ҰБТ: сынақ артта қалды

Маусымның 2-5 аралығында Ақмола облысы бойынша 3207 түлек  ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты.

  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің алдында кісі қарасы көп. Қорқыныш пен қобалжу бар. Үрей де жоқ емес. Түлектердің бұл сезімі біздерге жақсы таныс. Баласы үшін «жанын шүберекке түйген» ата-аналар да тым қобалжулы.
Биыл облыстағы 4457 түлектің  3207-сі сынақ тапсыруға өтініш берген. Маусымның 2-сі күні Астана қаласында облыс түлектерінің алғашқы легі тестілеуден өткен болатын. Целиноград ауданы бойынша тестілеуге қатысқан 330 түлектің 67-сі тиісті межеден өте алмаса, он үші екі деген баға алды. Ал, ең жоғары балл 122 болып тұр. «Алтын белгіден» үміткер 14 түлектің  екеуі, «Үздік аттестаттан» екі үміткердің біреуі ғана білімдерін дәлелдей алды. Екі оқушының «Алтын белгі» алуға бір ұпайдан балдары жетпеді.
Ал, маусымның үшінде Көкшетау қаласы мен Зеренді аудандарының бірқатар түлектері Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде  бақтарын сынады. Сондай-ақ, Аршалы, Бұланды, Еңбекшілдер аудандарының түлектері де сол күні тестілеуден өтті. Алдын ала шығарылған тестілеу нәтижесі бойынша Көкшетау қаласында ең жоғары балл 118. Ал, Аршалы мен Зеренді аудандарында ең жоғары балл  117.  Бұланды ауданында ең жоғары балл 110 болса, 32 бала тиісті межеден өте алмады. Бір «Алтын белгі» иегері бар. Еңбекшілдерде ең жоғары 111 балл.  42 бала тестілеуде тиісті межеден көріне алмаған.
Тестілеу жүріп жатқан кезде сыртта баласы үшін алаңдап, екі көздері төрт болған ата-аналармен де тілдесудің мүмкіндігі туды.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі әрбір бала үшін ең жауапты сәт. Қазір мен үшін уақыт тоқтап қалғандай. Балам Мейірбек сынаққа кірген уақыттан бастап қобалжулымын. Бірақ, ұлым өзіне-өзі сенімді. Ұялы телефон да, шпаргалка да алған жоқ. Алла барлық баланы қолдап, сынақтан сүріндірмесе екен деп тілеймін, – деді ата-ананың бірі  Дина Түсіпова.
Тестілеу өткен пункттердің барлығы арнайы бейнекамералармен жабдықталып, қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінен де арнайы бақылаушылар келген. Десек те заң бұзушылықтар орын алмағанын баса айтып өткен жөн.  Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, кейбір түлектер сынақ нәтижелеріне көңілдері толмай, апелляциялық шағым түсіріп жатқанға ұқсайды. Сондықтан, жоғарыда аталған тестілеу нәтижелерінің қорытындысы өзгеруі мүмкін.   
Сынақтан кейінгі түлектердің бірі қуанып жатса, енді біреулері өз нәтижесіне риза емес. Тіпті, көз жастарына ерік бергендерді де жолықтырдық.
– Маған тестілеуде математика, тарих пәндерінен қиын сұрақтар кездесті. Сынақ тапсырғанда қатты қобалжыдым. Қатаң бақылау болды.  Бірақ, тиісті межеден өттім деп ойлаймын, – деді Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының түлегі Зарина Меңдібаева. Осылайша көңілдері әрқалай түлектердің бәріне де үлкен өмір жолында сәттілік тіледік.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар