Ата Заң – ізгіліктің бастауы

 Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толғалы отыр. Бұл азаттық алып, тәуелсіздік  жолына түскен қазақ елі үшін ең айтулы да жарқын оқиғалардың бірі. Кешегі тоталитарлық жүйе құрдымға кетіп, жаңа мемлекетке айналған Қазақстан бүгінде әлемдегі өркениетті елдер санатына қосылуды мақсат етіп, жаңа бағдарын анықтап алды. Ал, біздің Ата Заңымыз жаңа қоғам құруда өзінің өміршең сипатымен, заманауи мазмұн-мағынасымен дараланып, барлық жарасым тапқан жақсылық атаулының басты арнасына айналып отыр.
Бүгінгі әңгіме де айшықты Ата Заңның тағылымды сипаттары жайлы өрбімекші. Осы орайда, Ақмола облыстық сотының төрағасы, заң ғылымдарының докторы  Нұрғазы Әбенұлы Әбдіқанов жаңа Қазақстанның жаңа Конституциясы деген тақырыпта өзінің ой-толғамдарымен бөліседі.

 

– Нұрғазы Әбенұлы, Конституция деген қандай ұғымды білдіреді. Әлем елдері конституцияларының тарихы жайлы не білеміз. Әңгімені осыдан бастасаңыз?
– Конституция латынның «құрылым» деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің негізгі заңы деген мағынаны да білдіреді.  Қандай қоғам болсын оның қалыптасу, алға жылжу заңдылығы бар. Мемлекеттің де өзіндік өркендеуін жүйелейтін құқықтық негіздері болса, ол осы Ата Заң дер едік.
Бірақ, әлемдегі барлық мемлекеттерде осындай конституциялар бар десек, тағы қателесетін боламыз. Мысалы, Сауд Арабиясы, Оман сияқты монархиялық елдерде конституция мүлде жоқ. Олар шариғат заңымен өмір сүреді. Дегенмен, шариғат заңдарының астарында да бір заңдылық арнаның жатқаны анық.
Көп елдерде конституциялар әртүрлі жолдармен қабылданады. Біреулері парламенттік  немесе құрылтай жиналысы негізінде қабылдаса, енді біреулері бүкілхалықтық референдум жолын таңдайды. Бұған біздің еліміздегі Ата Заңымызды қабылдаудың жалпы халық мүддесін білдіруі арқылы жүзеге асқаны мысал бола алады.
Ең бастысы, Конституция – бұл күрделі құқықтық заңдар жүйесі. Себебі, онда сол мемлекет пен адамдардың барлық мүдделері қарастырылады. Мемлекеттің құрылымдық негізін,  билік жүйесін және тағы басқа құндылықтарды реттеп отырады.
– Қазіргі Конституцияның бұрынғыларынан қандай өзгешеліктері бар. Оның ережелері заман талабынан шыға алып отыр ма?
– Жаңа Конституция барынша жетілдіріліп, мемлекеттің даму үдерістеріне сай келуі үшін  ішкі ортақ мүдделілігімен  ерекшеленеді. Заман бір орында тұрмайды, ұдайы алға жылжумен болады. Сондықтан, біздегі құқықтық реформалар да ең алдымен мемлекеттік құрылымдағы жаңа өзгерістерге сай толықтырылады. Өйткені, бұл барлығын тақыр жерден бастаған Қазақстан сияқты өз тәуелсіздігін енді ғана алған ел үшін аса маңызды болып табылады.
Мұны тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда Конституциямыздың  кезең-кезеңмен реформала-
нуынан да көруге болады. Алғашқы жылдары жаңа заң қабылдау үшін дайындық сатысы жасалса, ал, кейін жаңа даму үрдістеріне байланысты жаңа құқықтық негіздер енгізілді. Атап айтсақ, президенттік-парламенттік жүйені құру және сот саласын жетілдіру арқылы жаңа кезеңге өту жүзеге асырылды.
Біздегі парламенттік және президенттік басқару жүйесі қазақ қоғамының толыққанды даму үрдістерін толық қанағаттандырып отыр деп айта аламыз. Нарықтық даму кезіндегі экономикалық өрлеу көрсеткіштері де аталған биліктің  жүйелік құрылымының дұрыс екенін көрсетті.
Сот реформасы да халықтың мүддесінен шығып, әділ шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл соттарда қаралатын істердің сапалық көрсеткішіне де ықпалын тигізеді. Атап айтсақ, жаңа өзгерістердің енгізілуі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға және мемлекеттік мүддені сақтауға деген жауапкершілікті нығайта түседі.   
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында сот жүйесі оңтайлы және барлық дауларды жедел шеше алатын құрылым болуы керектігі жөнінде айтқан еді. Сондықтан, сот төрелігін жүзеге асыруда сапалық дәрежені көтеру судьялардың кәсіби шеберлігіне де байланысты болмақ. Адам тағдырын шешетін судьялардың ұдайы дамуда, жетілуде болуы қатты талап етіледі.   
Елімізде медиация институтының енгізілуі соттарда қаралатын істер жүктемелігін азайтуға  негіз қалады. Осы арқылы көп даулы мәселелер екі жақтың ортақ ымыраға келуі арқылы шешімін табады. Бірақ, сотта қаралатын істердің жыл сайын өсе түскенін де көреміз. Біздің облысымызда өткен жылы барлығы 57440  азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер қаралса, бұл осының алдындағы жылмен салыстырғанда 2049 іске көп болып отыр. Сөйтіп, өткен жылы 984 адам сотталып, 24-і ақталып, 907-іне қатысты қылмысты істер қысқартылды. Ал, алқа билердің қатысуымен
15 адамға қатысты 8 қылмыстық іс қаралды.
Бүгінде соттың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында да көп істер тындырылды. Қазір кез-келген сот процесі арнайы бейне қадағалау негізінде өткізіледі. Сот шығарған шешімдерді де адамдар үйде отырып-ақ, ғаламтор арқылы сот порталына кіріп, ала алады.  Жаңағы айтқан медиация жүйесі негізінде өткен жылы 143 іс қаралып, 100 азаматтық іс  бойынша сот медиациясы тәртібімен келісім бекітілді.
– Ата Заң ең алдымен азаматтардың құқығын қорғауда басты құжат екенін білеміз. Бүгінгі нарық заманында адам құқын қорғау қалай шешімін таппақ?
– Азат ел болу  біздің ата-бабаларымыздың да ғасырлар күткен асыл арманы еді. Бүгінде тәуелсіз ел атанып, жаңа экономикалық жүйелерге ден қойған жайымыз бар. Әсіресе, адам құқығын қорғау мәселесі біздің елімізде ең алдыңғы орынға қойылады. Қайсы бір заңды алсаң да, оның арнасында Ата Заң талаптары қарастырылып,  сілтеме жасалады. Демек, адамдардың еркін, ештеңеге алаңдамай өмір сүруі үшін мүмкіндік берілуі заңды дүние. Конституциямызда адамды ұлтына, нәсіліне және басқа да сипаттарына қарап, алалау жоқ екендігі баса айтылады.
Биыл біз Ата Заңымыздың 20 жылдығын осындай жетістіктермен қарсы алғалы отырмыз. 1995 жылы қабылданған Конституциямыздың негізінде  көпұлтты мемлекеттің қалай дамуының келелі мәселелері кеңінен қамтылған. Ең бастысы, көпұлтты мемлекеттің өзіне тән құндылығы – тыныштықты сақтау болса, бұл тұрғыда біздің заңдарымызда барлық азаматтардың тең құқылығы қамтамасыз етіледі. Қазір осы елде өмір сүріп жатқан қай ұлтты алсаң да, олардың еш мұқтажсыз тілін де, салт-дәстүрін де дамытуға мүмкіндік алғаны біздің Ата Заңымыздың ізгілікке негізделгенін де көрсетеді.
Жалпы, заң лаулаған от сияқты, сөндірмесең, жолындағысын өртеп тынады. Заң да жақсылыққа негізделуі керек. Өз жолындағысына зиянын тигізбей, қайта  ізгілікке бағытталса, оның жемісін халық көреді.
Біздің Ата Заңымыз да көпұлтты елдің тыныштығын сақтап, адамдардың ынтымақта өмір сүруіне барынша мүмкіндік туғызады. Ешкім онсыз өмір сүре алмайды. Адам туғаннан бастап, өлгенге дейін заңмен ғұмыр кешеді. Сондықтан, Ата Заңымыздың мерейлі мерекесі  барша отандастарымызды тек ізгілікке бастасын дегім келеді.
Сұхбатты жүргізген Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар