Гендерлік саясат – әйелді қорғау мен оған жүктелетін жауапкершілік

 Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Астанадағы орталығымен бірлесіп, «Саясаттағы және жергілікті өзін-өзі бас-қару мәселелеріндегі  кешенді гендерлік тәсілдің қағидалары» деген  тақырыпта  семинар-тренинг өткізді.

  Оған әр деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарлары, мәслихат депутаттары, ұйымдар мен мекемелер басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ  өкілдері қатысты.
Семинарды кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов  елімізде жүргізіліп отырған гендерлік саясаттың маңызды қырларына тоқталды. Әсіресе, әр деңгейдегі билік тетіктерінде ерлер мен әйелдер  теңдігіне назар аудару өміршең мәселе екенін атап көрсетті.
Одан әрі сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрайымының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко семинарда әлеуметтік саясатты және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыстарын жандандыруда гендерлік тәсілдерді қолданудың келелі  мәселелері қаралатынын айта келе, Елбасының мемлекетімізді нығайту үшін белгілеген бес институттық реформасын жүйелі жүзеге асыруда гендерлік құрамдас арналарының биліктің маңызды факторларына қатысы бар екендігі жөнінде пікір білдірді. Себебі, әйелдер ел халқының елу пайызын құрайды. Ел Парламентінде депутаттардың 26 пайызы әйелдер болып табылады.
«Гендерлік саясат экономикалық  даму үрдісінде де көрініс тауып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларда да  барынша назарда ұсталуы тиіс» – деді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы, елші
Наталья Зарудная өз сөзінде.
Ол біздің елімізде гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары  Ата Заңымызда кепілдік берілген әйелдер мен ерлердің  билік құрылымдарына теңдестірілген  түрде қатысуына қол жеткізу, экономикалық тәуелсіздіктің барлық тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, өз ұстанымын дамыту мен қызмет бабында ілгерілеу, отбасында құқықтар мен міндеттерді тең жүзеге асыру үшін жағдайлар жасау арқылы көрініс табатынын атап өтті.
Демек, гендерлік саясат қоғамдық өмірдің барлық саласында ерлер мен әйелдердің тепе-теңдікке қол жеткізуі. Жолы жіңішке жандардың ерлерден артта қалып жатыр дегеніне де қосылу қиын. Қазір қай саланы алып қарасаң да, әйелдердің  бұл жағынан оқ бойы озық екенін көруге болады.
Мұны Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенконың сөзінен де аңғардық. Ол мемлекеттік қызметтегі әйелдер үлесі бүгінде 55 пайыз екенін жайдан-жай айтқан жоқ. Осының өзінен әйелдердің қызметтегі және саясаттағы белсенділігі күн санап артып келе жатқанын көру қиын емес.
Семинарға қатысушыларға алғашқы тренингтің тұсаукесерін экономика ғылымдарының кандидаты, гендерлік экономика мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Әлия Ілиясова өткізді. Онда кешенді гендерлік тәсіл тұжырымдамасы ретінде әйелдер мен еркектер арасындағы теңдікті жылжыту үшін әлеуметтік саясаттағы жетілдірудің тиімді тәсілі ұсынылды. Осы арқылы ол жиналғандарға  халықаралық құқықтық база негізінде адам дамуының гендерлік сипаттары және адам құқықтарының құндылықтарына негізделген баға мағлұматтарын егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысты.
Семинардың екінші бөлімінде тренингтік жұмыстар жалғасын тапты.  Бұл жолы семинар қатысушыларына  «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Заңнама институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты Дархан Игімбаев және аталған институттың  конституциялық, әкімшілік заң шығару және мемлекеттік басқару бөлімінің  жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Мереке Ғабдуалиевтар  Қазақстанның әйел тұрғындарының гендерлік теңсіздік факторларын шолу, сайлау науқаны кезінде  жеңіске жетудің жолдарын қарастыру, гендерлік бюджеттеу  және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөнінде  тақырыптық тренингтер өткізді.
Гендерлік саясат дегеніміз – әйелдердің экономикалық мүддесін ғана қорғау емес, ерлермен арадағы әлеуметтік тепе-теңдікті де қалыптастыру. Бұл әйелдер құқығы өрескел бұзылып жатыр дегенді де білдірмесе керек.  Қайта екі жыныс арасындағы  әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындап, олардың теңгерімділігіне мүмкіндік беретінін  көреміз.
Ең бастысы, әйел-ана ел басына қиындық түскенде ерлермен бірге қиындықтан қаймықпай қоғам жүгін арқаласты. Ал, бүгінгі әйелдер саясатта да, мемлекеттік қызметте де өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр.  Әйелдің нәзіктігі мен ізгілікке жақын тұруы өмірдің тауқыметін жеңілдетіп, адами құндылықтардың биіктеуіне себепші болады. Семинардың  барысында  оған қатысқан жаны нәзік жандылар көкейлеріне осындай ойлар түйіп, қажетті мағлұматтарға қанықты, пікір алмасып, алдағы асу-межелерді белгіледі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар