Біздің алтын бесігіміз

Әр қазақ баласының бойында өзі ес білгеннен жан-жүрегімен аялай түсетін ауыл деген үлкен бір өзгеше әлемнің, оның адамдарына, ой-қырына, өзен-көлі, тау-тасы, орман-тоғайына деген ерен бір сүйіспеншіліктің қалыптаса бастайтыны аян.

Дүниеде өз ұлтыңды, Отаныңды қалай мақтан етсең, туған жеріңді, алтын бесік – ауылыңды да солай мақтан етесің, есейіп, ер жетіп, өмірдің сан тарау жолдарымен қай қиырда жүрсең де оны есіңнен ешбір шығара алмайсың. Бұл арада шығара алмайсың дегеніміз шартты сөз. Өйткені, кешегі балдәурен балалығыңмен, жалаң аяқ жүгірген қара жолдарымен, жидегін терген қалың шөбімен, бозбала болып, есейгеніңді сезінген албырттығыңмен, бәрі-бәрімен ауыл өзі сенің есіңе түседі, сені шым-шым шырайына өзі тартады.
Ауыл біздің жүрегіміздегі өзгеше әлем деп отырғанымыз да осы себептен. Өзіміз көптен білетін, редакциямызға жолдап тұратын хабар-ошар, мақалаларынан қаламының желі байқалатын Орал Рахымов ағамыз да осы туған ауылының қадір-қасиетін, өз өміріндегі өзгеше орнын бір кісідей ұғына, түйсіне білген екен. Қолымыздағы жуырда ғана баспадан шыққан «Дөңгілағаш – менің ауылым!» атты кітабы соны айғақтайды. Автордың осы кітабына жазған өз алғысөзінде де шындық, ойлантып тастар тұстар мол. Бір ауылдың тарихында қаншама уақыт табы, қаншама ұрпақтар сабақтастығы жатыр. Жайшылықта біле бермейтін, солай деп ойламайтын, өткен жылдар көшімен көмескі тарта бастаған небір ескілікті есімдер де осы кітаппен қайта жаңғыра түскені қандай ғанибет. Солар арқылы ауылдың бұрынғы қадір-қасиеті, келешек үміті алтын арқау болып өрілгендей.
Үміт деп отырғанымыз, мұндай бай өткен-кеткені, топ жарған тұлғалары бар ауыл келешекте де өз отын сөндірмеуі тиіс. Талай бір уақыт сынына төтеп берген байырғы елді мекеннің толайым тарихына ой тоқтатасың да, болашағы да бұдан кем соқпаса екен, қазақтың киелі көп ауылының бірі болып жердің бетінде, желдің өтінде қасқайып тұра берсе екен деп тілейсің. Дөңгілағаштың өзі Зеренді ауданындағы бұрын да, бүгін де көзіміз көріп жүрген шағын елді мекендердің бірі. Соған қарамастан, кешегі кеңес өкіметінің сексенінші жылдарында Көкшетау облысындағы қотаны көрікті, шаруасы өрісті үлгілі ауылдардың бірі ретінде аты алысқа тарағаны да жадымызда.
Кітапты оқып отырып, мұның өзіндік сырын да бағамдай кету қиын соқпайды. Ол – кезінде аталар салып кеткен сара жол, еңбектің, ауызбіршілік пен ынтымақ-берекенің жолы. Осыны көрген дөңгілағаштықтардың қайраты бүгінгі алмағайып заманда да тасқа соғылмаса, сыр беріп сұйылмаса екен дейсің. Кітап осындай бір байлам-тілекке барғызады, бір ауылдың бедеріндегі қаншама істермен, тағдырлармен, үлкенді-кішілі оқиғалар, өкініш-қуаныштармен көңіліңді сан қилы әсерге бөлейді. Бұл ауылдан көбіне біздің білетініміз, осы бір құнарлы топырақтан шыққан жезтаңдай әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева. Бүкіл Көкшенің мақтанышына балайтын осы бір аяулы апамыздың елі байқап отырсақ, қазақтың өзіндей ешбір ауылынан кем соқпайтын көшелі де киелі екен.
Туған ауылым деп тебіренетін автор сөз басын әріден, Дөңгілағаштың алғаш іргесі қаланып, ұжым болып ұйыса бастаған тұсынан өрбіткенде, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен сұрапыл соғыстың қайғы-қасіретін де айналып өте алмағаны ақиқат. Сол бір от-жалында осы ауылдан қолына қару алып, ел қорғауға аттанған 63 ер азаматтың 36-сы туған жерге оралмай, майдан даласында қалуы әрине, әлі күнге жазылмайтын жан жарасы, жүрек наласы. Дегенмен, туған жердің дәм-тұзы бұйырған өзге ерлердің күш-жігері, қажыр-қайратымен еңсе тіктеген бұл ауыл да өртеңге шыққан гүлдей қайта түледі, қайта күш алды. Соның бәрі кітапта автордың өз ой-толғаныстарымен жақсы көрініс тапқан. Олай болса, ауыл туралы жазылған мұндай кітаптарды қолдауымыз керек. Автор өзі айтқандай, үлкен тарих шағын тарихтан бастау алмай ма?! Кітаптағы тірнектеп жинаған деректер ертеңгі күні келер ұрпақтың  да бір кәдесіне асарына
сөз жоқ.
«Дөңгілағаш – менің ауылым!» кітабынан жалғыз бұл елді мекеннің ғана емес, бүгінде бірі бар, бірі жоқ, қазақтың осындай талай ауылдарының қасиетін танығандай болдық. Тек  ел аман, жұрт тынышта енді осы ауылдарымыздың қатары одан әрі сұйылып, көңілімізді құлазыта бермесе  екен. Ал, тағы да кітап авторына келсек, өзінің туып-өскен  ортасына деген сүйіспеншілік сезімін осы еңбегімен дәлелдей түскен Орал ағамызға алғысымызды айтамыз. Өйткені, осы кітаптан жақсы әсер алған біздер де қазақтың сондай көп ауылдарының бірінде өстік қой!               

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар