Болашақ оқуы үшін ақша салып отыруға болады

Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» мамандары Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі жөнінде  ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында тұрғындармен кездесті.

Тұрғындарды Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған шараға білім, банк саласы қызметкерлері, кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты. Шара барысында «Қаржы орталығының» қызметкері Гүлнәр Алпыспаева білім беру жинақтау депозиті туралы барлық ақпаратпен хабардар етіп, банктерде жинақтау депозитін ашу жолдарын түсіндірді. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын қазақстандық түлектердің саны шамамен 150 мың адамға жетеді. Ал, олардың 30-35 мыңы ғана грант бойынша оқиды. Демек, мектеп түлектерінің 75 пайызға жуығы ақылы негізде білім алады. Осы орайда, «Мемлекеттік білім беру жинақтау  жүйесі туралы» Заң 2013 жылы қабылданды. Мемлекеттік білім беру жүйесі (МБЖЖ)  – жоғары, сондай-ақ, техникалық және кәсіби оқу орындарында білім алу үшін қаражат жинауға мүмкіндік беретін жаңа жүйе болып табылады. Бұл жүйе ата-аналар үшін өте тиімді. Өйткені,  аталмыш жүйе арқылы банктерде депозит ашқан кез-келген ата-ана болашақта баласының толыққанды білім алуын қамтамасыз етеді. Яғни, ақшалай қаражатты жос-
парлы жинақтау мүмкіндігі туады.
Білім беру жинақтау салымдарының жүйесі бірегей. Бұрынғы кеңес елдері ішінде бұл жүйе тек қана Қазақстанда енгізілгенін ерекше екпін түсіре айтқан жөн. Ал, АҚШ, Англия, Канада, Сингапур елдерінде білім беру жинақтау жүйесі жақсы дамыған.
Қазіргі таңда «Fortebank», «БТА банк», «Қазақстан Халық Банкі», «Цеснабанкте» білім беру жинақтау депозиттерін ашуға зор мүмкіндік бар. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінен келген өкілдер бүгінгі күні білім беру жинақтау депозиттерін 11 мың адам ашқанын айтты. Сондай-ақ, кез-келген қазақстандық азамат жасына қарамастан, банкте салымшы бола алады.  Салымшы қатысушы банкпен мемлекеттік білім берудің жинақтау салымы туралы шарт жасайды және есепшот ашады. Бастапқы жарна шамамен алғанда алты мың теңгені құрайды.   Банктік салым шартында заңмен қарастырылған банктік сыйақы мен мемлекеттік сыйақы ставкасы белгіленеді. Оқытуға ақша жинаудың мерзімі  – 20 жыл. Білім беру жинақтау салымын ашу үшін бар-жоғы екі құжат – ата-ананың жеке куәлігі мен баланың туу куәлігі ғана қажет.
«Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының менеджері Гүлнәр Алпыспаева жинақтау қаражатына мемлекеттік сыйақы тағайындалатынын жеткізді.  Яғни, мемлекеттің сыйақысының көлемі жылдық 5 пайызды құрайды. Егер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасылардың балаларына жинақтау депозиті ашылатын болса, жылдық сыйақы 7 пайыздық үстемемен есептеледі. Ал, мемлекет сыйақысы жалпы өткен кезең үшін жинақталған жалпы сомаға есептеледі. Осылайша, жинақтау мерзімінің соңында салымшы оқудың ақысын төлеуге жұмсайтын шығынды кемінде 30-40 пайызға қысқарта алады.  Бала грантқа оқуға түскен жағдайда салымшы жинақталған қаражатын банктің сыйақысымен және мемлекеттің сыйлықақысымен бірге қолма-қол ақша түрінде алады. Сондай-ақ, жинақты басқа баланың шотына аударуға, білімді одан әрі жетілдіріп, магистратурада оқуға қаражат жинақтауды жалғастыруға болады.
 Білім беру жинақтау депозиттерінің тағы бір ерекшелігі, жинақталған қаражаттың есебінен шетелде оқудың ақысын төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі арқылы ата-аналар ғана емес, мамандардың білім-білігін жетілдіру мақсатында бизнес құрылымдар да жинақтау депозитін ашуға құқылы. Білім берудің жинақтау жүйесі туралы толымды ақпаратпен қамтамасыз еткен орталық мамандары кездесу соңында көпшілік қауымды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар