Отан отбасынан басталады

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов былтырдан бері  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жүлделі орындарға ие болған отбасыларды марапаттады.

Салтанатты шараға Қазақстан Респуб-ликасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрайымының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, Төрайым орынбасары  Ләззат Сүлеймен қатысып, сөз сөйледі.
Отбасы – қоғамның басты тірегі. Ұлттық мәдениетіміз бен толайым тарихымыздың сақталуы, салт-дәстүрлеріміз бен әдеп-ғұрыптарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа берілуі отбасынан бастау алатыны сөзсіз. Олай болса, отбасы адамның түп қазығы, алтын ұясы.   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
өз сөзінде отбасылық құндылықтарды, жанұя мен некені және көп балалылық өнегелерін кеңінен насихаттау қажеттігін ерекше атап өткен болатын. «Адамның байлығы оның балаларының санымен өлшенген. Сондықтан да, мен үлгілі отбасы дегеніміз – ең алдымен, көп балалы отбасылар болуы тиіс деп санаймын» деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы.
Мерекелік кеш Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры әртістерінің «Менің отбасым» атты көрінісімен басталып, «Мерейлі отбасы» байқауының әнұранымен жалғасты. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының бас-ты мақсаты – отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтар мен қазақстандық  жанұяның жағымды имиджін жастар арасында жан-жақты насихаттау. Өткен жылы байқауға 1200-ден астам отбасы қатысқан болса, биыл 2500-дей үлгілі отбасы қатысуға өтініш білдіріпті.
Бүгінгі күні облыста 5 мыңға жуық көп балалы отбасы бар. Сонымен бірге,
8 мыңнан астам көп балалы ана тіркелген, олардың ішінде «Алқа алқа» иегерлерінің саны – 2862. «Күміс алқа» 4 мыңнан астам анаға тиесілі. Сондай-ақ, 541 әйел – Қаһарман ана атағына лайық деп танылған. Және де өңірімізде І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған нәзік жандылар бар, олардың саны 638 көрінеді.
Өткен жылы аталмыш ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары – Мұқашевтар отбасы  республикалық байқауда облыс намысын қорғаған болатын. Ешмұқан Мұқашевтің сегіз перзентінің бесеуі әке жолын қуып, ұстаздықты таңдаған еді. Бұл әулеттің ағартушылық жолындағы ғұмыры 540 жылды құрайды екен. Оларға байқау қорытындысы бо-
йынша Елбасы өз қолымен жаңа «Нива» автокөлігінің кілтін тапсырған болатын.  
Ұлттық байқауда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Жаңбыршыұлы байқауға қатысушыларды құттықтап, облыста әртүрлі салада ұзақ жылдар бойы үзбей қызмет етіп келе жатқан әулеттерді атап өтті. Олардың ішінде 318 жылдан бері ұрпақтары теміржол саласында ерінбей еңбек етіп келе жатқан Сүлейменовтер әулеті мен 112 жыл бойы халықтың денсаулығы үшін қызмет көрсетіп келе жатқан Ілиясовтар отбасылары бар.
Ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша Көкшетау қаласынан қатысқан Кәкпеновтер отбасы бас жүлдеге ие болып, бағалы сыйлықпен марапатталды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, отағасы Жазит Кәкпенұлы бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім саласына елеулі үлес қосқан арда азамат. «Батыр ана» атанған өмірлік жары Қарашаш Ғалиқызы екеуінің шаңырақ құрғандарына биыл 60 жыл толып, гауһар тойларын атап өтпекші. Жеті баланы дүниеге әкеліп, бүгінде 18 немере мен 3 шөберенің қызығын тамашалап отыр. Балалары осы күні еліміздің түрлі саласында қызмет етіп, мемлекет игілігі үшін маңдай терлерін аянбауда. Немерелері «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германия, Англия, Австрия мемлекеттерінде білім алып жатыр.  
Байқау нәтижесі бойынша облыстық кезеңнің бірінші дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен Сандықтау ауданынан қатысқан спортшылар отбасы – Мухиндер  жанұясы марапатталды. Отағасы Александр Мухин Қазақстан Республикасының шаңғы спорты бойынша жаттықтырушысы. Бұл отбасының әр мүшесі халықаралық және республикалық шаңғы жарыстары мен биатлон сайыстарының жүлдегерлері. Ал, жүлделі екінші орынды ақкөлдік Жұмановтар мен астрахандық Қасымовтар отбасылары иеленді. Жүлделі үшінші орынға атбасарлық Валеевтер мен зеренділік Бекмұқановтардың отбасылары лайық деп танылды.   
Ұлттық байқаудың биылғы республикалық кезеңінде облыс намысын көкшетаулық Кәкпеновтер мен сандықтаулық Мухиндер отбасылары қорғайтын болады.  Мерекелік кеш соңында облыстың талантты өнерпаздары әсем әннен шашу шашып,  жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар