Тағдыр тәлкегі

Қараңғы қапаста қолқаны қабар жағымсыз иістен тынысы тарылған Анар бүгін мазасыз күйде. Ойына әлдебір оқиғалар оралып, бақытты күндерін еске алды.

Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқыған ол білім ордасын экономист мамандығы бойынша үздік бітірді. Жұмысқа да ешкімнің көмегінсіз орналасты. Ауылдағы ата-анасы мен бауырларына қарайласып, барынша ақшалай көмек көрсетіп те тұрды. Құрылыс фирмасының қаржылық кіріс-шығысын ұршықша иірген Анардың жұмысына басшылық та дән разы еді. Аз уақыттан соң шетелдік құрылыс фирмаларымен бірге қоян-қолтық жұмыс істейтін құрылыс компаниясының бас есепшісі болып тағайындалған Анарға мол сенім де артылды. Күніне бірнеше тапсырыс алатын компанияның экономикалық көрсеткіші де қомақты еді. Аз уақыттың ішінде құрмет пен беделге ие болған жас маманның жұмысына өзгелер  қызыға да қызғана да қарайтын.
Күндердің күнінде оған сырттан ұсыныстар да көптеп түсетін болды. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, бұл кезде ол артылған тиын-тебенді қалтасына басуды біртіндеп әдетке айналдырып алған еді. Өйткені, құрылыс фирмасы мыңдап емес, миллиондап қаржы табатын. Сөйтіп, жүргенде  өмірдегі сыңарын кездестіріп, ақ босағадан аттады.
Ол сол күндері асқан бақытты еді. Өйткені, Серік екеуі көңілдері жарасқан жұп. Тұрмысқа шыққан соң  ол өзіне-өзі енді қайтып біреудің ала жібін аттамауға серт берген-ді. Бірақ, ауру қалса да әдет қалмайды екен. Тіпті, кесел болып жабысқандай. Алайда, оңай олжа орға жығуға таяу еді. Фирманың басшылығы есеп саласында бір шикіліктің барына барған сайын көзі жетіп еді. Өтіріктің арты бір-ақ тұтам. Компанияның қаржысына Анардың қол сұққаны анықталып, дүйім елге мәлім болды. Қолына кісен салынған жас келіншектің ендігі өмірі  қараңғы қапаспен шырмалды.
Байлық пен бақыттың базарында шалқыған қыз өмірінің бір күнде тас-талқаны шықты. Оның жүктілігіне де қарамастан сот 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Туған-туыстары мен достары, тіпті күйеуі Серік те одан сырт айналды. Бірер ай уақыт өткен соң ол басқа біреумен көңіл жарастырып, үйленіп те алды. Бұл соққының барлығы Анарды өмірден түңілтіп, қатты уайымға салды. Достарының сатқындығын айтпағанда, сүйіп қосылған күйеуінің өзінен сырт айналғанына қапаланды. Жұбайының сатқындығына күйінді. Оны жұбататыны ана атанатын күннің жақын қалуы еді. Темір торға тоғытылған келіншек сәбиінің болашағына алаңдады. Қараңғы қапаста қалай өмірге әкелмек, ертеңгі күні ол баланың тағдыры қалай болмақ? Анасымен түрмеде қалай өмір сүрмек? Ойы сан-саққа жүгірген Анарды осы мәселелер қатты толғандырды.
Әлі құрып, тағаты таусылған келіншек күн емес, сағат санаумен уақыт өткізді. Жиі дәрігерге көрінетін мүмкіндігі де болмады. Есігі құлыптаулы, тар әрі сыз, қараңғы бөлмеде өз істегеніне қатты опынды. Бірақ, қанша өкінгенмен, қолдан келер дәрмен жоқ.
Бұл күнде ер азаматтармен бірге қоғам өміріне белсене араласып жүрген нәзік жандылардың көтерер жүгі жеңіл емес. Бірақ, соңғы кезде әйел азаматшалардың әртүрлі қылмыс жасауы жиілеп кеткен тәрізді. Осы орайда, Анар сынды аяғын шалыс басқан талай тағдырлар жүр арамызда. Бұндай оқиғалардың орын алуына не себеп? Бұл кімнен, қалай жіберілген қателік? Заман мен қоғам өзгеріп, адамзаттың азғындауы асқына бастағанда әйел аналардың да түрлі қиындықтарға әлсіздік танытуы жығылғанға жұдырық демеске амалың жоқ.
 Қылмыс әлемінде аты шыққан қыз-келіншектеріміз қазақы тәрбиеге сызат түсіргендей. Десек те, бұл жалғанда себепсіз салдар болмайтынын естен шығармағанымыз жөн. Соңғы уақытта белең алып бара жатқан әйелдер арасындағы қылмысты анықтаумен бірге, оның алдын алуды да ойластырған жөн. Өйткені, әйел-ана отбасының, тіпті қоғамның ұйытқысы емес пе еді.
Міржақып Дулатов айтқандай, «бізді сүйетұғын, күйетұғын, әрқашан қамымызды ойлап жүретұғын абзал жанды адам, бұл – ана». Ендеше асыл аналарымыздың бәрі ұлт қамын ойлап, өздеріне тиесілі міндетті абыроймен атқарса дейсің. Ұлт тарихында инабаттылығымен танылған қазақ әйелдерінің қазіргі таңда ибалылықты ығыстырып, алаяқтыққа бой алдырып, қолына суық қару алып, қылмыс жасауы бүгінде көбейіп кетті. Қазіргі күні қылмыс түрлері де аз емес. Әсіресе, қасақана кісі өлтіру немесе жәбірлеу, жемқорлық, пара алушылық, зорлық-зомбылық, біреудің жеке мүлкін тартып алу сынды жат қылықтар жетіп артылады.
Мысалы, облыстық прокуратураның берген мәліметі бойынша әйел азаматшаларға қатысты биыл 438 іс қозғалған. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Өткен жылы ол 380 қыз-келіншекті құраған болатын. Тек соңғы алты айда ғана облыс бойынша 64 әйел темір торға тоғытылған. Бұл келтірілген деректер көңіл көншітерлік емес. Мына түрімен жыл соңына дейін әлі талай әйелдің қылмысының беті ашылып, кінәлілер жазасын тартатыны белгілі. Тағы бір айта кететіні, облыс соттарымен осы әйелдер арасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 21 адамның үстінен 14 қылмыстық іс қаралып, айыптау үкімдері шығарылған екен.
Бұл жақсы нышан емес. Тіпті, бұған бойымызды да үйретіп алғандаймыз. Қазіргі таңда арулар ерлермен тең құқылық саясатын керісінше түсініп отырғанға ұқсайды. Бірақ, қалай десек те, ер адам бас болса, әйел мойын екенін ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Осыны айтқанда, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Өйткені, бүгінде ұрпақ тәрбиелеп, өсірумен қатар, ел еңсесінің биік болуына аянбай өз үлесін қосып келе жатқан нәзік жандылар жетіп артылады. Өкініштісі  бес саусақ бірдей емес…
Бүгін де Анар мазасыз күйде. Денсаулығы да нашарлап барады. Тағы бір жазықсыз сәби тар қапаста өмірге келмекші. Тағдыр неткен қатал еді…

Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА.
 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар