Көңілде мол арман

 Облыс әкімі Сергей Кулагин Тәуелсіздік алаңында мектеп бітірген түлектердің салтанатты кешіне қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, үлкен өмір жолына қанат қаққан  жастарға сәт сапар тіледі.

  «Сәт сапар, түлектер – 2015!» атты салтанатты жиынға еңбек ардагерлері, білім беру саласының қызметкерлері мен ата-аналар қатысты. Тәуелсіздік алаңында еліміздің Әнұраны қалықтап, мерекелік көтеріңкі көңіл-күймен жадыраған халықтың қарасы көп болды.  Кеш мектеп оқушыларының салтанатты шеруімен басталды. Ал, салтанатты шара әрбір жас түлектің есінде мәңгі қалатындай әсерлі өтті. Бұл күн несімен есте қалмақ? Түлектердің оқу бітіріп, алтын ұя мектеппен қоштасар сәті де туды. Шоқ жұлдыздай жарқырап, үлкен өмірге қадам басқан бозбала мен бойжеткен үшін нағыз сынақ енді басталмақ. Алда әлі талай сын сағаты күтуде. Осынау жастық әуені қалықтаған жарқын сәтті олар тым асыға күткен болатын. Түлектер мен ата-аналарды және ұстаздарды құттықтай келген облыс әкімі Сергей Кулагин осынау жарқын сәтте жастарға  өзінің жүрекжарды лебізін жеткізіп,  оларға ақ жол тіледі.
Сондай-ақ, көкшетаулық 29 түлекке «Алтын белгі» төсбелгілерін табыс етті. Олардың ішінде Мәлік Ғабдуллин атындағы №3  көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының түлектері Әлен Жапар, Айшолпан Шәрім, Аяжан Айтжанова, Асхат Асанбаев пен №8 орта мектебінің оқушысы Әнел Жұматаева мен тағы басқалары бар. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жетістікке жеткен түлектер бағалы сыйлықтарға ие болды. Ерекше үлгідегі аттестатқа қол жеткізген 11 түлекке де арнайы құрмет көрсетілді.  
Осынау жарқын да жайдары сәтте мектеп бітірушілер де үнсіз қалмады. Көкшетау қаласының дарынды балаларға арналған   №1 облыстық мамандандырылған «Қазақ-түрік лицейі» мектеп-интернатының түлегі, «Алтын белгі» иегері Саян Қатренов он бір жыл бойы білім берген ұлағатты ұстаздары мен аяулы да ардақты ата-аналарына барлық мектеп бітірушілердің атынан алғыс айтты.
Амангелді Әлиқұлов  та жаңа өмірге қадам басқан жастарға әкелік ақ тілеуін арнап, ұлағатты ұстаздар қауымына зор ризашылық білдірді.  Әсем әуенмен шырайланған салтанатты кеш соңы отшашумен жалғасты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар