халқына еңбегі сіңген тұлға

 Кеше облыс орталығы Көкшетауда ел ардақтысы,  Социалистік Еңбек Ері Оразбек Қуанышевтің туғанына 80 жыл толуы кеңінен аталып өтті. Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрындағы ұлт қайраткерінің өмірі мен еңбегі ұлықталған салтанатты шараға облыс әкімі Сергей Кулагин қатысты. Бұл күні сондай-ақ, әйгілі жерлесіміздің аты берілген көшеде ескерткіш белгі ашылып, гүл шоқтары қойылды.

  Жерлесіміз Оразбек Сұлтанұлы Қуанышев Атбасар ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын қызыл дипломмен бітіріп, еңбек әліппесін бөлімше агрономы болып бастаған. Кейін «Шуйский» кеңшарының бас агрономы, кеңшар директоры болып қызмет етті. 1965-1971 жылдары Астрахан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1971-1978 жылдары Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет істеді. Ал, 1978 жылдан 1985 жылға дейін Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Одан соң ұйымдастыру ісінің хас шебері Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР-і Астық өнімдері министрі қызметтерін атқарды. Бірнеше мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің және КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Алдымен салтанатты жиналыста Оразбек Сұлтанұлының негізінен еңбек жолын сипаттайтын бейнефильм көрсетілді. Оның барысында Алаштың аттары аңызға айналған тұлғалары фильм кейіпкері жайында жақсы сөздер айтты. Жүректен шыққан жып-жылы сезімге орап, өткен күнге деген сағынышпен әлдилеп, төгілдіре, тебірене жеткізді.  
Салтанатты жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов Оразбек Сұлтанұлының ерен еңбегіне кеңінен тоқталды. Жалпы еңбегі ғана емес, адамгершілік бейнесі, кісілік кескіні де ұмыт қалған жоқ. Жан-жақты білімді, орасан зор тәжірибелі, әрі барынша қарапайым да әділ Оразбек Сұлтанұлынан үйренгені көп екендігін әсерлі әңгімелеп берді.
Мұнан соң еңбек ардагері П.Щерба, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қ.Ескендіров, еңбек ардагері Г.Лазоренко, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ч.Әбутәліповтер мазмұнды естелік әңгімелер айтты. Олар өз сөзінде заманында Көкшетау және Торғай облыстары тәрізді астықты, кенді өлкелердің экономикасының өсуіне, жаңа да сәулетті көптеген құрылыстардың салынуына, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына айтарлықтай үлес қосқан Оразбек Сұлтанұлының іскерлік қабілеті, уақытпен санаспай жұмыс істейтін жанкештілігі, ең бастысы, тұла бойында қылаудай кіршік жоқ таза адамгершілігі хақында кейінгі жас толқынға үлгі болатын өнегелі сөздер айтты. Жай ғана сөздер емес, аға толқынның жан жүрегінде жатталып қалған еңбекке толы өмірдің жасампаз жарқын беттері. Осыдан қарап-ақ халқын құлай сүйген, сол халқының бақыты үшін еңбек еткен адамдардың есімдері ұмытылмайды екен-ау деген ой келеді.
Өмірге бес перзент әкеліп, барлығына тәлімді тәрбие берген Оразбек Сұлтанұлының есімі ел аузында жүрген ұлы, Израиль мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті өкілі Дулат Оразбекұлы аяулы әкесін есіне алып, тебірене сөз сөйледі.
– Әкемнің еңбегіне жоғары баға беріп жатқан кешегі көзкөргендердің болғаны қандай жақсы. Жылы лебіздеріңіз үшін мың да бір рахмет, – деді Дулат Оразбекұлы, – қоғам байлығын еселеуге қосқан үлесі, еңбексүйгіштігі, қоғам қайраткері ретіндегі қасиеттері жайлы бір кезде үзеңгі қағыстырып жүрген ағаларымыз айтып берді. Ал, мен әке бейнесін көз алдыма келтіріп сөйлейінші. Отбасында өте жайлы еді. Ол кісінің еңбектен басқа қызығушылығы да болған жоқ-ау деп ойлаймын. Тіпті, жұмыстан кейін де телефон арқылы біреулермен шаруа жайлы сөйлесіп, түрлі тапсырмалар беріп, ақыл айтып, талап қойып жататын. Соған қарағанда бос уақыты болмаған да шығар. Ал, біз үшін асқар таудай ғажап тұлғасы шырайланып, ажар шашып тұрмақ. Өз ерін елеген еліне мың да бір рахмет.
Еңбек ер атандырған Оразбек Сұлтанұлын еске алу шарасы көкшетаулық таланттардың тамаша концерттік бағдарламасымен жалғасты. Салтанатты жиналыс соңында ас беріліп, облыс әкімі Сергей Кулагин, басқа да сөйлеушілер сөзімен абзал ағаның өзгеше болмыс-бітімі одан сайын ашыла түсті. Осылайша сүйген жар, асыл әке мен аяулы аға есімін ұлықтау үшін көрікті Көкше жеріне арнайы ат басын бұрған жұбайы Бану Шахметқызы, балалары мен інісі Болат Оразбекұлы дара тұлғаға деген облыс басшыларының, барша ақмолалықтар мен көкшеліктердің шексіз сүйіспеншіліктерін көріп аттанды. Туған еліне аянбай қызмет еткен азамат үшін екі дүниеде бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар