Қазақтың биі неге қадірсіз?!.

Ойшылдығымызды соншалықты білмеймін, әйтеуір, тойшылмыз. Кейде айына бірнеше тойға баруымызға тура келеді. Сондағы байқағаным, әсіресе, үйлену тойларының көбі ырду-дырдумен өтеді. Қазір арзан күлкі үшін тілін бұрмалап, орысша-қазақшаны бірдей соғатын тамадалар бар. Халық соған мәз болып күледі.
Ал, қазақтың домбырамен шырқалатын әні, күмбірлеген күйі мұндай тойларда мүлде қалды деуімізге болады.
Кейде некен-саяқ көріп қалғанда, жерден жеті қоян тапқандай боламыз. Біздің ойымызша олай емес, той қазақтікі болған соң, алдымен, жоғарыдағы домбырашылар, осы киелі аспабымызбен  ән айтатындар сол тойдың сәні мен мәні болуы керек.
Енді биге келсек, мұндай тойларда халқымыздың биі де қадірсіз. Оған талай көзіміз жетіп жүр. Кейде екеуден, кейде төртеуден билейтін биші қыздарымыз бар. Олар тойдағы репертуарын ешқашан жаңартпайды. Біздерді тойда жиі көретін адамдар бар шығар, басқа билерді билейік деп ойламайды. Халықты көзі үйренген бір бимен жалықтырып, жылдап сол ескі сарынмен жүре береді. Өз басым, мұның бәрі халықты сыйламаудың, тек қана арзан жолмен ақша табудың амалы ғой деп ойлаймын.
Тағы бір қинала айтпағым, қазақ билері тойларда өте сирек биленеді. Мұндай жағдаймен өзіміз кішкентайымыздан көзіміз қанығып өскен, халық арасында ең кең тараған «Қамажай» биінің өзін жастарымыз бұл өмірде білмей өтетін сияқты. Көп болса, басында қазақтың бір биін  билейді, билемесе ол да жоқ. Есесіне түрік, өзбек, испан билерінің айы оңынан туып тұр. Жуырда тіпті бір тойда ұйғырдың биі биленді.
Өз ұлтымның  тілімізді, ділімізді сүйетін бір қызы ретінде осының бәріне жаным удай ашиды. Неге біз ешбір ұлттың биінен аспаса,  кем түспейтін өз биімізден жерінеміз, неге сонша басқалардың биіне құмармыз? Біз солардың биіне  жабысып алсақ та, олар біздің биді тап солай керек қыла ма?  Әрине, жоқ. Бишілеріміздің құлағына алтын сырға, егер осы пікірім газетте жариялана қалса,  одан азырақ қорытынды шығарып, өз ұлттық биімізге деген бүгінгі кері көзқарастарын түзетер ме еді?!.

Мизам ЕСКЕНДІРОВА.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар