Он тоғызында от кешкен

қаламгер аға жайлы ой орамдары

 …Мамыр айының шуақты күндері еді. Одан бері де отыз жылдың өрмегі артта қалыпты-ау. Жеңіс мерекесі қарсаңында редакциямызға еңбек ететін майдангер ағаларымызбен ұжым мүшелерінің кездесуін ұйымдастыруды редакторымыз, кәсіподақ комитетінің төрағасы маған жүктеген еді.
…Әне-міне дегенше редакторымыз Әнуар Ипмағамбетов бастаған Сапар Сайдалин, Әскен Нәбиев, Ғинаят Қасенов ағаларымыз жиналған қызметкерлеріміздің ду қол шапалақтауымен төрдегі столға келіп жайғасты. Жүздесу сұрақ-жауап барысында өрбіп, ағаларымыз майдан жорықтары, қарулас жолдастары жайлы әңгімелеп, кейбір күлкілі жайлармен де бәрімізді езу тартқызғаны жадымызда.
…Иә, сұрапыл соғыс сол жылдардың ұрпақтарын ерте есейткенін білеміз. Олай дейтініміз, бұған дейін де редакцияда бірге қызмет етіп жүрген  Әнуар Ипмағамбетов, Сапар Сайдалин, Әскен Нәбиев ағаларымыздың естеліктеріне куәгер болғанбыз да. Ал, Ғинекең, Ғинаят Қасенов болса, біздің ұжымға жуырда облыстық телерадиокомитетінен бөлім меңгерушілігіне ауысып келген болатын.
Кездесу қызықты өтті, қаламгер ағаларымызға ескерткіш сый-кәделер жасап, гүлдестелерін сыйлап, ескерткіш суретке түскен едік.
…Сол жүздесудегі Ғинаят ағамыздың мына бір айтқандары жадымда қалыпты.
–Рас, біз ерте есейдік. Мектеп бітіретін жылы соғыс басталды. Бүкіл класымызбен майданға сұранып, әскери комиссариаттың алдына күн құрғатпай келетінбіз. Отанымызға көз алартқан зұлым жауға деген ашу, ыза-кекті қайда жұмсарымызды білмеуші едік…
…Ақыры 1942 жылдың ақпан айында сол кездегі Көкшетау облысы Степняк қаласындағы өзі қатарлы бір топ жасөспірім жігіттермен Ғинекең де қызыл әскер қатарына шақырылып, Ташкент қаласындағы әскери училищеге, қысқа мерзімді дайындық курсында минометшілер әзірлейтін топта соғыс жаттығуларына кіріседі.
Алты айлық оқу мерзімі аяқталған соң сержант Ғинаят Қасенов өзге де қарулас жолдастарымен бірге Сталинградты қорғауға аттанады.
…Тарихи деректерден мәлім болғандай, Сталинград шайқасының қорғанысы 1942 жылдың шілде айы мен қараша айы аралығы кезеңіне, ал, шабуыл мерзімі 1942 жылдың қараша айынан 1943 жылдың ақпан айы аралығына белгіленген еді. Ал, майданның қорғаныс шебінің ұзындығы 530 километрге дейінгі аумақты қамтыған болатын. Жаудың Сталинград бағытындағы 6 армиясының құрамында 18 дивизиясы, 250 мыңдай әскері, қыруар ұшақ, басқа да техникалық қару-жарақтары болды. Ал, біздің қызыл әскерлеріміздің күші әлдеқайда аз еді.
…Қанды шайқастағы біздің жауынгерлерге жау әскерлері қаншама ажал оғын төкті десеңізші… Ал, біздің жауынгерлеріміз қас дұшпанға тойтарыс берумен қатар, берік қорғаныс шебін де құра білді. Бәрінің жадында Бас қолбасшы И.Сталиннің 1942   жылғы 17 шілдедегі «Бір адым да кейін шегінуге болмайды», –  деген бұйрығы. Жаудың беті қайтты, маңдайы тасқа соғылды. Әр көше,  елді мекен үшін қасық қандары қалғанша соғысқан жауынгерлер қатарында аға сержант Ғинаят Қасеновтың минометшілер құрамы да бар еді.
Сталинград шайқасы 1943 жылдың 2 ақпанында Қызыл Армияның жеңісімен аяқталды. Генерал-фельдмаршал Ф.Пулюс жеңілген құрамаларымен тұтқынға алынды. …Жеңіс мерекесі қарсаңында біз Ғинекеңнің отбасында болып, зайыбы, ардагер ұстаз, есімі облысымыздан да тысқары жерге мәлім, республикамыздың оқу-ағарту саласына айрықша еңбегі сіңген әпкеміз Әлия Назарқызымен жүздескен едік. Сондағы жеке мұрағаттағы мына бір деректерге назар аударғанды жөн көріп отырмыз. Қолымыздағы марапатқа толтырылған парақшаның көшірмесіндегі жолдарды түпнұсқа бойынша келтірелік: «…за то что в наступательных боях за село Андреевка, Барваровка, Нариман и высоту 97,5 Сталинградской области его расчет уничтожил минометом 85 фашистов и разбил 6 блиндажей противника. В боях с 10.1.43 года по 25.1.43 года работая старшиной роты обеспечил бесперебойную доставку боеприпасов на огневые позиции  роты».
Міне, ерлік! Бір ұрыс кезінде 85 дұшпанның көзін жойған. Жоғарыдағы құжаттан бізге мәлім болғандай Ғинекеңнің минометшілер құрамасындағы жауынгерлердің барлығы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Аға сержант Ғинаят Қасенов бұған қоса «Сталинградты қорғағаны үшін» медалін кеудесіне тақты. Ал, осы Сталинград шайқасында көзге түскен 62-армияның құрамындағы жауынгерлердің басым бөлігі біздің жерлестеріміз еді.
Сталинград шайқасының жеңісі майдандағы жауынгерлердің рухын көтеріп, жігерін шыңдағандай еді. Бұдан кейін ардагер ағамыздың минометшілер құрамасы орталық майданның сапында Отан соғысы тарихындағы сұрапыл шайқас – Курск-Орлов иініндегі ұрыстарға қатысты. Осы Курск иінінде жаудың 30-дан астам дивизиясының, 500 мыңнан астам жауынгерлері жер құшты. Қаншама соғыс техникасы майдан даласында жер жастанды. Ал, Мәскеуде осы Жеңістің құрметіне Ұлы Отан соғысы тарихында тұңғыш рет салют берілді.
…Ғинаят ағамыз майдан жорықтарында полк комсомол ұйымының жетекшісі болумен бірге жас жауынгерлердің майдандық газеті редакторы міндетін де қоса атқарды. 1943 жылы партия қатарына қабылданады. Өкініштісі сол, кезекті бір шайқас кезінде ауыр жараланып, біраз емделгеннен кейін әскери медициналық сарапшылардың ұйғарымымен елге қайтарылады.
…Жау бекінген қалалар мен ірі елді мекендер бірінен соң бірі азат етіліп, қас дұшпанның ордасында Жеңіс туы желбіреген күнді Ғинаят Қасенов туған жерде – Степняк қаласында қарсы алды. Бұл кезде ол орыс тілінде шығатын аудандық газеттің жауапты хатшысы болып еңбек ететін. Жұмыстан қол үзбей жүріп Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып тәмамдады.
1947 жылы қызмет бабымен облыс орталығына қоныс аударып, қалалық, облыстық партия комитеттерінде жауапты қызметтерде болды. Ал, 1952 жылы басшы органдардың ұйғарымымен өлкелік, кейін облыстық телерадиокомитетінің бас редакторы қызметтерін атқарып, соңғы жылдары біздің облыстық «Арқа ажары» («Коммунизм нұры») газетінде қызмет етті.
…Ғинаят ағамыз   облыстық телерадиокомитет ұжымының өсіп-өркендеуі, оның материалдық-техникалық негізінің жарақтануына, кадрлармен толығуына лайықты үлес қосқанын айта кетуіміз керек.
Небір алқалы бас қосуларға, шетелдерден келген делегация өкілдерін, үкімет басшыларын қарсы алуға ұжым басшысы И.Козьмин осы Ғинекеңді жібергенінің талай рет куәгері болған едік. Ағамыз қалалық, облыстық кеңесінің депутаты ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты, шығармашылық жұмысты да қоса атқарып, облыс жұртшылығы назарын аударған бірнеше телерадио очерктердің, проблемалық мақалалардың авторы ретінде де таныла білді. Бірнеше үкімет наградаларымен марапатталды да.
…1951 жылы Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының түлегі Әлия Назарқызымен шаңырақ көтеріп,  төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Бәрін жоғары білімді құрбылары қатарына қосты.
…Ең өкініштісі сол, бүгінде ардагер ағамыз арамызда жоқ. Әлия апайымыз айтады: «Бір отбасынан үш ағайынды азамат Ұлы Отан соғысына аттанып  еді. Соның бірі хабарсыз кетті де, ағасы Қанапия екеуі аман оралды. Ал, Ғинаят ағаларыңның өзі сол соғыстан алған жарақатының зардабы болар, осы күнге жете алмады. Соған өкінемін…».
…Замандастары секілді он тоғызында от кешкен  Ғинаят Қасенов ағамыз да өз кезеңінің, өсіп-өнген, тәрбиеленген ортасының перзенті болды. Отаным деп білген Одақ үшін от кешті. Ал, бүгінгі ұрпақ біздерге Ұлы Отан соғысының дүбірі алыстаған са-йын оның жаңғырығы жақындай түскендей көрінеді.
…Осы жазбаларды жастық шақтарын жер бауырлап өткізген өзге де майдангер ағаларымыздың рухына арнадым.
Ел тарихы ерлер есіміне байланысты екенін есте сақтайық, ағайын!
Бадуан ИМАШҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар