттеу, болашағын қамдау сияқты қым-қуыт істердің барлығында да қала әкімі Жомарт Нұрғалиев жан сақтап отырған жоқ, осы шаруалардың орайын келтіру үшін тыным таппады. Ең бастысы, Көкшенің қалың елімен бірден араласып, сол елдің төл перзентіндей болып кеткендігін ерекше бір риясыз көңілмен айтар едік. Көкшетаудың үлкенін де, кішісін де адал көңілімен сыйлай білді. Небір жиындар мен өтіп жатар түрлі шаралардың бел ортасында жүрді. Әсіресе, мешіт маңындағы өтіп жатар істерден де шет қалмай, ел үлкендерінің баталарын да алып жүргендігіне де куәміз.
Енді міне, айналайын, сол Жомарт жоқ арамызда. Мәңгілік сапарына аттанып кете барды. Жүрек шіркін, өз соғуын тоқтатқан сәттен бастап, ол өзінің жарқын бейнесімен Көкшетау халқының жүрегінде қалды.
Жомарттан Көкше елінде із қалды, іс қалды. Көкшетаудың қалың елін қалың қайғыға батырып, сол қалың елінің жанын жабырқатып, арыстай азамат ақ кебінге оранып, көңілдің мұң басқан, дүниенің бұлт басқан аспанымен өз туған жері Қостанай асты. Өз елі мен ағайын, бауыр туыстарын, ғазиз анасы мен аяулы жары мен балаларын зарға бөлеп, туған жерінің топырағын жамылып кете барған Жомарт та енді бізге мәңгілік дүниенің қимас қамалынан үн қатар. Көкшетаудың көңілі өзіңді қимайды, Жомарт бауыр! Сол қимас көңілдің «қош бол, ардақты азаматым» деген бір ауыз сөзін жанымыз күйзеле отырып айтамыз да, топырағың торқа болсын, жаратқан иеміз иман байлығы мен қайыр жақсылығын берсін дейміз.
Шіркін, қамшының сабындай қысқа ғұмыр-ай! Кімге опа берген дейсіз бұл дүние!..
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар