Туған жердің тілекшісі

Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған Жолдауында мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындап берді.

  Бұл тарихи құжатта әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп,  өңдеуде, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында нақты міндеттер атап көрсетілген болатын. Бүгінгі таңда осы міндет үдесінен шығуға бағытталған ілкімді істер Жарқайың ауданында да қолға алынып, игі нәтижесін беруде. Мұны осындағы іргелі шаруашылықтардың бірінен саналатын «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі қадамынан да айқын аңғаруға болады.
Іргесі 1999 жылы қаланған бұл шаруашылық тынымсыз жұмыстарының арқасында көштің алды болуда. Серіктестіктің құрылуының да өзіндік тарихы бар. Сонау 90-шы жылдары Одақ ыдырап, экономикалық байланыс үзіліп жатқан кезеңде «Тасөткел» өндірістік кооперативі банкрот деп танылып, бар мүлкі балғаның тарсылымен сатылып кеткен болатын. Сол кезде Ерлан Кінуәрбекұлы өзінің жастығы мен тәжірибесінің аздығына қарамастан тәуекелге бел буады. Яғни, қордаланып қалған ірі көлемдегі қарызды иығына арқалап, «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады. Кез-келген шаруаны бас-тап кету оңайға соқпайтыны анық. Кезіккен қиындықтарға мойынсұнбай, тек тура бағыт-бағдар ұстап, табандылық танытқан серіктестіктің бүгінде егіншілік саласымен қоса, мал шаруашылығын қатар дамыту арқылы жыл өткен сайын тасы өрге домалап, табыс көлемі де артып отырған жайы бар.
Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан шаруашылық жайлы айтқанда, оның негізін қалап, өсіп-өркендеуіне айтулы үлесін қосқан іскер басшы, талантты ұйымдастырушы Ерлан Алиннің есімі ең алдымен ауызға оралады. Шынын айтқанда, оның серіктестікті құрып, аяғынан тік тұрғызуға қосқан үлесі зор. Өмір жолына да бір сәт тоқтала кетсек, бала кезден спортпен шұғылданып, 16 жасында шаңғы жарысы бойынша спорт шебері атанып, қысқы Олимпиаданың, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, даңқты шаңғышымыз Владимир Смирновпен жарыс  жолына бірге шығып жүрген көрінеді. Мектепті тәмамдаған соң ауылда денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып  еңбек жолын бастайды. 1987 жылы әскер қатарына шақырылып, сонау Чехословакия жерінде азаматтық борышын өтейді. Кейін елге оралып, көкөнісшілер бригадасын басқарады. Осыдан оның шаруашылық жұмысына араласуы басталады.
Ал, серіктестіктегі жұмысына келетін болсақ, банкротқа ұшыраған өндірістік кооперативтен қалған техникалардың бәрі ескі, қолдағы бар малдың көбі баспа-бас айырбасқа түсіп жоқ болған сол қиын кезде нарық талабына сай жұмысты жаңа жолға қою оңай соққан жоқ. Өзінің аз да болса, тірнектеп жиған тәжірибесі мен басшылық қабілетінің арқасында өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында шаруашылықты шашау шығармай, техниканы да, малды да аман сақтап қалуға тырысты деуге болады. Өмірге бүгінгі күннің өлшемімен қарап, қолма-қол пайда әкелетін істі ғана қолға алатын өзгелер сияқты емес, болашақты ойлаған азамат сол тұста шығыны көп болса да, егіншілікпен бірге, мал шаруашылығын да қатар алып жүруге бел байлайды. Осы қадамының дұрыс болғандығын бүгінгі өмірдің өзі-ақ көрсетіп отыр.

Жақында Астана қаласында өткен ел патриоттарының форумында Ерлан Кінуәрбекұлының ауылдың әлеуметтік мәселелеріне жете көңіл бөлгені үшін «Ерен еңбек» аталымы бо-йынша жеңімпаз атануы осыған айқын дәлел. Оның қайырымдылық игі істері тар шеңберде шектеліп қалмайды. Бұдан бұрын да ерен еңбегі үшін 2002 жылы Қазақстан Республикасының  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен, 2008 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын.
Жалғыз егінге қарап қалмай, мал өнімдерін сату арқылы да жыл бойы табыс тауып отырған «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі қадамы екі саланы қатар жүргізудің қаншалықты тиімді екендігін анық көрсетіп отыр.
Өздері тірлік етуге шамасы жетпеген көптеген шаруашылықтар өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында ірі агрофирмалардың қолтығына кіріп, жан сақтағандығы, әлі солай келе жатқандығы белгілі. Ал, «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ешкімге тәуелсіз, өз күндерін өздері көріп келеді. Тіпті, жайқалтып егін, мыңғыртып мал өсіріп, табыс көлемін жыл санап арттырып, аудандағы ең алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың санатына қосылып отыр. Биыл да бұл бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Сондай-ақ, техника паркін түгелге жуық жаңартып, «Бюллер», «Джон-Дир» сияқты қазіргі заманғы шетелдік алымдылығы жоғары ауыл шаруашылығы  техникаларын сатып алу жағынан да істері көш ілгері. Ылғал үнемдегіш технологияға көшкен шаруашылық жыл сайын бітік егін өсіруде. Өткен күзде де ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өздеріне жеткілікті, одан қалды, сыртқы саудаға шығарарлықтай астық алды. Биыл да осы беттерінен таймауда.  Сондай-ақ, 20 гектар жерге көкөніс отырғызып, ауыл тұрғындары мен шаруашылық еңбеккерлерінің сұранысын қамтамасыз етуде. Тіпті, серіктестік бүгінде ауылдағы әлеуметтік мәселелерді біреуден көмек сұрамай-ақ, өздері шешетін болды. Жол, мектеп, балабақша, ауылды көркейту,  тұрғындардың әлеуметтік жағдайы, бәрі – серіктестіктің мойнында. Жас мамандарға арналған  екі қабатты тұрғын үйге жөндеу жүргізіліп, жылу тартылды. Сондай-ақ, спорт зал, дүкен, нау-байхана, 300 орындық дәмхана жұмыс істейді. Қыс айларында ауыл көшелері қардан тазартылып, жаздыгүні қиыршық тас төселіп, тұрғындардың жол қатынасына жақсы  жағдай жасалып тұрады.
Бір сөзбен айтқанда, серіктестік осылай ауылдағы мәдени-әлеуметтік нысандарды ұстауға жіті көңіл бөліп келеді. Зейнеткерлер мен бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне тегін шөп түсіріп беріліп, басқа да қайырымдылық шаралары қарастырылып отырады. Ауылда жұмыссыз адамдардың болмауы серіктестіктің халыққа көрсетіп отырған ең үлкен қамқорлығы  екендігі анық. Мұнда атаулы көмек алатын, кедейшілік шегінде өмір сүретін бірде-бір отбасын кездестірмейсіз. Басшылық  тарапынан қолға алынып отырған мұндай әлеуметтік қадамдар ауыл адамдары үшін айтарлықтай көмек-қолдау  екендігі түсінікті. Шаруашылық бүгінгі күні асыл тұқымды мал өсіруді де мықтап қолға алған. Бұл үшін 6 мал қорасы тұрғызылған.
–Түгін тартса майы шығатын құнарлы жерде отырып, ауыл шаруашылығы өнімдеріне тәуелді болғанымыз мүлде жөн емес, – дейді бұл орайда, серіктестік директоры Ерлан Алин.
Егіншілік шаруашылығымен салыстырғанда, мал шаруашылығынан түсетін пайда көлемі әзір жоғары болмаса да, мұнда ертеңгі күнге сенім зор. Оның үстіне жоғарыда айтқанымыздай, серіктестік басшысының таяуда Астана қаласынан адал еңбегі бағаланып, олжалы оралуы да  шаруашылық істеріне тың серпін берері сөзсіз.   

 

Аслан ОСПАНОВ

Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар