Майдангерлердің рухына арналды

Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толып, айтулы мереке еліміздің түкпір-түкпірінде ерекше атап өтілді. Әр шаңырақтан аттанған ер азаматтар туған жері үшін қасық қанын қиып, майдан даласында ерлік көрсетіп, жандарын пида етті. Біздің елден де бір қауым азаматтар Отан тыныштығы үшін зұлым жаумен шайқасып, ұрпағына бейбіт күн сыйлады.

Дөңгілағаш ауылынан 1941 жылы майдан даласына 63 ер азамат аттанды. Қанды шайқас жылдары кей отбасыларға қара қағаз келіп, азаматын күтіп отырған ақ жаулықты аналар мен балалардың қабырғалары қайысып, бар ауыртпалықты көтере білді. 36 ер азамат соғыста хабар-ошарсыз кетіп, оралмады.
1945 жылдың көктемінде Жеңіс таңы атып, жауды жеңіп, елге оралған 27 азамат соғыстан кейінгі қиын жылдарда ел экономикасын, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін аянбай еңбек етті. Олардың көбі ел үшін жасаған еңбектері үшін «Ленин», «Қызыл Ту» ордендерімен және «Ерен ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Бүгінде олардың бірі де қалмады. Дегенмен, олардың есімдері мен ел үшін жасаған ерліктері ұрпақ жадында мәңгі қалары сөзсіз. Ауыл болып күткен Ұлы Жеңіс күнін мерекелеуге олардың артында қалған ұрпақтары атсалысып, 9 мамыр күні Дөңгілағашта үлкен той өткізді.
Ауылдағы Ұлы Отан соғысының боздақтарына арнап орнатылған ескерткішті мектеп оқушылары ерекше күтімге алыпты. Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, оның жанында салтанатты іс-шара өткізіліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Кейін ауыл мешітінде соғыс ардагерлерінің рухына Құран бағышталып, ас берілді. Бұдан соң ауылда Ұлы Отан соғысының боздақтарына арналған музей ашылды. Осы тойдың жоғары дәрежеде өтуіне ауыл мектебінің ұстаздары мен оқушылары көп үлес қосты. Сондай-ақ, шараны ұйымдастыру барысында тынымсыз еңбек еткен Әбітар Жахин секілді ауыл азаматына елдің ризашылығы зор.

Қалымтай МҮСІЛІМҰЛЫ,
зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар