«Алтын сақаның» алтыншы сайысы

Көкшетау қаласында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай,  асық атудан «Алтын сақа» жобасының алтыншы қалалық турнирі болып өтті.

Биылғы жарысқа Көкшетау қаласы мен оның іргесіндегі Краснояр селосынан бірқатар мектептер қатысты. Сайысты облыстық  «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.  Ұлттық ойынымызды насихаттайтын «Алтын сақа» жобасы «Асық ату», «Үш табан», «Ханталапай», «Бес асық» сияқты асық атудың төрт түрін қамтыды. «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықовтың мұрындық болуымен облысымызда асық ойыны қарқынды дамып келе жатыр. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан облыстық асық ойындарынан жүлделі болған оқушылар республика көлемінде де жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Атап айтсақ, Краснояр селосының 10 сынып оқушысы Құрсанай Османова «Астана сақа» республикалық бес асық турнирінде шебер ойыншы атанып, республикалық сегізінші жазғы ойындарда екінші орынды жеңіп алды. Ал, Айжан Сабырова облыстық жарыстан бірінші орын иегері атанып, республикалық турнирлерде облысымыздың намысын
қорғап жүр.
Жарыс қортындысы бойынша Ханталапайдан бірінші және екінші орынды Краснояр селосында тұратын Нұрсәуле мен Нұрдәулет Бөленбайлар иеленсе, үшінші орынды Жұлдызай Амангелдинова жеңіп алды. Бес асықтан №21 орта мектеп оқушылары үздік танылып, бірінші орынға Лунара Таласова, екінші орынға Аружан Ерханова, үшінші орынға Сандуғаш Орынтай ие болды. Үштабаннан бірінші орынды  Аслан Амангелдинов жеңіп алса, екінші орын Қуаныш Қуанышқа бұйырды. Ал, үшінші орын Темірлан Сайлауовтың қанжығасына байланды. Асық атудан жүлделі орындарды Тұрсынбек Мейрамбек, Әлішер Қайыржан, Жандос Файзоллалар өзара бөлісті.
Жарыста жұлдызы жоғары болып, жеңіске жеткен оқушыларды Ақмола облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі жетекшісінің орынбасары Манат Исмағұлов дипломдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар