Ақмолда жаңа мешіт салынуда

Мешіт салу – жүрегі Алла деп соғатын, Алла дегенде, өзге істі шетке ысырып қоятын, Алла бұйырған намаз, зекет секілді құлшылықтарды ерекше тебіреніспен, жауапкершілікпен іске асыратын жанның шын көңілінен шығатын рахымды іс. Ақмол аудан орталығы болғаннан бері жаңа қонысқа атына  заты сай заманауи мешіт салу туралы көп әңгіме қозғалды. Содан 10 жылға жуық уақыт өтіпті.

Халықтың жүрек қалауына айналған мәселенің түйіні тек қана 2015 жылдың қазанайында ғана нақты шешімін тапты. Әрине, қашан болсын бұл нысанның өзіндік сәулеті, шығыстық ою-өрнегі, мұсылмандыққа тән сәні басқаларға қарағанда өзгеше келетіні белгілі ғой.

Целиноград ауданына әкім болғаннан бері Малғаждар Сәттарұлы Тәткеев өзінің іскерлігін, айтқан сөзіне беріктігін бірінші күннен-ақ дәлелдеп келеді. Осы жылдар арасында оның алдынан талай сындарлы сәттер де өтті. Әсіресе, көршілес Қарағанды облысы жағынан жайылып келген қызыл судың зардабын шеккен  жұртшылықты осы апаттан құтқаруда атқарған жұмысы орасан болды. Басқа-басқа, оған өзім де куә болдым. Талай мақалалар мен фоторепортаждар аудандық, облыстық және республикалық басылымдарда жарық көрді. Аллаға шүкір, соңы қуанышпен аяқталды.
Аз сөйлеп, көп іс тындыратын азаматтардың атын мақтанышпен айтып отырған жөн. Бұл жалғыз біздің пікіріміз емес, көпшілік те солай ойлайды.
Енді міне, сол басшымыздың бастамасымен Ақмолда жаңа мешіт салынып жатыр. Күзде де, қыста да әдейі барып жаңа құрылыстың аяқ алысына жіті назар аударып жүрмін. Жақында тағы бір бас сұқтым. Мұнаралары мен күмбездерін есептемегенде, 3 қабаттан тұратын мешіттің сәулеті мен мұндалап-ақ тұр. Қабырғасы қызыл кірпішпен өрілген нысанның жұртшылықтың көңілінен шығатыны анық.
Бас мердігері  «Сауран-инжиниринг» ЖШС екен. Біз аталмыш кәсіпорын прорабы Нұржан Естемесовтан кейбір мәселелерді анықтап сұрап алдық.
Аумағы 500 шаршы метрлік жаңа мешіттің жобалық құны 102 миллион теңгені құрайды. Нысанның астыңғы қабатында асхана, ал үстіңгі қатарларында ерлер мен әйелдерге арналған намазхана, киім ілетін, дәрет алатын арнайы бөлмелер белгіленіпті.Күмбездеріне қазіргі кезде Астана қаласының шеберханаларына тапсырыс берілген. Еңсесі көтерілген мешіттің ашылу мерзімі биылғы жаз айының нақ орта шені – екінші тоқсанға
жобаланған.
Жаңа аудан орталығы Ақмолда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен салынған республикалық «АЛЖИР» мұражайы үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Енді оның іргесіне салтанаты жарасқан жаңа мешіт пен аудан әкімдігінің 5 қабатты жаңа кеңсесі
жайғаспақ.
Сталиннің осы лагерінде жазықсыздан жапа шеккендердің  туған-туыстары келген кезде олар да мұсылмандық парыздарын енді осы жерде өтейтін болады. Жалпы, бұл мешіт астаналық аудан тұрғындары үшін ерекше сый дер едім. Жақсылықтың шапағатын бірге бөлісетін күн алыс емес.
Сауапты істі қолға алған азаматтардың өмірдегі жолы нұрлы, ұрпақтары бақытты болсын деп тілейік, қадірлі жамағат.    

Суреттерде: мешіт жобасы;  прораб  Нұржан  Естемесов,  құрылысшылар: Мұхтар  Ескендіров  пен  Александр  Нижник.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар