Атамды мақтан етемін

 Әкемнің нағашысы Балташ атаның өмір жолы кейінгі ұрпағына үлгі-өнеге. Ұлы Отан соғысының бел ортасында болып, қан майданда жанын шүберекке түйіп шайқасқан атамыздың ұрыс даласындағы ерлігі, кейін еңбектегі жетістіктері де таусылмас әңгіме. 

Әкемнің ол кісінің өз аузынан естіген әңгімесін өзгеріссіз баяндап берейін. –Кең байтақ туған жердің топырағын көп таптап, мүйіс-мүйісін жиі аралайтын кісінің бірі  менмін. Соның бәрінде  саяхат жасап емес, қызмет бабында аралаймын, деген екен атамыз. – Саналы өмірімнің біразы Совет Қарулы Күштерінің қатарында, әскери ортада өтті. Бала күнімде шөбін таптап, суына көп шомылған ауылымның көкшіл көлі, күміс белі, көгілдір аспаны, жазы мен қысы, күзі мен көктемі кешегі Ұлы Отан  соғысы майданының алдыңғы шебінде қауіп-қатерге бас байлап жүрген қиын сәттерде сан рет көз алдымнан өткен.
Соғыс туралы суық хабарды алғаш рет Ақмолада естідім. Ол кезде Ақмола көшелерін шаң-тозаң басқан, үйлері аласа, орамдары  тар,  ескі заманғы қалпын сақтаған қырдың шағын қаласы болатын. Соғыс хабарын естіген күннен бастап әскерге алынбағанымызбен де, біз үнемі әскери комиссариаттың назарында болдық. Отанға қатер төнген сол күндерде ер азаматтардың бәрі дерлік әскерге шақыртылып, майданға аттанып жатты.
Балташ атамыз өзінің әскерге қалай алынғанын тәптіштеп айтып беріпті. 1942 жылдың басында ол әскери комиссариаттан шақырту алады. Әкем Балташ атамыздың әңгімесін былай жалғастырады.
– Военкомның өзі басқарып отырған комиссияның кабинетіне бір-бірлеп кіріп, бір-бірлеп шығып жатқан адамдар. Көпшілігі бірден майданға жөнелтіліп жатыр. Ел ішіндегі жасақталып жатқан әскери бөлімдерде қалып немесе әртүрлі әскери оқуға жіберіліп жатқандары да бар. Есік көзінде тұрған кезекші жауынгер:
– Есенбаев, комиссияға! – деді бір кезде.
Мен денемді тік ұстап, жедел басып ішке кірдім. Военком менің документтерімді қарап отыр, оның екі жағында өзге де комиссия мүшелері. Бір кезде  военком қағаздан басын көтеріп, менің бас-аяғыма көз жіберді. «Командир боласың» – деді содан кейін нық дауыспен. – Ол үшін училище бітіруің керек.
Осылайша атам училищеде қысқа мерзімді курстан өтіп, офицер атағын алып майданға аттанады. Соғыстағы күндер туралы атам былай деп баяндапты.
–Тыныстау дегеніміздің өзі де баяғы заман жәмшіктерінің атынша жүріп келе жатып тыныстау. Ұзақ түн жаяу сапармен келе жатып ұйықтаған дегенді бастан кешіргендеріңіз бар ма? Бір-біріне соқтықпай, сапты бұзбай, жүріп келе жатқан адамдар ұйықтайды да, түс те көреді бірақ, саптан әсте қалмайды. Жаяу маршпен кетіп бара жатқан батальонның осылай «тыныққанын» мен талай көрдім. Шіркін, біздің совет жауынгерінің Отан соғысы жылдарында жүрген жолының, басқан ізінің ұзақтығын айтсаңызшы. Ол шаршадым демейді, ашпын демейді,  қыстың үскірік суығына, жаздың ми қайнатар ыстығына да әбден көндіккен.  
Балташ атамыз сондай ауыртпалықтардың бәрін бастан кешіп, Отан соғысының соңына дейін шайқасқан. Өзі ғана соғысып қоймай, командир ретінде жауынгерлерге басшылық жасаған. Ол кісі соғыстағы өмірін еске алуға онша құлықсыз болатын дейді әкем. Уақыт деген ұшқан құстай зымырап өтеді. Бір кезде Ұлы Жеңісті салтанатпен қарсы алатын, омыраулары орден мен медальға толы майдангерлер қатары қазір сиреп қалды. Отан үшін өмірлерін тәуекелге байлап, қан майданда соғысқан майдангер аталарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.     

Аяулым БЕРІКОВА,
Амангелді орта мектебінің 9 сынып оқушысы.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар