Жақсы сөз – жарым ырыс

Таяуда облыс орталығындағы қалалық кітапханада «Қарттары бар ел – қазыналы ел» тақырыбында мазмұны терең, мәні мол бағдарлама өткізілді.

Кейінгі жастарға үлкен ой салатын тәлімді шараға кітапхана саласында ұзақ жылдар бойы адал да абыройлы еңбек еткен Шолпан Тоққожина, Бақытжан Дусатова тәрізді ардагерлер қатысты.
Ардагерлермен кездесуге сервистік-техникалық колледждің студенттерімен бірге ынталы жастар шақырылған болатын. Іс-шара барысында меймандарға «Мұрагер» аула клубының мүшелері өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, жас толқын өкілдері ардагерлерге арналған, олардың еңбек жолы мен ерлік істерін дәріптейтін балауса жырларын оқып берді. Қалалық кітапхананың қызметкері Рүстем Әубәкіров өзінің музыкалық композициясын тарту етті.  Мерекелік шараға қатысқан меймандар кітапхана саласына қатысты қызғылықты оқиғаларды естеріне түсіріп, өз дәуірлерінде еңбекті қалай ұйымдастырғандықтарын баяндап берді. Ал, жастар жағы қарттары бар елдің қашанда қазыналы ел болатындығын, өйткені, бүгінгі мол рухани әлемді шым-шымдап қалыптастырған аға буын өкілдері екендіктерін жүрекжарды лебіздерімен жеткізді.
Сондықтан да, алдыңғы буынға деген құрмет шынайы, алғыс мол. Кеш соңында кітапхана қызметкерлері ардагерлер қауымына гүл шоқтарын табыс етті. «Жақсы сөз жарым ырыс» дегендей, көңілдерін бір сәт көтергенге аға буын өкілдері де разы болып тарасты.

Гаухар ТОҚҚОЖИНА,
кітапханашы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар