Үйдің берекесі – әйелдің қолында

Облыстық «Арқа ажары» газетінің 2016 жылғы 8 наурыз күнгі мерекелік санында жарық көрген Целиноград ауданының тұрғыны Жанерке Бекбаеваның «Сыйластықтан айырмасын» атты мақаласын оқып, шынымен де, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда ағайын-туысты қадірлеп, бағалап өткенге не жетсін деген ойға келдім.  Автор қазіргі күні қоғамымыздағы өзекті мәселе, яғни, ене мен келіндердің сыйыса алмауы хақында дұрыс пікір білдірген екен.

Бір күн ұрыс-керіс болған үйден, қырық күн береке қашатыны жайында біздің қазақ халқы өте тауып айтқан. Отбасындағы дау-дамай көп жағдайларда ерлі-зайыптылар, ене мен келін, жеңге мен қайын сіңлілер арасында шығып жататыны жасырын емес. Бірін-бірі түсінісе алмай, қаншама отбасылардың шаңырағы ортаға түсті. Келін нәрсесін жинап, үйден біржола кетіп қалса, қайын жұрты оны жаманатты қылады, ал, қыздың төркіні, керісінше, болған жайға күйеу баласының жағын кінәлайды. Сөйтіп, мың жыл құда болуға уәделескен екі отбасының аралары ашылып,  енді қайтіп бір-бірін көрместей болып кете барады. Шыны керек, қазіргі күні мұндай мысалдарды көптеп келтіре аламыз. Бұл біздің жетістігіміз емес. Халқымызға тән отбасылық құндылықтардың жойылып, тұтас отбасы, шаңырақ, неке деген сөздердің мән-мағынасынан айырылып бара жатқандығының айқын көрінісі. Қалаған кезімізде үйленіп, қалаған кезімізде оп-оңай ажыраса саламыз. Техника дамып, өмір сүру де бұрынғыдан жеңілдей түскен мына заманда өмірге де сондай жеңіл  көзқараспен қарайтын болдық.
Жылдар өткен сайын жасымыз есейе бастағанда адам осындай жағдайлар жайлы көп ойланады екен. Әсіресе, әйел заты үшін үйдің тыныштығы, берекесі маңызды. Басқа үйдің босағасын аттап, алғаш келін болып түскенімде талай сынақтармен бетпе-бет келдім. Қайын жұртымнан біреу мені ренжіте қалса, бірден жолдасыма шағымданатынмын. Кейін ол туыстарын жамандағаным үшін маған ренжіп, сөзге келіп қалатынбыз. Оның апа-сіңлілерінің үйді жинамай, бәрін менің мойныма жүктеп қоятыны үшін де талай қырық пышақ болушы едік. Сондай сәттерде анамның төркінімнен ұзатыларда: «Қызым, енді сен басқа үйдің келінісің. Нендей қиыншылық болса да, шыда. Алла қолдаса, бәрін жеңіп шығасың. Әкең екеуіміздің атымызға кір келтірме» деп айтқан сөздерін есіме алып, өз-өзімді сабырға шақыратынмын. Оның үстіне қайын енемнің жүзін мұң шалғанда өз анам көз алдыма елестейтін. Ол кісі де аға-жеңгеммен тұрады, егер жеңгем анамның көңіліне қаяу түсірсе, жан анашымның жүрегі ауыратын еді ғой деп, санама неше
түрлі ойлар келетін. Уақыт бәріне емші екен. Құдайға шүкір, қазір ата-енем, жолдасыммен тату-тәтті тұрып жатырмыз. Ананың өз баласына шын көңілден айтқан тілегі қашанда орындалады екен.
Сөз соңында қаракөз сіңлілеріме бақыттарың өз қолдарыңда дегім келеді. Жұбайларың қатты сөз айтса, кешіріп, ата-енелерің наз білдірсе, ақырын ғана тыңдап, кішірейе салыңдар. Оларға сөз қайтармағандық – сіздің абыройыңыздың тапталғанын емес, жан дүниеңіздің таза, даналыққа толы екенін білдіреді. Қазақтың келіндері Төле бидің келініндей болса екен деп тілеймін.       

Жұпар АРЫСТАН.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар