Қопа көлінің қос жағалауы

Басына үйірілген бұлт бір сейілмей қойған Қопа көлінің тағдыры бұрыннан бері айтылып келе жатқаны белгілі. Алайда, көлдің көлдей мәселесі шешілген жоқ. Шешілгенді айтасыз, әр жыл сайын көктемде Шағалалы өзені арқылы лас су көл табанына құйылып, балық түгілі бақа өрістемейтін қорысқа айналып келе жатыр еді. Тек, биыл ғана облыс әкімінің  бастамасымен айтарлықтай шаралар қолға алынып, Қопаның айналасы біраз ажарлана түскендей. Мінеки, жаз жан бітірген көл жағасына біз де барып қайтқан едік.

Қопаны жағалай жайлаған қалың жұрт көзімізге оттай басылды. Бірі суға түсіп жүрсе, енді бірі күннің сәулесіне шомылып, кұмның үстіне ыңғайлы жайғасып алыпты. Жер тегін болғандықтан, не істесе де, өз еріктері. Әсіресе, жеке кәсіпкерлер биылдан бастап жалға берген судағы батут пен катамарандар демалушылар үшін ыңғайлы болып отыр. Бағасы да қолжетімді. Катамаранды бір сағатқа жалға алу құны шамамен 300 теңге. Сондай-ақ, жағажайда балмұздақ, сусын сататын дүңгіршектер де орналастырылған. Тұрғындар мен қала қонақтарының жақсы демалуы үшін жоқтан бар жасап, осылайша Қопаны туризм аймағына ұқсатуға тырысқандары дұрыс, әрине.
Дегенмен де, бұл жердегі демалыстан кейін халықты «әттеген-ай»   дегізетін жайлар да жоқ емес. Оған себеп, көл жағасындағы құмның таза болмауы. Біз сөзге тартқан демалушылардың бәрі санитария мәселесін алға тартты. Біздің өлкеге отбасымен бірге Петропавл қаласынан қонаққа келген Алтынай Белгібаева:
–Демалысымыз жақсы өтіп жатыр. Әсіресе, көлдің үстіне тереңдікті көрсететін белгілер қойылып, құтқарушылардың  адамдардың қауіпсіздігін күні-түні бақылауда ұстауы өте дұрыс. Тек, алаңдайтын бір мәселе – құмда әйнек сынықтарының шашылып жатуы. Біреу-міреу мұны білмей, құм үстінде жалаңаяқ жүретін болса, қауіпті ғой. Сондықтан, биылдан қалдырмай тазалау шаралары жүргізілсе екен, – деген тілегін жеткізді. Ал, кейбір тұрғындардың пікіріне сүйенсек, Қопаның аумағын  қоршап, оған ақша төлеп кіруді қолға алу керек. Содан түскен қаражатқа тазалық жұмыстарын, демалушылар үшін басқа да қолайлы жағдайларды жасауға болады.
Осы орайда, Қопаның жақсы демалыс орны болғанын қалайтындарға жақсы жаңалығымыз бар. Жоғарыда пікір білдірген тұрғындардың өтініштерін жеткізбек болып облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырхановқа хабарласқанымызда, Қопаның айналасында яхт-клуб салынады деген ақпарат алдық.
–Көл жағасында орналасқан қалалар өте сирек. Көрікті өлкеміз Көкшетауға сондай бақыт бұйырған. Біздің міндетіміз Құдайдың берген  сыйын дұрыс пайдаланып, Қопаның жағалауын облыс тұрғындары ғана емес, басқа да жерлерден келген қонақтар таңқалатындай етіп көркейту, – деді аталған басқарма  басшысы Шынарбек Батырханов телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында.
Жалпы құны 260 миллион теңгені құрайтын аталмыш жоба көлдің қаладағы Горький көшесімен қосылатын 1,6 гектар жер аумағын қамтитын болады. Яхт-клубтың түр-сипаты қандай болатынын осы іске жауапты компания «Aquilon Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ойластырып қойған екен. Компания жетекшісі Фоат Ишмухамбетовтың айтуынша, ол жерде он сегіз орындық шағын қонақ үй кешені, кемелер тоқтайтын  бірнеше айлақтар және қайықтарды сақтайтын орындар салынады. Ал, демалушылар үшін шатырлар, биодәретханалар, қыстыгүні балық аулайтындарға жылытылған үйшіктер орнатылмақшы. Мұның бәрін  серіктестік 2017 жылы өтетін «EXPO» халықаралық көрмесіне дейін аяқтауды мақсат етіп отыр.
Осы арада көпшілікті «Жаңартылған жағажайға кіру тегін бола  ма?» деген сұрақтар мазалауы мүмкін. Біз де аталған жобаға қомақты қаражат кеткеннен кейін, ол аймаққа кіру ақылы болатын шығар деп ойлаған едік, алайда, облыстық туризм басқармасы басшысының жауабынан кейін күмәніміз аздап сейілді. Қысқаша айтсақ, жұртшылық мұнда тегін кіріп, ешқандай төлемсіз суға түсе алады. Ал, бұрыннан келе жатқан катамаранды, қайықтарды жалға алу секілді ақылы қызметтер сол күйі сақталады.
Иә, осы жоба жүзеге асса, Көкшетаудың да ажарына сән қосылып, жергілікті жердегі туризм саласы біраз қарқын ала бастайтыны анық. Қопа көлі жұрт сағынып келетін, көп демалатын келбетті, жайлы демалыс орнына айналса, бөркімізді аспанға лақтырып қуанар едік. Алайда, жоба аясында көл жағалауының тек 1,6 гектар аумағы ғана қамтылмақшы. Қалған бөлігін жөнге келтіруді табиғатқа жаны ашитын азаматтар қолға алмаса, экология мәселесі «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебін киетін түрі бар. Бұлай дейтін себебіміз, сонда болғанымызда тұрмыстық зат қалдықтарының әрлі-берлі шашылып жатқанын байқадық. Темірбеков көшесіне қарсы беттегі жағада да осындай жағдай. Бәз-біреулердің Қопаны керек кезде қажетіне пайдаланып, ал, кейіннен қоқыстарын лақтыруға арланбағанына жанымыз удай ашыды. Сондай жиіркенішті әрекетке баратындарға айтарымыз, Қопа иесіз қалған көл емес, оның иесі – туып өскен жерінің қадірін білетін, оны шексіз сүйетін халық. Сондықтан, көл жағасына демалуға келдім екен деп, оны ластаудың қажеті жоқ. Күн сайын көл жағасына баратын ағайынға айтар тілегіміз осы.
Көптен бері көл жағасына келмегендіктен бе, әйтеуір, бойым ерекше бір сергіп қалғанын сездім. Желмен тербелген толқындар да әлденені айтқысы келгендей көрінді. Бәлкім, табиғатты аялаңдар дегісі келген болар… 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар