Жан ауыртқан «Жан шырылы»

Таяуда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» атты жаңа драмасы сахналанды.

Сүттей ұйыған тыныштық. Әуеде имандылықтың ізгі иірімдері самал жел болып есіп тұрғандай. Иманға ұйыған шәкірттерінің алдында имам уағыз айтуда. Бір қимылы үнсіз инабатқа ишара үстейтіндей. Жүзінен мейірім төгілген, көмейінен адамгершілік жайлы нәзік те жұмсақ сыр өрілген имам шәкірттерінің маңдайынан сипайды. Осы бір қимыл-әрекет бір-біріне деген шынайы сыйластықты тілсіз-ақ ұқтырып тұр. Ұстаздың шәкіртіне деген мейір-махаббаты, көңіл түкпіріндегі шәкіртінен гөрі баласына жақын ыстық сезімі алақанның табымен санасына сіңіріліп тұрғандай.
Одан әрі кәдімгі қазақы шаңырақ. Қабырғадағы қошқар мүйіз ою сахнадағы өрбіген оқиғаның мазмұнына мағына үстеп, қазақы отбасы екендігін меңзеп тұрғандай. Мамыражай тіршілік кешіп отырған отбасында сәл ғана әбігерлену бар. Отбасы жолаушыны тосуда. Жолаушы көлденең көк атты емес, сонау Алматыдан келе жатқан қызы мен күйеу баласы. Отағасы Кәрім үйдің қақ төрінде төңірегіне шуақ шашып, бәйбішесімен әзілдесіп, қауқылдасып отыр. Сәл төменіректе немерелері асық ойнап жатыр. Асықтың өзі көрерменге көп нәрсе ұқтыратын штрих. Шаңырақтағы шырайлы сәттің шытынауы, ашық аспанда күркіреп найзағай ойнауы күткен жолаушылар табалдырықтан аттаған сәттен басталады.
Манағы әзірде отағасының жұбайы Рәзия қызы мен күйеу баласының біресе Түркия, біресе әлгі Думай дей ме, Дубай дей ме, әлде Сауд Арабиясы дей ме, сол жерлерге жиі қатынап, сауда жасап жүргендігін әлдебір қауіппен айтқан тәрізді болған. Бірақ, отағасына бір жылдан бері хабарсыз жүргенін бетіне басушы болма деп шегелеп те қойған. Қыз бен күйеу бала салт басты, сабау қамшылы емес, қастарына ерген адамдар бар көрінеді. Өзгеден ұят болмасын дегені де.
Міне, есіктен үстін қара киіммен тұмшалаған, тек екі көзі ғана жылтырап көрінетін Гүлнұр еніп келе жатыр, қасында балағы тобығын жаппайтын шолақ шалбар киген қаба сақалды екі жас жігіт. Әлгілердің сұрқын көрген Кәрім ақсақал от басып алғандай шошып кетеді. Ақсақалға қоса жұбайы Рәзия да. Ал, қыздары Гүлнұрдың киімге де, өзгеше ұстанымға да еті үйреніп кеткен тәрізді. Әке-шешесінің шошынғанына таңырқайды. Ал, сақалдының бірі өзгеше жосықты өзінше түсіндіріп жатыр. «Бұл біздің мұсылман әйелдері мен қыздарының киімі, өйткені, біз мұсылманбыз ғой» деп қояды. Мұсылмандықтың бар шарты тұмшалап киген қара киімде тұрғандай. Сақалдының біреуінің аты Жұман екен. Ерекше екпіндісі де сол. Сөзі де түйеден түскендей. Имансыз жүрген қазақты имандылыққа шақырып жүрміз деп қояды өзінше. Осы бір жерде көшедегі қыздар мен келіншектердің кейпін де кескіндеп береді. Бұл жері шындық енді. Қай жерде де кішкентай кінәраттың бола беретіндігі бар ғой.
Сөйтіп тұрып күйеу баласын таныстырады. Әуел бастағы азан шақырып қойған аты Асқар болғанымен, жаңа жосық, өзгеше танымда аты-жөнін де өзгерткен екен. Ендігі жерде Асқар Әбу Анас ибн Қожа. Шамасы мұндағы мұсылманның көріп-білмеген, танып-түйсінбеген жаңа әлеміндегі өзгеше тәртіп. Кейіпкерлердің арасындағы өрбіген әңгіменің ау-жайы дін тақырыбы төңірегінде. Ықылым заманнан бері «Құдай бір, Пайғамбар хақ» деп таныған ізгі діннен ірге ажыратпаған, ажырату туралы сынық сүйем ой кірмеген мұндағы жұрт аналардың үгіт-насихат аралас тантық танымына таң қалады. Қияпат қарсылық көрсетеді. Өзгеше жосықты өңешін кере уағыздаған біздіңше Жұман, оларша Жұман Абдул-Азиз әл Қазақидың жаны ашып, жәдігөйсіп тұрғаны бекер екен. Тіпті, мұндағы жалпақ жұртты айыптап, етімізден өтіп, сүйегімізге жетпеген, адасудың басы, жарға жығар соқыр соқпақтың қасы – өзгеше дінді насихаттауы көкейін  тескен ақшаның құлы болуынан. Кейін ұқтық. Драманың жымдастырыла өрілген оқиғаларының өрбуінен сөз арасында Жұман рөлін ойнаған Ерқанат Сәбитов туралы бір ауыз сөз. Сахна шеберлері арасында айрықша көзге түскен де осы Ерқанат. Түр-тұлғасы, қимыл-әрекеті, сөз саптауы, қожайынның алдында мың құбылуы, жәдігөйлене, жағымпаздануы, ал, әлі жететін адамның алдында білімдарсып, данышпансып сөйлеуі ғажап болды. Образға орау деген осы болар, сірә. Жалғыз біз ғана емес, кең залда ине шаншар орын қалдырмаған көрермен де осы пікірде еді.
Кәрім ақсақал арнайы дін оқуын бітірген иман болмаса да, мұсылман дінінің жөн-жосығын терең білетін адам. Шала сауатты Жұманнан оқ бойы озық. Жұманның айтқан, жүгі ауған түйедей біресе олай, біресе бұлай таяныш-тірегі жоқ пікіріне қадым заманнан дәйекті дерек келтіріп, үлкен ғұламалардың айтқан уағыздарын сабақтап, тойтарыс береді. Осы бір жері көрерменнің көңіліндегі сан қилы сұраққа толық, тұшымды жауап бергендей әсер етеді екен.
– Мысалы,–дейді Кәрім ақсақал,–тіпті, Ханбали, Ханафи мәзһабы бойынша және Шафиғи мен Мәлики мәзһабтарынан кейінгі үлкен ғұламалардың да пікірінше барлық жасалатын жақсылықтардың, бағышталып оқылатын Құранның сауабы өлілерге тиеді деген жоқ па еді? Осыны білген соң да ата-баба аруағына арнап Құран оқитынымыз бар!.. Рас, шындық ол!..  
Шығарманың өне бойында арбасу мен адасу, үміт пен өкініш, күдік пен сенім тайталасып жатыр. Атам қазақ «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» демей ме. Әуел баста әлде жастық, әлде білімнің таяздығы арбағанның артынан еріп кете беру Гүлнұрды да, Асқарды да жарға жықты. Өздері ғана емес он екіде бір гүлі ашылмаған Жанарды да жалмап кетті. Сүттей ұйыған Кәрім аға мен Рәзия шешейдің де шаңырағы шайқалды. Қаншама қайғы-қасірет. Көріп отырған қаншама көрерменнің жанарына жас шыланды. Ақыр соңында жарынан айырылған ана тобынан айырылған қараша қаздай ұясына қона алмай, тұрақ мекені жындыхана болып қалған Гүлнұр қызымен жолықты. Санаға салмақ салатын, жүрекке күш түсіретін зілбатпан ауыр көрініс еді. Адасудың соңы дәл осындай тығырыққа әкеліп тірейтіндігін меңзейді зілмауыр драма.
Сахнадағы шым-шытырық оқиғаларды түгел мазмұндап шығу шарт емес. Ең бастысы, көрермен керемет тағылым алды, айтып жеткізгісіз әсерге бөленді. Жаңағы бейбақтарға жаны ашыған қаншама жұрт ауыр ойдың салмағымен жаншылып, ет жүректері езілді, елжіреді. «Неге сонша адасты екен деп, анасының көкірегінен неге итерді екен» деп қапаланды көрермен.
Шығарманың шырқау шегі ананың ақ ниеттей желбіреген, ақ сүтіндей мөлдіреген ақ орамалы болды. Тұла бойын тұмшалаған қара киім, қара ниет ысырылып, ақ орамалдың тартылуы жамандықты жақсылықтың жеңгеніндей ишара. Адасса да, оңбай опық жесе де, есі кіресілі-шығысылы қалпында ана құшағын аңсаған Гүлнұрдың тағдырына жаны ашымаған жан жоқ шығар. Көрудің өзі ауыр.
Сөз арасында сахнаның безендірілуін де бір ауыз сөзбен айта кету қажет шығар. Мылтықтың қарауылы қиырдан төнген қауіп. «Жау жар астында» демей ме. Ал, айнала шырмалған жіп, сан тарау тағдыр, сан алуан соқпақ. Қайсысын басарың жетеңе байланысты. Берідегі тор көз дүниенің арғы жағы мен бергі жағы. Қос қақпаның шенді шекарасы. Жол таппай адасқан пенденің Ар қақпасының ар жағына тап болуы – оңайдың оңайы. Сол үшін де сақтық керек.
Қойылым аяқталған соң сахна төріне көтерілген драматург Жабал Ерғалиев тосын тақырыпқа тербеген қаламы жайында ағынан ақтарылып айтып берді. Шығарманы сахналаған режиссер Мұратбек Оспановқа,  сомдаған актерлерге ақ алғысын білдірді. Қаумалап келіп бар ынта-шынтасымен көз майын тауысып көрген көрерменге де.
Ұлтының ұлылығын, халқының тұтастығын көксейтін таланттың тасты жарар өткірлікпен өрген драмасы талғампаз көрерменнің көңілінен шықты. Жай ғана шыққан жоқ. Жүрегін шымырлатып, жүйкесін  ширықтырып. 
– Әсеріміз керемет болды,–дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкілі, Науан Хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин,–бұрын осы жай тек мешіттің ішінде ғана, діни адамдардың арасында ғана айтылып келсе, енді бүгінгі күні қасиетті сахна төрінде өнер тілімен өрілді. Жалпы халыққа ұғынықты, әсерлі, киелі де қасиетті тілмен. Жетесіздің жетесіне жететін дәрежеде. Сол үшін қуандым. Осы шығарманы облыс орталығында ғана емес, мүмкіндігінше аудан орталықтарында, ірі елді мекендерде көрсетсе тамаша болар еді. Шығарманың барысында қазақтың қасиетті жер, ұлт, салт-дәстүрі, ұстанымы әдемі өрілді. Қауіп қайдан дерің бар ма? Қазір өзге ағымдарды насихаттайтын кітап та, әлеуметтік желілер де өте көп. Жастарымызды сақтандырудың тамаша үлгісі болды бұл.
Сөз соңында Кәрім бейнесін сомдаған Қайрат Мырзаболатов, Рәзия бейнесіндегі Жанар Құсайынова, Гүлнұр кейпіндегі Маржан Бөкешова, Асқар рөліндегі Ержан Әубәкіров, Абдрахман ибн Халид образындағы Жарас Қалдаров, шейх Рамазанды бейнелеген Төлеубек Көңбай тәрізді актерлердің шынайы шеберлігіне көрермендердің тәнті болғандығын тағы бір қадап айтқан жөн.   

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар