Жақсы жағынан аталды

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің төрағалығымен өткізілген Ақмола облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бұл жолғы кезекті отырысы облысымызда гендерлік саясатқа байланысты ұйымдастырылған семинар-тренингтің бағдарламасына енгізілуімен ерекшеленді.

Комиссия отырысында алдымен сөз Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрайымының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенкоға беріліп, Елбасымыз гендерлік саясатты ілгерілету жөнінен алға қойып отырылған міндеттер мазмұнды әңгіме арқауына айналды.
– Бүгінгі таңда осы орайда алға қойылып отырған міндеттердің бірі – облыстық комиссиялардың қызметін одан әрі жетілдіре түсу. Әйелдер мен қыз-келіншектер атқарушы және өкілетті органдарда кеңінен қамтылған Ақмола облысында болу біз үшін үлкен мерей. Бұл күнде ұлттық комиссия айтарлықтай нығайтылған. Оған Мемлекеттік хатшының жетекшілік етуінің өзі көп жайды аңғартса керек. Осындайда комиссияның аймақтардағы жұмыс деңгейінің де жақсаруының маңызы зор. Гендерлік саясатқа байланысты заңнамалық база нығайтыла түсуде. Жұмыстың осы саласына қатысты қабылданған екі бірдей заң бар. Қазір бұл жағынан 134 елдің ішінде 44-інші орынға нық табан тіреп отырмыз. Сіздердің облыстарыңызда да әртүрлі қызметтерде, соның ішінде билік тармағында әйелдер шешуші рөл атқаруда,–дей келе, Елена Тарасенко комиссияның алдында тұрған таяу арадағы міндеттерге тоқталды. Әсіресе, облыстық комиссияның осы жұмыспен тікелей айналысатын хатшысы болуы керектігі баса айтылды. Бұдан әрі әріптесінің сөзін толықтырған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, Төрайым орынбасары Ләззат Сүлеймен Ақмола облысында нәзік жандылардың басқару органдарындағы үлес салмағына нақты талдау жасап, бұл көрсеткіштердің өздерін қанағаттандыратынын білдірді. Айталық, әлем бойынша көрсеткіш 30 пайыздың төңірегінде болса, облыста 3-4 өңір қазірдің өзінде осы межеден көрінуде. Жасыратыны жоқ, сонымен бірге, басшылық орындарда әйелдер үлесі 9-10 пайыздан аспай отырған аудандар да бар.
Комиссия отырысында Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова және облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Тәжімиева облыс орталығы мен шағын және орта бизнес саласында гендерлік саясат бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы 21 қыз-келіншек еңбек жәрмеңкесінде жұмысқа орналасқан. Қала бойынша тастанды балалар жоқ деуге болады. Себебі, бала асырап алуға тілек білдірушілер қатары көп болып отыр. Былтыр 234 жетім балаға қамқорлық жасалған.
Бұл жағы да ұлттық комиссия басшылары тарапынан оң бағасын алды. Отырыс-ты қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов мәжіліс барысында гендерлік саясатқа қатысты жұмыстарды одан әрі жандандыру жөнінде білдірілген ұсыныстарды түсіністікпен қабыл алып, облыстық комиссия құрамын қайта қарау, әсіресе оны ер-азаматтармен де толықтыру, хатшы лауазымын енгізу, қазір 500-інің ішінен 120-сы ғана тұрақты жұмыс істеп отырған үкіметтік емес ұйымдардың іс-қимылына соны леп беру қажеттігін баса атап көрсетті. Алдағы уақытта осы орайда, облыстық ведомстволар мен басқармалардың басшыларын қатыстыра отырып, семинар өткізу, отбасылық құндылықтарды кеңірек насихаттау, жастардың көптеп ажырасуы сияқты келеңсіз көріністердің түп-тамырына тереңірек үңілу сияқты жақсы ой-пікірлер де айтылды. Комиссия мүшелері осы бағыттардағы жұмысты одан әрі ширату туралы өз ұсыныс-пікірлерін беретін болды. Сөз соңында Нұрлан Нұркенов облыс әкімі Сергей Кулагиннің атынан өңірімізге жақсы миссиямен келген ұлттық комиссия басшыларына шынайы алғыс сезімін білдіріп, ортақ іс үшін қажет болып отырған жауапты жұмыстарында табыс тіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.          

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар