Шарапатты ғұмыр

Ғұмыры қысқа болса да, нардың жүгін көтерген, кіршіксіз тазалық пен адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, бар саналы ғұмырын туған еліне қалтқысыз еңбек етуге арнаған адал азамат Ақпан Үкібаев Ерейментау ауданының тумасы.

1920 жылы Ерейменнің тұңғыш қой артельдері шопандарының балалары үшін бастауыш мектеп ұйымдастырылса, соның түлектерінің бірі  Ақпан Үкібаев болды. Бұдан кейін ол осы ауданның Благодатный елді мекеніндегі мектеп-интернатта оқуын жалғастырады. Содан 1934 жылы оқу іздеп Алматыға келеді. Қаржы техникумында оқып жүрген кезінде әскерге алынып, 1939 жылдан 1946 жылдың аяғына дейін әскери қызметті абыроймен атқарды. Ел қорғап, жаумен бетпе-бет айқасқан қазақ офицері, капитан Үкібаев 201-інші атқыштар дивизиясының батарея командирі болған.
Одан кейінгі бейбіт заманда, 1947 жылдан бастап Ақмолада облыстық атқару комитетінің нұсқаушысы, бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Зейінді жан кейіндері Алматыдағы жоғары партия мектебі мен мұғалімдер институтын бір мезгілде аяқтап, елге оралады. Тың эпопеясы басталғанға дейін ол Ақмола облысының Шортанды ауданындағы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде істейді. Нар тұлғалы ағаның ұйымдастырушылық қабілеті, іскер мінезі тыңда құрылған Есіл, Қима, Жақсы, Державин аудандарында жарқ етіп көрініс берді.
Тың төскейінде үзеңгілес жолдас, аға-іні болған азаматтар Ақпан Үкібаев туралы толғана отырып сыр ашатын. Көзі тірісінде Ақмоланың құрметті азаматы, ел ақсақалы болған, жасы 100-ге таяса да ақыл-ойы тың Мұқат Мейірмановтың бізге айтқан соңғы бір әңгімесі диктофон таспасына жазылып қалып еді: «Ақпан жігіттің төресі еді. Ұрсу-зеку дегенді білмейтін. Үлкен-кішінің ықыбын оңай табатын. Кейбір бастықсымақтарға тән паңдық, кісімсу деген жаман қасиеттер оның бойында мүлдем болған емес. Сол үшін шығар, орыс-қазағы оны бірдей қадір тұтты. Қандай арыз-шағым түссе де, істің байыбына бармай, шолақ шешім қабылдамаушы еді. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарын басқарған В.П.Демиденкоға көп өнеге, тәлім-тәрбие берген осы кісі. Соны есіне түсіріп, оның көзіне жас алғанын талай естідім, көрдім де».
Екінші бір әңгіме Қазақстанның көрнекті қайраткерлерінің бірі Сәттар Имашевпен болған кездесуге байланысты. Ақпан тың көтеріліп, ел басшылығы жер-жерлерде бөгде ұлт адамдарының қолына жаппай көшіп жатқан кезде, ұлттық кадрларды өсіру жөнінен  осы кісімен жолығады. Екі жоғары білімі бар Мұхиден Ыбраев деген азаматты жоғарылату жөнінен ол сөз қозғапты. Имашев болса: «… онсыз да төңірегімде қазақ көбейіп кетті, сөз қылады, өсек тарайды», – деп одан бойын ала қашқан. Сонда Ақпан: «Әй, Сәке-ай, азғантай қазағымыздан жасырынып қайда барып күн көреміз, көбейсе көбейе берсін. Қазақстан  біздің ұлы мекеніміз емес пе?!» – деген екен. Күрмеуі күрделі мәселелерді Ақпан Үкібаев әрдайым ұтымды шешіп отырған. Оның ағалық шапағатын көрген Василий Демиденко, Еркін Әуелбеков, Әділхан Шабатов сынды көптеген жас кейін шынайы мемлекет қайраткерлеріне айналды.
Соғыс ардагері, тың өлкесі белсенділерінің бірі болған Сейітжан Жақыпов ақсақал да Ақаңның жайсаң мінез ерекшелігіне ерекше сипаттама берген еді: «Манап Тәшенов Есіл ауданының бірінші хатшысы болған кезде Ақпан Үкібаев аудандық атқару комитетіне төрағалық етті. Алқалы мәжілістерде бірінші хатшы Манап Тәшенов Ақаңсыз тоқетер сөзін, жиынның шешімін айтпаушы еді. Екеуі өте тату-тәтті жұмыс істеді. Соның арқасында аудан өркендеп, елдің жағдайы түзелді».
Тыңның ардагері, қарт журналист Николай Колинко 2004 жылдың 14 қаңтарындағы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Память сердца» атты көлемді мақаласында Ақпан Үкібаев жөнінен: «… осы бір мейірімді жанды үнемі толғаныспен әрі алғысқа толы сезіммен еске аламын. Қазақ жеріндегі алғашқы өмірлік қадамдарыма әкелік қамқорлық жасаған осы кісі еді», – деген жылы лебізін айтқан.
Кейін Ақпан Үкібаев жаңадан құрылған Державин ауданына бірінші хатшы болып тағайындалады. Құба жонда ол айналасы 3 жылдың ішінде әдемі қала тұрғыза білді. Бүгіндері осы ағамыздың қолтаңбасы қалған тың өлкесінде оның атында мектеп пен көше бар. Әрине, бұны оған деген сол жердегі елдің құрметі мен алғысы деп түсіну керек.  Ұлы Отан соғысының бас-аяғын бірдей көрген жауынгер ағамыз осылайша тың көтеруде де жүктелген ауыр тапсырмаларды аяғына дейін абыроймен атқара білді. Көрігі қызған еңбек төскейінде жүргенде ол бірнеше мәрте мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаевпен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшеневпен кездескен. Бұл туралы естеліктер де  жеткілікті. Ағамыз Есіл өңірінде де есте қаларлықтай еңбек етті. Оның тікелей атсалысуымен іргелі шаруашылықтар құрылып, шамалы уақыт ішінде халқының, елінің несібесі артты. Ол Кеңес Одағының ең жоғары наградаларына ұсынылып, Қазақ ССР-і  Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Келісті кемел шағында қызмет сатысы жоғары өрлеп, жұлдызы жанған қазақ азаматтарының қатарына қосылды.
Ақаң көп ұзамай жоғарғы жақтың қолдауымен Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына ұсынылады. Шамалы уақыттан кейін сол облыстың атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Ақпан Үкібаев басқарған уақытта елдің экономикасы мен мәдениеті өрлеген үстіне өрлей түсті. Оның бала күннен бірге өскен жолдасы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Орталық партия бақылау комиссиясының төрағасы болған Аманжол Қалықов «Нива» журналында басылған «Исповедь детдомовца» атты мақаласында қимас досының өмірінен есте қаларлықтай деректер жариялаған. «Соғыстан кейін, әсіресе тың көтеру жылдарында менің досым әрі жерлесім Ақпан Үкібаев ерекше тұлғаланып көрінді. Ол үлкен мемлекеттік қызметтерді атқарды, бірақ соған қарамастан, мейлінше кішіпейіл, қарапайым кісі болды. Жұмыс үшін, елі үшін жанын беретін еңіреген ерлердің бірі еді. Сондай жағдайда жүргенде автомобиль апатынан қаза тапты. Әйтпегенде оның шығар биігі әлі алда еді. 1963 жылға дейін мен мұндай кісі жерлеу рәсімін көрген емеспін. Оны соңғы сапарға шығарып салуға Петропавлға тың өлкесінің бес облысынан, Алматыдан сыйлас дос-жарандары көп жиналды. Қар аралас суық жаңбырға қарамастан, адамдар легі қала мен зират арасын үзбей жалғастырып тұрды. Бес шақырымға созылса да қимас жандар жаяу-жалпылай зиратқа барып, аяулы досқа ерекше құрмет көрсеткендері әлі көз алдымда», – делінген мазмұнды мақалада.
Ұлы бабамыз Бұқар жыраудың толғауында: «Ақиықты аспанға ұшпастай қылып торлады, құлағанға ұқсайды қазақтың қамал қорғаны» деген өлең жолдары бар. Сонда айтылғандай, сұм ажал оны бар болғаны 44 жасында ортамыздан алып кетті. Аз жасап, көп іс тындырған халқымыздың ардақтысы Ақпан Үкібаевтың арамыздан кеткеніне 50 жылдан астам уақыт өтіпті. Бірақ, бауырмал жанның жарқын бейнесі, өнегелі ісі көпшіліктің көңілінде ұмытылмастай із қалдырған. Ұлы Жеңістің 70 жылдығында қажыр-қайраты зор осындай аптал азаматтар туралы айтуды өзіме міндет санадым.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар