Міндетіне берік емдеу мекемесі

Бұдан бірнеше жыл бұрын бұл мекемеге кіргенде іші түнеріп, жетімнің күйін кешкен баладай жабырқап тұратын.  Сонда мұндағы көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасымен, мекеме жағдайымен танысуға келген ел азаматтарының әрқайсысына «осы маған қашан назар аударылып,  қашан жайнап, жарқырап тұрар екенмін?» деп сұранып тұратындай көрінуші еді.  Ол күн де туды. Былтыр ғимарат  салынғаннан бері бірінші рет күрделі жөндеу жүргізіліп, көркейіп шыға келді. Бұл қай мекеме дейсіздер ғой? Көкшетау қалалық емханасы.

Көкшетау қалалық емханасы 1989 жылдан бері тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, аурулардың алдын алу шараларын жүргізіп келеді. Содан бері сәті түсіп, былтыр жергілікті бюджеттен 119 миллион теңге көлемінде қомақты қаржы қарастырылып, мекеме төрт ай ішінде толық жөндеуден өтті. Есік, терезеден бастап, су құбырлары мен электр, инженерлік желілеріне дейін толықтай жаңартылды. Мекеме ішін аралап көрсеңіздер, бұрынғы емхананы танымай қаласыз. Қазіргі заманғы құрылыс материалдарымен жаңартылған мекемеде өткен жылдың 31 желтоқсанында мемлекеттік қабылдау өткізіліп, оның күрделі жөндеуден кейінгі санитарлық нормаларға сәйкестігі тексеріліп, пайдалануға толық берілді.   
Бүгінде мекемені «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі», жоғары санатты дәрігер Ғалия Сабатаева басқаруда. 2005 жылға дейін аталмыш емханада аллерголог дәрігер болып жұмыс істеген ол бірнеше жыл облыстық денсаулық сақтау басқармасында бөлім басшысының қызметін атқарған.  2009 жылы соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне арналған арнайы мамандандырылған емханаға бас дәрігер болып тағайындалған. Ал, 2011 жылдан бастап, осы Көкшетау қалалық емханасына бас дәрігер болып бекітілген.
Бүгінде Әуелбеков көшесінде орналасқан бұл медициналық емханаға қарасты Горький көшесінің бойындағы балалар бөлімшесі, Ж.Сайн және Боровской көшелерінде орналасқан отбасылық денсаулық орталықтары бөлімшелері де тұрғындарды дер кезінде қабылдап, медициналық көмек көрсетуде. Жалпы, Көкшетау қалалық емханасының қызметкерлері 78 мыңнан астам қала тұрғынына медициналық көмектің кез-келген түрін көрсетеді. Бұның ішінде 17 мыңдайы балалар мен жасөспірімдер. Сондай-ақ, емханада екі фельдшерлік бригада жедел жәрдем қызметі сияқты тұрғындарға шұғыл медициналық қызмет көрсету мақсатында  жұмыс істейді. Мәселен, созылмалы аурулар бойынша тіркеуде тұрған науқастың қан қысымы жоғарылап кеткенде немесе қатты ауырып қалған жағдайда, емханаға келе алмайтындай болса, бригада көмекке барады. Бұл қызмет былтырғы жылдан бері қолға алынып, науқастар тарапынан алғысқа ие болып отыр. Сондай-ақ, бригадаларды қажетті жерге жеткізетін медициналық жедел жәрдем көліктері бар. Жалпы, емхана базасына 8 автокөлік  бекітіліпті.
–Қалалық емханада барлығы 42 учаске жұмыс істейді. Оның жиырмасы учаскелік терапевтік, он бірі отбасылық дәрігерлер учаскесі, он бірі балалар учаскесі болып табылады. Көбіне мұнда байырғы жер үйлердің тұрғындары қаралады. Қысқы уақытта медициналық тексерістен өтуге шақырғанда не болмаса жедел жәрдем бригадасын жібергенде жолда қиыншылықтар туындап жатады. Сондай-ақ, емхана нормасына сәйкес, біз бір ауысымда, яғни таңертеңнен түске дейін 375 адам қабылдап, күніне 750 тұрғынға қызмет көрсетуіміз қажет. Алайда, бізге адамдардың көп келуіне байланысты күніне 1200-1600 адамға, яғни, мөлшерден екі есе артық қызмет көрсететін жағдайлар да орын алып тұрады. Медицина қызметкерлеріне де оңайға соқпайтыны рас. Орталық емхана болғандықтан, халықтың көбі бұрыннан осында келіп қаралады, –дейді халық саулығы, ұлт болашағы үшін қызмет атқарып жүрген бас дәрігер Ғалия Зиябекқызы.
Медициналық көмек көрсету, клиникалық-диагностикалық талдаулар жүргізетін кабинеттер мен зертханалар заманға сай құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жақында емхананың талдау-анықтау жүргізетін кабинеттері онкологиялық ауруларды анықтауға арналған «эндовидеоколоскопия», жүректің ишемиялық ауруларын анықтайтын «тредмил-тест» және оптикалық когеренттік томограф құрал-жабдықтарымен толықтырылды.
Бүгінде қалалық емханада 91 дәрігер халық денсаулығы үшін жұмыс істейді, олардың 55-інде дәрігерлік санаттары бар, орта буын қызметкерлері, яғни медбикелер 330. Сонымен қатар, 11 дәрігер – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздіктері. Емханадағы дәрігерлердің орташа еңбекақысы 140 мың теңгені құрайды. Былтыр Жанар Төлеубаева деген медбикеміз «Үздік медбике» республикалық байқауына қатысып, емхананың мерейін үстем етіп, жеңіспен оралыпты. Биылғы жылы аталмыш байқауға қатысқан Инна Саракатая есімді медбике өз деңгейінде бар шеберлігін көрсетіп, екінші орыннан көрініпті.
Бүгінде еліміздің кез-келген медициналық мекемесіне кадрлар жағы қалай, мамандар жеткілікті ме деген сауал жолдасақ, кадр тапшылығын айтады. Мекемеге арнайы барғаннан кейін, осы мәселеге де көңіл аударуды жөн санадық.
–Қазіргі уақытта мекемеге жиырмаға жуық дәрігер керек. Олардың ішінде невропатолог, кардиолог, рентгенолог, УДЗ мамандары өте қажет. 2013 жылы мекеме қорынан арнайы қаражат бөліп, екі жас маманды невропотолог дәрігер мамандығына оқытып, бұл жағын өзімізше шешкендей болып едік, бірақ, олар қыз балалар болғандықтан біреуі бала күтімімен декреттік демалысқа кетті, біреуі басқа жаққа тұрмысқа шығып кетті. Өткен жылы да екі кардиолог маманды  оқытып едім, оның біреуі биыл декреттік демалысқа кетіп қалды, қазіргі таңда төрт кардиолог болу керек, бірақ, бізде қазір екеу ғана. Мамандар жетіспейді деп қарап отыруға болмайды, Астана, Қарағанды қалаларындағы медициналық оқу орындарының түлектеріне арналған вакансиялар жәрмеңкесіне қатысып, емханаға қажетті кадрлар бойынша жас мамандарға ұсыныс жасап, жұмысқа шақырамыз. Былтыр осындай жұмыс нәтижесінде 7 дәрігер қабылдадық, биыл да 7 дәрігерді күтіп отырмыз. «Сананы тұрмыс билейді» демекші, жас мамандардың көбі тұратын баспанасы болмағандықтан, Көкшетауға келгілері келмейді. Сондықтан, оларға медицина қызметкерлерінің жатақханасынан бөлме немесе мекеменің базасындағы пәтерлер бос болса, содан бір пәтер қарастырып, үйлестіріп, қолдан келгенше жағдай жасауға тырысамын. Биылғы жылы емханаға екі пәтер берілмекші, оған екі дәрігерімізді орналастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, мекеме қорынан жаңадан келген жас мамандарға 150 мың теңге көлемінде көтермеақы беруді дәстүрге айналдырдық. Оқуын бітіріп келген маманға жағдайын жасап алу үшін бұл қаражат аз емес деп ойлаймын. Осылайша, келген мамандарға қолдан келген көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Мен халыққа дұрыс әрі сапалы қызмет көрсету үшін жас мамандардың оқуына қаражатты аямаймын. Өткен жылы 10 миллион теңге көлеміндегі ақшаны мамандардың біліктілігін арттыруға жұмсадық. Көбінесе, оқытатын мамандарды осында шақыртамын. Бұл бір жағынан қызметкерлерге де ыңғайлы, жұмыстан қол үзбейді және оқуын да оқиды. Жақында 20 дәрігер біліктілігін арттырды. Олар жүрек-қан тамырлары жүйесі бойынша оқыды. Күні кеше 42 медбике оқуын бастап кетті, –деді кадрлар мәселесін қолдан келгенше шешіп жатқан емхананың бас дәрігері Ғалия Сабатаева.  
Дәрігерлерді жұмысқа қабылдаған кезде бас дәрігер тарапынан қойылатын басты талап – келушілерге сапалы әрі қолжетімді медициналық  көмек көрсету, кез-келген науқасқа адамгершілік тұрғысында келіп, қолынан келген көмегін беру, түсіністікпен қарау. Жас мамандардың арасында оқу орнын тәмамдап, жұмысқа орналасқаннан кейін «мен бәрін білемін, мен оқып келдім» деп, өздерінің «заңдарын» айтып шыға келетіндері де кездесіп жататыны жасырын емес. Бірақ, өмірде кітаптағы теориядай болмайтыны белгілі. Адам өмірі үшін жауапкершілік жүгі мол мамандықты таңдаған жас мамандармен бас дәрігер сөйлесіп, оларға тәжірибелі дәрігерлерді тәлімгер етіп белгілеп, арнайы жұмыстар жүргізеді екен.
Ұлт саулығы мен халық игілігі үшін қызмет етіп жатқан ақ халатты абзал жандардың  жұмысы қауырт. Біз де сол іске сәттілік тіледік.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар