Бурабайға жаны ашиды

Мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда облысымызда 590-ға жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың ішінен тек 150-ден астамы ғана белсенді түрде жұмыс істеп жатқан көрінеді. Оң нәтижелерімен көзге түскен сондай ұйымдар Бурабай ауданында да бар.     

«Бурабай Орхус орталығы» қоғамдық қоры осыдан екі жыл бұрын курортты аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында құрылған. Ұйым жетекшісі Людмила Львованың айтуынша, аталмыш орталықтар еліміздің он төрт аймағында жұмыс істейді. Олардың барлығы да табиғатты қорғау мәселесін жұмыстарына өзек етіп алса, «Бурабай Орхус орталығы» аталған міндеттермен қоса, «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне дайындыққа да қызу кіріскен. Өйткені, бұл ірі шараны өткізуде Астана секілді, Бурабай курортты аймағы да негізгі нысандардың бірі ретінде таңдап алынғаны белгілі. Қазақстанға көрмені тамашалауға шартараптан бес миллионға жуық турист келеді деп жоспарланып отыр. Көрмеде біздің елдің жаңа технологиялары жапондықтарды басып озбаса да, табиғатымыздың тазалығы мен  әсемдігі қонақтарды баурап алуы тиіс екендігін айтады бірлестік мүшелері. Бірақ, ол үшін кем-кетігімізді түзеп, біраз еңбектенуге тура келеді.
Өкінішке орай, осы күні «Щучинск-Бурабай» курортты аймағының экологиялық жағдайы көңіл көншітпейді. Әсіресе, күз айларында көл жағасында қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін еместей көрінеді. «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығынан келетін канализация суларының Бурабай көліне құйылып жатқанына біршама уақыт өткенімен, көлдің бұлайша ластануын ешкім тоқтатуға асықпайтын сияқты. Бізбен әңгіме барысында осыларды  тілге тиек еткен Людмила Львова Бурабай көлін тазарту жұмыстарын бастамас бұрын, ең алдымен оның ластануының алдын алып, әсіресе, күзде көл жиектерінде сенбілік ұйымдастыру қажет деген пікірде.
 –Осы сұлу өлкенің жанашыр тұрғыны ретінде мені де мұндағы экологиялық жағдай қатты алаңдатады. Өткен жылдары көл жағалауында биодәретханалардың жоқтығы салдарынан орман іші лас-танып кетті. Сондықтан да, алда биодәретханаларды көптеп орнату ісін қадағалайтын боламыз, – деп сендірген Людмила Николаевна сөз арасында туристік аймақта қоқыс жәшіктерінің уақытылы ауыстырылмайтындығына да наразылық білдірді.  
   Ал, «EXPO»-ға келетін болсақ, бұл ауданнан халықаралық көрмеге қатысқысы келетін үміткерлер тың идеяларына жан бітіріп, тіпті, сол жобаларын патенттеу ісімен айналысып жатқан көрінеді. Әсіресе, зейнеткер Александр Парфеновтың ұлттық нақышты сақтай отырып, өз қолымен жасап шығарған қымыз шайқауға арналған электро піспесі қызығуға тұрарлық. Шебер бұл құрылғысын жерлестеріне сатып та үлгеріпті. Ал, бұйыртса екі жылдан кейін электро піспе шетелдіктердің назарына ілігеді деген үміті де жоқ емес.
Иә, көрмеге келушілерді таң қалдыру үшін қолда барымызбен шектеліп қалғанымыз жарамайды. Оның үстіне, қазір еліміздің әр өңірінде қойылып жатқан желден қуат алатын құрылғылардың да немістердің технологиясы екендігі көп айтылып жүр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде: «Көрмеге тек өзіміздің отандық өнімді шығаруымыз қажет», – деп қадап айтқан болатын. Президент тапсырған осы мәселелерге «Бурабай Орхус орталығы» қоғамдық бірлестігінің бейжай қарамайтындығына көзіміз жетті.
Шыны керек, осындай елдік маңызы бар істерге үкіметтік емес ұйымдардың да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бел шеше кірісуі қажет. Мұны азаматтық қоғам құрудың бір алғы шарты десек, артық емес.

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Бурабай ауданы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар