Жәлел атаның шөбересімін

Кейінгі ұрпақ, біздер сұм соғысты көрмесек те, осынау қиын-қыстау кезең жайлы ата-әжелеріміздің әңгімесінен естіп өстік. Атам Марат Оспанов әсіресе, нағашысы Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов жайлы көп айтады.

Ол кісі соғыста ерлігімен көзге түсіп, 1944 жылдың маусым айында Бас қолбасшы, маршал Тимошенконың бұйрығымен елге жиырма күнге демалысқа жіберілген деседі. Сөйтіп, Қызылжар қаласында батырды облыс басшыларымен бірге ақын Молдахмет Тырбиев қарсы алған. Сол кезде «Қош келдің, Жәлел батыр жеткіншегім, дұшпанға жібермеген елдің кегін», – деп жырлаған екен ақын.
Менің бабам Жәлел Қизатовқа жиырма үш жасында Кеңес Одағының Батыры атағы беріліпті. Ол бейбіт күнде де биіктен көріне білген өте еңбекқор жан болатын дейді атам. Төрт мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, еліміз тәуелсіздік алған жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Сонымен қатар, бейбіт заманда да батыр бабамыз қиындықты көп көрген екен. Халқымыздың біртуар перзенті Жұмабек Тәшеневтің жағында болғаны үшін жазаланып, қызметінен де қуылды. Кеңес Үкіметінің құйтырқы әрекетін әшкерелемек болғаны үшін оған ұлтшыл деген айып тағылған. Еліміздің батыр ұлы Жәлел Қизатов біраз қазақ балаларының  азамат болып қалыптасуына да зор үлес қосты. Әсіресе, Еркін Әуелбеков, Мақтай Сағдиевті, техникумда бірге оқыған досы Бәйкен Әшімовті аузынан тастамағанын атам ылғи да айтып отырады.
 Біздің елімізден Ұлы Отан соғысына аттанған сарбаздарда сан жоқ. Бүгінде оларды ұрпақтары сағына еске алады, ерліктерін мақтан етеді. Демек, біз барлығымыз Отан үшін от кешкен батырлардың жалғасымыз. Олар бізге бейбіт өмірді  аманат етті. Ендеше, аманатқа қиянат жасамай, тату-тәтті өмір сүрейік.  Өткен 9 мамыр күні атамызға 95 жыл толуына орай, ауылында ас беріліп, рухына дұға бағышталды. Қаншама жыл өтсе де, сұрапыл соғыста аға ұрпақтың көрсеткен ерліктері ешқашан да ұмытылмайтынына көзіміз жетеді.

Ақшанұр ОСПАНОВА,
Елтай орта мектебінің оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар