Араға он үш жыл салып…

Астанада 20-21 маусым күндері үлкен бокс мерекесі болып өтті. Бүкіләлемдік бокс сериясының ақтық сайысында кубалық былғары қолғап шеберлерімен күш сынасқан  «Астана арландары» 6:4 есебімен жеңіске жетіп, екінші мәрте осы жобаның жеңімпазы атанды

  Бұл жеңіс оңайлықпен келмеді. Кубаның шетінен «сен тұр да мен атайын» тісқаққан жігіттері де Астанаға жайдан-жай келмегені, тек жеңіс үшін келгені белгілі еді.

Жарыс шымылдығын жерлесіміз Теміртас Жүсіпов пен Йоанис Оскар Аргилагос екеуінің жұбы ашты. Бұл кездесуде Теміртас айқын басымдылық танытып, бес раунд бойы қарсыласынан бір бас жоғары екендігін дәлелдеп шықты. Сөйтіп, 2002 жылы бірінші рет Чехияда, екінші рет Астанада екі дүркін Олимпиада чемпионы, үш дүркін Әлем чемпионы Марио Кинделанның өзін жеңген атақты жерлесіміз Руслан Мусиновтан кейін араға 13 жыл салып барып, тағы бір өреніміз  бүкіл қазақстандықтардың, соның ішінде туған жері – Ақмола, Көкше өңірлерінің мерейін осылай тасытты.
Жарыстың екінші күні  Хулио Сесар ла Крузбен сынға түскен тағы бір жерлесіміз Нұрдәулет Жарманов үшін де қуанар ма едік, бірақ, ол өкінішке орай, қарсыласынан жеңіліп қалды. Соған қарамастан, екі дүркін әлем чемпионына қарсы қаймықпай бокстасып, қолынан келгенінің бәрін жасаған Нұрдәулетке жанкүйерлер риза болды.
Шіркін, бабы келіскен осы спортшыларымыз күні ертең Бразилияда өтетін Олимпиадалық ойындарға қатысып, қанжығалары майланып жатса, төбеміз көкке жетер еді-ау. Бокстан Ақмолаға жетіспей келе жатқаны Олимпиаданың бір алтыны екені айдан анық қой!..

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар