Бурабайды ән мен жыр әлдиледі

 Көрікті Бурабай баурайындағы «Жасыл орман» шипажайында «Burabay FEST – 2015» атты қазақстандық өнерлі жастар фестивалі болып өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды өнерпаздардың басын қосқан игі шараны «Көкше әуені» концерттік агенттігінің директоры Адам Хакім ұйымдастырды.

  Аталған фестиваль аясында халқымыздың дəстүрлі əндері айтылып, төл өнеріміз айтыс ұйымдастырылады дегенді естіп, біз де Бурабайға жетуге асықтық. Көліктен түскеніміз сол-ақ, құлағымызға домбыраның күмбірлеген дауысы естілді. Сол бір тəтті əуенге еріп, ашық аспан астында, көл жағасында айтысты тамашалап отырған көптің қатарына біз де қосылдық.
Бұрыннан ән мен жырдың киелі мекеніне айналып келген жер жәннаты Бурабай сахнасында қазақтың киелі қара домбырасынан күй төгіліп, сазды әуендер шырқалды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ақындар айтысы көпшіліктің делебесін қоздырып, патша көңілді көрерменді жақсы әсерде қалдырды. Жас та болса, сөзге жүйрік сегіз ақын төрт жұпта айтысқан жыр бәйгесін белгілі айтыскер ақын Арман Бердалин жүргізіп отырса, қазылар алқасына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыс орталығындағы Мəлік Ғабдуллин мұражайының директоры Құдайберлі Мырзабек төрағалық етті. Алғашқы жұп болып көкшетаулық Нұрислам Әбділ мен Екібастұз қаласынан келген Алмагүл Жүгінісқызы сахнаға шығып, тартысты өнер көрсетті. Екеуінің сөз додасынан жиналған қауым жеңге мен қайын інінің айтысын көре алды. Айтыстың шымылдығын жас ақын Нұрислам Әбділ ашып, алғашқы сөзінен-ақ қарсыласына осал еместігін байқатты.   
Екі аяқты, жұмыр басты пендеміз ғой,
Міне, бүгін тереземіз теңесті ғой.
Екібастұздан келіп тұрсыз жеңешежан,
Бүгінде айдарыңнан жел есті ғой.
Екі жастың арасына тұратындай,
Екібасты айдаһар емессіз ғой, –
деп, Кереку өңірінен келген Алмагүлге болашақ жар тауып бер деп қолқа салса, қарсыласының:  
Ұл, қыз деп маған жылаған,
Сіңілімді менің сұраған.
Сұраншыдайын батырдың,
Сұраншақ бопты-ау баласы.
Кешегі өткен серілер,
Арудың білген бағасын.
Айдан алыс жерлерге,
Алтындап аттың тағасын.
Өзі іздеп барған ед,
Сөзімнің қара сарасын.
Елінде мынау жатып ап,
«Қыз сұрағанын қарашы» деген жа-уабына көрермен қол шапалақтап, риза болды. Онан әрі де екеуінің айтысы өте қызықты өрбіді. «Бесігінен бөпесі батылдықты меңгерген», «Алашпыз аңыз қосқан айбарына» деген әсем де мағыналы сөз тіркестері ақындық шеберлікті паш етеді.
«Бурабай Абылайдың жаз жайлауы ед,
Ажары көрік берген айбар ұлға.
Ал, бүгін Шучье аты оның,
Түбірі тұғырынан тайғаны ма?», –
деп қазіргі заманның шындығы айтылған жырларға да тыңдарман осы жұптың айтысы арқылы қанықты. Жерлесіміз Құрметхан Құралхан мен солтүстікқазақстандық Жарқынбек Жұпарханның айтысы да тартымды болды.  
Опырылып кеткен жоқ сонда қазақ,
Отарлықтың соққанмен дауылдары.
Ешкімге де есесін жіберген жоқ,
Қазақтың қайсар туған нар ұлдары.
Бүгінгі тəуелсіздік үшін еді,
Қайраттың құрбандыққа шалынғаны.
Ақанның Құлагерін өлтіргенмен,
Қазақтың құлагері бабында əлі, – деген отты жырларымен көптің қошеметіне ие  болған Жарқынбек ақын қарсыласымен ағалы-інілі болып əзілдесіп, айтысты қыздыра түсті. Əсіресе, Солтүстік Қазақстаннан келген қонақтың «арықсың» деп мінегені Құрметтің шымбайына батты. Ақын қарсыласының əр сөзінен кейін  шабыттана түсіп, көмейінен адуынды сөздер жыр боп төгілгенде жиналған жұрт ұрандасып, дем беріп, екі ақынды да қол шапалақтап қолдай түсті.
Араға қарсы шапқан шыбынсың деп,
Олай десең, өзіңнен күй кетеді.
Шыбын деген шаппайды ұшады ғой,
Енді Құрмет өзіңді сүйретеді.
Шыбынды шабады деп айтқан адам,
Қалайша маған ақыл үйретеді?
Сол ақыл алдыменен саған керек,
Басыңның көрінбейді милы екені, –
деп  Құрметхан Құралхан ағасына əзіл, қағытпа қалжыңмен жауап қайтарғанда көрерменнің ішек-сілесі қатып, бір масаттанып қалды. Бұл да əзіл-шыны аралас жүретін, тереңнен толғайтын айтыс өнерінің маңыздылығын көрсетеді.
«Ақынның тілі қылыштан өткір, қылдан нəзік» демекші, бұл күні үкілі домбырасын алып, сахнаға шыққан басқа да айтыскерлер өздеріне тəн сөз саптау мəнерімен, айтыс деген аламандағы тапқырлығы, айтқырлығымен ерекшеленді. Осы орайда, жұп-жұппен айтысқан бурабайлық Мұхаммед Қонқаев пен семейлік Айдана Сегізбаеваның, Көкшетаудың атынан шыққан Қуаныш Оспановтың  есімдерін мақтанышпен айтсақ, артық болмас. Төл өнеріміздің ұмыт қалмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына сеп болып жүрген осындай жастарымыз көп болғай! Қостанайлық Балтазар Ізтілеуов сахнаға өзіне сенімді болып шыққанымен, өкінішке орай, біздің үмітімізді ақтай алмады. Өзімен айтысуға шыққан замандасы Қуанышты Ақан серінің əйгілі «Балқадиша» əніндегі аруға теңеп, үлкен қателік жіберіп, дода басталмай жатып-ақ сөзден жығылып қалды.
Бəйге болғаннан кейін нағыз жүйріктердің оза шабатыны белгілі. Қазылар алқасы ақылдаса келе, ақтық мəреде айтысуға көкшетаулық Қуаныш Оспанов пен керекулік Алмагүл Жүгінісқызын лайық деп шешті. Ағайын бұл айтыстан да терең ой түйді. Өткен тарихымыз, халқымыздың бастан кешірген небір қиын-қыстау кезеңдері жырға қосылғанда жүрегіміз егіліп жыласа, бүгінгі бейбіт күніміз, тəуелсіздіктің шапағаты өлең боп домбыраның үнімен тербелгенде қуанғанымызды несіне жасырайық. Адамды бірде шаттыққа бөлеп, ал, кейде мұңға батыратын, санаға терең ой салатын айтыстың құдіретіне не жетсін, шіркін.
Осылайша, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ақындар айтысында бас жүлдені екібастұздық Алмагүл Жүгінісқызы жеңіп алса, бірінші орын көкшетаулық Қуаныш Оспановқа, екінші орын семейлік Айдана Сегізбаеваға, жүлделі үшінші орын іргелес жатқан Солтүстік Қазақстанның өнерлі өрені Жарқынбек Жұпарханға бұйырды. Басқа да қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Айта кетейік, Талғат Байғазин есімді жеке кəсіпкер жомарттық танытып бас жүлдеге ат тіксе, басқа да сый-сияпаттарды өнердің жанашыры, аталған фестивальдің ұйымдастырушысы Адам Хакім өзі көтерді.
Жеңімпаздарды марапаттау рəсімінде сөз  алған  қазылар алқасының төрағасы, ақын Құдайберлі Мырзабек Қазақ хандығының  550 жылдығын ел болып атап өту Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің арқасында іске асып жатқанын айта келе, осы мерейлі датаға өзінің үлесін қосып, өнерлі жастардың басқосуын ұйымдастырғаны үшін Адам Хакімге ағалық ақ көңілмен ерекше ризашылығын жеткізді. Қолайлы сəтті пайдаланып, айтыстың бас жүлдесін жеңіп алған Алмагүлмен əңгімелескенімізде ол да шараның мазмұнды өткенін айтты.
–Осыдан бірнеше жыл бұрын Көкшетауда өткен айтыста бас жүлде алып едім. Мінеки, осы жолы да əр сөздің қадірін түсінетін көкшелік əділқазылар алқасы ең жоғары марапатты қанжығама байлады. Бүгінгі кеш өте керемет бастама деп ойлаймын. Ұйымдастырушылардың фестивальға төл өнерімізді енгізгеніне қуаныштымын, – деп ақын қыз ағынан жарылды.
Шынымен де, мұндай кең ауқымдағы өнер фестивалін көрген де, көрмеген де арманда. Əрине, ол алғаш рет өткізіліп тұрғандықтан, кемшін тұстары да болған шығар. Оған халық өз бағасын бере жатар. Бізбен əңгімесінде «Көкше әуені» концерттік агенттігінің директоры Адам Хакім аталмыш фестивальді өткізу бір күндік қиялдан туған жоба емес, оны көптен бері армандағанын айтып, алдағы жоспарларымен де бөлісті.
–Шара «Бірінші қазақстандық өнерлі жастар фестивалі» деп аталғандықтан, оған еліміздің барлық өңірлерінен дарынды ұл-қыздарды қатыстыруды көздеген едік. Көп нəрсе қаржыға тірелгендіктен, ойымызды толық жүзеге асыра алмадық. Дегенмен де, бір ауыз сөзімізді жерге тастамай, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Астана, Солтүстік Қазақстаннан келген ақын, əнші бауырларымыз бар. Сөз соңында, концертімізді өткізуге орынды тегін берген  «Жасыл орман» шипажайының директоры Дүйсенбек Машһұрбекұлына жəне де ақпараттық қолдаушыларымыз облыстық «Арқа ажары», қалалық «Степной маяк», «Риск бизнес», «Любимый город» газеттеріне, «НС» радиосына зор рахмет айтамын. Келесі жылы Еуразиялық Одаққа мүше елдермен келісіп, осы кездесуімізді Еуразиялық өнерпаз жастардың фестивалі деңгейіне көтеру
ойымызда бар, – деді осы істің басы-қасында жүрген əнші Адам Хакім.  
Кешқұрым уақытқа қарамастан фес-тиваль алаңына үлкендер де, жастар да көптеп келіп жатты. Солардың бірі қарт ана Зүлфия Оразақты сөзге тартқан едік. Шипажайға Өскемен қаласынан демалуға келген ол күтпеген жерден жастардың өнерлерін тамашалағанына  қуанышты екендігін жеткізді. Ретро концертте астаналық «Ұмай» жəне «Метрополитэн» топтары мен өзіміздің «Д`жарайд» атты музыкалық-аспапты тобы өнерлерін ортаға салып, жанды дауыста құлақтан кіріп бойды алар əсем əндерді нақышына келтіріп орындады. Ал, гала-концертте диджей Пуза, диджей Скарпуша деген лақап аты бар талант иелері кештің сəнін келтіріп, онан əрі жастардың би кешіне ұласқан əн мен жыр мерекесі осылайша өз мəресіне жетті.
Күн ұясына батты, біз де жолға шықтық. Алдымен айтыстан, одан кейін концерттен алған əсеріміз тарқайтын емес. Құлағымызда таныс үндер сыңғыр-сыңғыр етіп қояды. Бурабайды əн бесігінде, жыр бесігінде тербеген осы тəтті үндер мəңгі үзілмесінші.

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар