Өнердегі дара тұлға

 Қасиетті Көкше топырағы, ай нұрлы Айыртау атырабы қай заманда болмасын таланттыдан кенде болмаған. Шоқандай ғұламаны, Үкілі Ыбырай мен Орынбайды, Алаштың ән әлеміне мәңгі өлмес туындылар арқылы ерен үлес қосқан Ақан серіні өмірге әкелген құнарлы топырақтан өсіп-өніп, сол қасиетті бабаларымыздың қастерлі жолын жалғаған толайым талантты, айрықша бітімді тұлғалар аз емес. Соның бірі – жазушы-драматург Шахмет Құсайынов.

  Шахаң 1906 жылдың 12-інші мамыры күні Айыртау ауданындағы Қаратал ауылдық кеңесіне қарасты табиғаты тамылжыған ғажайып өлкеге қазық қаққан шоқ жұлдыздай шағын ғана Қоскөл ауылында дүниеге келген. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Шахаңның атасы Мұқан ел ішінде аса беделді, қара сөзден қаймақ айырған шешен, әрі босағасына тепкілесе кетпейтін дәулет байланған адам екен. Осындай тектіліктің иісі аңқып тұратын, адамгершіліктің ажары шаңырағында қалқып тұратын, сай-сүйегіңді қорғасындай балқытатын қазақтың көркем сөзінің ақ самалы шалқып тұратын отбасында дүниеге келген. Шахаң 1923 жылы Қызылжар қаласындағы педагогикалық техникумға оқуға түсіп, сол кезеңде іргелі саналатын оқу орнын ойдағыдай аяқтап шығады. Сөз өнеріне бала жастан ғашық Шахаң техникумды тәмамдағаннан кейін облыстық «Бостандық туы» газетінде еңбек жолын бастайды. Газет жұмысы балауса көкіректе бұйығып, бұғып жатқан талантқа бүр жарғызып, туған өлкенің ойы-қырын, ойы-қырын ғана емес, қоғамның тыныс-тіршілігін толайым танытса керек. Зерек көңіл ел ішіндегі ахуалды түбегейлі ұғып, санасында безбендеп, адас-тырмас жолын таңдаса керек-ті. Газет жұмысы балауса қаламды ұштап, өнерін өрістете түскен. Екі жылдан кейін туған өлкеге оралып, «Колхоз жолы» газетіне орналасады. Сөз арасында сыналап «Колхоз жолы» газетінің қазіргі «Көкшетау» газетінің бастау алған басылымы екендігін айта кеткеніміз де жөн шығар. Осы газетте талант толыса түскен, таным кеңейген. Бойындағы дарын өзгеше өріс ашқан. Жалғыз газеттің шаруасы ғана емес, әдеби әлемнің де табалдырығын аттаған. Ендігі арада барынша шымырланған, толысқан қаламнан көркем әңгімелер, ойлы очерктер туа бастаған. Оқыған жанның жанын жадырататын, күлкі шақыратын скечтер жазыла бастаған. Міне, осындай өнімді жұмысының арқасында ел назарына іліккен, бойындағы талантын танытып үлгерген.
Арада бірер жыл өткен соң, яки 1933 жылы Алматы қаласына келіп, «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа орналасқан. Шахмет Құсайыновтың қазақ әдебиетіне шындап араласқан, толымды үлес қосқан тұсы дәл осы жылдардан бастау алады. Әдебиеттің ең қиын жанры болып саналатын, шынайы шеберлікті қажет ететін драматургияға біржола ден қойған. Жөпшеңдіге алғыза қоймайтын биік шың табиғи талантпен қоса, берік білімді де қажет етеді. Онсыз армандай алыс болып көрінетін асқар таудың басына табан тіреу жоқ. Сондықтан да болар, 1934 жылы Мәскеудегі А.Луначарский атындағы ГИТИС-тің режиссерлік факультетіне түсіп, 1937 жылы бітіріп шығады. Одан соңғы еңбек жолы Семей мен Оралда жалғасқан.
Өне бойы таспадай тартылған түзу жол жоқ. Алға озғанды, таланты кемел, талабы басым адамды көре алмаушылық кездесіп жатады емес пе? Мұндай қасіреттен Шахаң да сау қалмаса керек. Семейде жүргенінде қудалаудың да дәмін татқан. Шындығында оған Мағжан ақынның шәкірті, өзі де ұлтшыл деген айып тағылыпты. Бүгінгі күннің биігінен қарасаң, Мағжанның шәкірті болу, ұлтын сүю мақтауға тұратын-ақ дүние. Ал, кешегі кеңес заманында қарғыстан бетер қара таңба  болып есептелген.
Арада бірер жыл өткен соң Шахмет Құсайынов өнер-білімнің ордасы астанаға қайта оралып, Қазақ академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген. Иә, осы театрда қызмет істей жүріп, Бикен Римова жеңгемізбен тағдыр жолықтырып, табыстырған. Қос жұлдыз қатар аққан қос өзен тәрізді өнер өлкесінде өршіл леппен ағып, жағалаудағы көк құрақты, яки, өнеріне сүйсінген, талантына табынған қара ормандай қалың елді рухани нәрімен сусындатып, қалтқысыз қызмет еткен.
Жазушы-драматург Шахмет Құсайыновтың қаламынан талай-талай өміршең дүниелер туды. «Көктем желі», «Есірткен ерке», «Ертіс жағасында», «Таныс адамдар», «Күн шуақта», «Боран», «Амангелді», «Шаншарлар», «Біздің Ғани», «Қайран, Гәкку», «Әл-Фараби», «Сырымбет саласында», «Қилы-қилы тағдырлар» тәрізді қазақтың театр сахнасына көрік берген құнды дүниелер. Оған қоса В.Абызовпен бірігіп, «Шабандоз қыз», «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасында» атты көркем фильмдердің сценарийі мен киноповестер жазған. Жазушы-драматургтың ғұмыр бойы әз жаны сүйіп, тұла бойындағы бар күш-жігерін, талантын қоса жұмсап жазған дүниелерін саралап шығу мүмкін емес. Біз тек үстінен қалқып қана айта алдық.
1996 жылы қазақтың талантты жазушы-драматургы Шахмет Құсайыновтың ардақты есімі біздің театрымызға берілді. Содан бері Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры жазушы-драматургтың есімімен аталады. Біздің ұжым драма саласында тыңнан түрен тартқан айрықша талантты Шахаңның есімін жоғары ұстап, ұжымдаса еңбек етуде. Бұл енді бөлек әңгіме. Бүгінгі айтарымыз, Шахаңның туғанына 110 жыл толу мерекесі өнердің мерекесі ретінде қауымға шаттық сыйлап, рухани нәр құйып өтсе екен дейміз. Рас, жазушы-драматургтың өзі оқыған Айыртау ауданындағы Қаратал орта мектебіне 1975 жылы есімі берілген болатын. Туған жеріндегі тіршілік қарекеті өз алдына бір басқа. Алашқа ортақ, адамзатқа бірдей алыптың артында қалған мұрасын тағы бір жинақтап, саралап, басып шығарса да еш артықтығы болмас еді. Өйткені, ол туындыларда бүгінгі күннің тақырыбы тұнып тұр.
Сондықтан да, дара тұлғаның туғанына 110 жыл толуын өз деңгейінде атап өту шарасын осы бастан қолға алсақ нұр үстіне нұр.   

Марал ЖАҚЫПОВА,
Ш.Құсайынов атындағы  Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар