Мамандардың жауабымен шектеледі

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде қаралған бірқатар өзекті мәселелер өңірде  елді мекендерді көркейту, құрылыс нысандарын жобалау, сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағым, өтініштерімен жұмыс істеу барысында біраз олқылықтардың барын аңғартты.

Облыс әкімі алдымен, мәжіліске қатысқандарға өзінің жаңадан тағайындаған орынбасары Дулат Нұрахметұлы Нұрмолдинді таныстырды. Оның осыған дейін облыстық салық департаментінің басшысы қызметін абыроймен атқарғаны айтылды.
Бұдан кейін облыс басшысы мәжіліске қатысқан департаменттер, басқармалар және ведомстволар басшыларына  жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен арыз-шағым, өтініштерге байыппен қарап, нақты жауап беру қажеттігін атап өтті. Облыс әкімінің келтірген мәліметтеріне қарағанда, кейбір басшылар өздерінің атына  жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен хаттарға қарамағындағы мамандардың жауабымен ғана шектеліп отырған жайы бар. Аудан және қала әкімдігінде де осындай жағдай байқалады.
Осы орайда, облыс әкімі тұрғындардың кез-келген хатына жауап бермес бұрын онда айтылған сауалдарды тыңғылықты зерттеп, анықтап барып қана нақты жауап беру керектігін қадап айтты.
Бұдан кейін күн тәртібі бойынша облыс әкімінің Қорғалжын және Егіндікөл аудандарына жұмыс сапарының қорытындысы және 2014-2016 жылдарға арналған жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу мәселелері қаралды. Облыс аудандарын жиі аралап, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы атқаратын жұмыстарын өз бақылауында ұстап отырған Сергей Кулагин әлі де көп істердің көңілге қона қоймайтындығына қынжылыс білдірді. Осы орайда, жыл соңына дейін барлық аудандарға іссапарға шығатынын жеткізді.
Екінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы
Бауыржан Мәлғаждаров, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Александр Мартыненко, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дмитрий Петько және «Мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының директоры Серік Иманбаевтың өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында есептері тыңдалды.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаровтың сөзіне қарағанда, өңірде ағымдағы жылы 501,9 миллион теңгеге бағаланған 67 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу көзделген. Оның ішінде білім саласында 44,3 миллион теңгенің 11 жобалық-сметалық құжаттамасы, денсаулық сақтау саласында 35,7 миллион теңгенің 10  және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында 347,5 миллион теңгенің 32 жобалық-сметалық құжаттамасы бар.
Осы орайда, облыс басшысы жобаны қолға алмас бұрын оны зерттеп, мердігерлердің шама-шарқына қарап барып тендер өткізу керектігін алға тартты. Өйтпеген жағдайда бюджет қаржысы ысырап болып, жобаның жүзеге асырылмауына әкеп соғатынын ескертті.
Осы орайда, «Мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының директоры Серік Иманбаев ағымдағы жылдың он айында құны 73,189 миллиард теңгенің 467  жобалық сметалық құжаттамасы қаралғанын, оның 54,010 миллиард теңгесі бюджет есебінен қаржыландырып отырғанын жеткізді.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин жобалаушылардың жасаған жобалары мен берген қорытындылары өздерінің  тарапынан жиі өзгеріске ұшырап, мұның өзі құрылыстың сапасыз салынуы-на, артық қаржы жұмсалып, уақытында аяқталмауына әкеп соғатынын сынға алды. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар