Заңды белден басатын болдық…

«Қайда барсаң да, алдыңнан Қорқыттың көрі шығады» демекші, ақпарат бетін ашып қалсаң атыс-шабыс, адам өлтіру және зорлық-зомбылық қылмыстарды естіп құлағың тұнады. Сонда адам азып, заманның тозып бара жатқаны ма?! Мұндай айуандық атаулыны адам қолымен қалай жасалатынына таң қаласың. Әлде ақырзаманның белгісі ме екен, бұл.

I. Мемлекет қаржысы неге желге ұшады?..

Қалай десек те, қоғамдағы қылмыстық ахуал оңып тұрған жоқ. Шырпыны тұтатсаң, лап ететіндей көрінеді.  Біз осы орайда, прокуратураның деректеріне зер салып, әр қилы қылмыстар мен заң бұзушылықтарды саралап көруді жөн санадық. Алдымен қолымызға Ерейментау ауданының прокуроры А.Қабдөшевтің  жемқорлық жайлы жолдаған деректері түсті. Оның айтуынша, прокуратура мекемесі заңды белден басудың үш оқиғасын әшкерелеген екен. Аудандық экономика және қаржы бөлімін де тексерген болып шықты. Мұнда жеке және заңды тұлғалар қажетті құжатты ұсынбаса да, мемлекеттік  мекеме жайларын жалға алып келген. Ал, Еркіншілік ауылдық округі әкімі аппаратының маманы баж салығын төлеместен, нотариалдық рәсімдер жасағаны анықталды.
Бір қарағанда, заң өрескел бұзылды деп айта да алмайсың. Ұсақ-түйек сияқты көрінеді. Бірақ, мұның өзі әлгі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қарапайым заң талаптарын білмейтіндігін көрсетеді. Сонда олар бұл салада қалай жұмыс істеп жүр екен деген ойға қаласың.
Мұндай келеңсіз көріністер облыстың барлық өңірінде орын алып отыр деп айта аламыз. Сыбайластыққа ұрынбаған аудан бар дегенге сену қиын. Мысалы, Зеренді ауданында жыл басынан бергі алты ай ішінде  мемлекетке 10 миллион теңгеден астам материалдық зиян келтіріліп, үш лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Халықтың ортақ қазанындағы игіліктерге ауыз салатындардың  мемлекеттік қызметте жүргендер арасында қарасы көп екенін жоққа шығара алмасақ керек. Көбіне-көп олар мемлекет қаржысын оңды-солды шашуға әуес. Мұның соңы қарапайым адамдардың қағажу көруімен тынады.
Шортанды ауданында жергілікті әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімі асыл тұқымды мал өсіруге кәсіпкерлерге субсидия беру кезінде өтініш беретін шаруашылық нысандарын ауыл шаруашылығы малдары сәйкестендіру жүйесі арқылы тексеруді жөн көрмейтіні белгілі болды.  Мысалы, аталған бөлімге өткен жылдың 17 маусымында бір серіктестіктен субсидия алуға өтініш түседі. Онда 30 бас аналық және бір бас асыл тұқымды бұқа бар деген дерек ұсынылады. Тексере келе, бұл серіктестікте ондай көлемде асыл тұқымды мал болмаған. Осылайша әкімдіктің аталған бөлімін тексергенде олар мұндай өтінімдерге көз жұма қарап, 3 миллион 519 мың теңге мемлекет қаржысын кәсіпкерлердің қолына ұстата салған. Қазір өз ісіне жауапсыз қараған әкімдік қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Іс осымен біткен сияқты. Өкінішке орай, бұл тұрғыда қатаң жаза жоқ. Ал, мемлекет қаржысы болса, осылай желге ұшып жатыр.
Біз мұндай мысалдар  некен-саяқ десек оңбай қателесеміз. Дәлел ретінде Зеренді ауданында да әлгіндей әкімдік қызметкерлерінің кінәсінен 9 миллион теңге қаржы ауыл шаруашылығы  тауар өндірушілеріне негізсіз төленген болып шықты.

II. Діңкені құртқан жалақы қарызы

Жуырда Бестөбе кентіндегі алтын кеніші жұмысшыларының бір тобы редакцияға телефон арқылы хабарласты. Сөйтсек, кен байыту фабрикасының жергілікті күзетшілеріне төленетін жалақыны қысқартып тастаған екен. Кеніш басшыларының біріне хабарласқанымда, ол маған «Нұр Отан» партиясында  мүшелікте бар-жоғымды сұрады. Сосын: «Мен «Нұр Отан» партиясының мүшесімін. Егер біздің жеке ісімізге аралассаң, жоғары жаққа арызданамын» деді ол.
Одан әрі  кеніштің жаңағы жұмысшылары хабарласып, менің бұл іске араласпай тұра тұруымды өтінді.  Жаңағы шолақ белсенді оларды жұмыстан шығарамын деп жатқан көрінеді. Ал, бұл мәселемен облыстық еңбекті қорғау инспекциясындағыларды хабардар еткенімде, олар арыз болмаса, тексере алмайтындарын айтты.
Міне, бұл бүгінде жеке кәсібі барлардың қол астындағыларға адал ақысын бермеудің  бір ғана көрінісі. Облыстағы жалпы жағдайға да қанығып көрейікші. Прокуратура адам құқығын қорғайтын орган болғасын, олардан да ақпарат алғамыз.  Қолымызға Астрахан ауданындағы жағдайға байланысты қолданылған шаралар шешімі түсті. Сөйтсек, аудандық прокуратура кәсіпкерлік нысандардың еңбек заңнамасын сақтауға қатысты камералдық талдау жүргізген. Сөйтіп, «Острогорский» серіктестігінде 7 миллион теңге жалақы қарызы қордаланғаны анықталыпты. Заң мекемесі аталған кәсіпорынға жалақыны өтеу жөнінде талап қояды. Бірақ, заң бұзушы мекеме прокуратура талабын жылы жауып қоя салған.
Артынан мүлкін сату талабы қойылады. Өкінішке орай, одан түскен қаражатты  серіктестік басқа мақсатқа жұмсаған. Осылайша  серіктестіктің лауазымды тұлғаларына  Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 152 бабының 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал, жергілікті мемлекеттік еңбек инспекторының 2015 жылғы 26 маусымдағы дерегі бойынша  бұл серіктестіктегі жалақы қарызы 23 миллион 775 мың теңгеге жеткен.
Оны айтамыз, бұл жөнінен мемлекеттік мекемелерде  де заңды оп-оңай белден басатын болды. Қорғалжын ауданында коммуналдық сала  мекемелері 50 жұмысшыға  3 миллион 283 мың теңге жалақы қарызын прокуратура араласқасын ғана өтеді.
 Атбасар ауданында  «Агроцентр-Ақмола-Техсервис» кәсіпорны өзінің 71 жұмысшысына 5 миллион 500 мың, «Атбасар Нива» серіктестігі 400 жұмысшыға  10 миллион теңге қарыздарын көп уақыт төлемегені анықталды. Қазір заң талабы  арқасында  бұл ауданда барлығы 118 адамға 7 миллион теңге көлемінде заңды еңбекақылары өтелді. Степногорск қаласы бойынша  19,9 миллион теңге жалақы қарызы өз иелеріне қайтарылған екен.
Қазіргі әлемдік қаржы дағдарысы  сылтауға сынық іздеген негізгі көрініске айналды. Қит етсе көп жерде соны айтады. Қайда барып, есігін қақсаң да, аузын қу шөппен сүрткен мысалдар алдыңды орайды. Қарапайым адамдарды зар жылатқан кәсіпкерлер де ақшаның жоқтығын, өндірістің құлдырағанын алға тартып сөйлейді.
Бірақ, заң бәріне ортақ, оны орындау парыз. Адамдардың конституциялық құқықтары аяқ-асты болмауға тиіс. Бұл – біле-білгенге бүгінгі күннің басты талабы болса керек.

 

Бақыт СМАҒҰЛ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар