Ғасырлық тарихтың көш басшысы

Қазақстандағы ең байырғы басылымдардың бірі – «Арқа ажары» газетінің шыға бастағанына 2017 жылы 100 жыл толады.

Жабал Ерғалиев,
 жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
 Парламент Сенатының депутаты

 Көне тарихтың  айтар сыры көп әлі. Сол көне тарихтың бір бетіне үңілер болсақ, сонау 1917 жылдың мамыр айында Сәкеннің, иә, кәдімгі ақиық ақын Сәкен Сейфуллиннің Ақмолаға келгендігі, келе салысымен Қазақ комитетін құрғандығы айтылар еді. Қашан болсын белсенді Сәкен Сейфуллин өзі бастап, Абдолла Асылбеков және Бөкен Серікбаев бірлесіп,  «Жас қазақ» ұйымын құрған-ды. Міне, осы «Жас қазақ» ұйымы «Тіршілік» атты газет шығаруды қолға алды. Бұл жайында Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында әр жерде газеттер шығарыла бастағандығын, ал, Ақмолада «Тіршілік» газетін шығаруды қолдарына алғандықтарын жазады. «Тіршілікті» шығарудың негізгі жүгі Сәкеннің мойнында болғандығын айтқан ләзім. Ал, бүгінгі ұрпақ «Тіршіліктің» алғашқы редакторы Рахымжан Дүйсенбаев болғандығын ұмытпағандары да қажет деп санаймыз.
«Тіршілік» жарық көрген 1917 жыл замана оқиғаларының сәт сайын өзгеріп тұрған кезі болатын. Мұны бүгінгі «Арқа ажары» газетінің ғасырға жол салған  ұзына бойғы тарихынан да  аңдау қиын емес. 1928 жылдың 17 қаңтарынан 1932 жылдың желтоқсан айы аралығында Ақмола округінің «Жаңа Арқа», онан кейінгі 1932 жылдың желтоқсаны мен 1939 жылдың қараша айында шыққан «Колхоз екпіндісі» және «Ақмола екпіндісі» газеттерінің сол өз заманының тұсынан тұспалдап сыр ақтарған үні болғандығы айқын аңғарылады.
Біз өз кезінде өткен ғасырдың алғашқы кезеңдерінде жарық көрген «Тіршілік», «Жаңа Арқа», «Колхоз екпіндісі», «Ақмола екпіндісі» газеттерінің нұсқаларын іздеп табу қарекетін де жасап көрдік. Алайда, біздің қағазға деген салдыр-салақтығымыздан ба екен, іздеген газеттеріміздің көне парақтары өзіміздегі мұрағаттардан шыға қоймады. Ресейдің Омбы қаласында А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік кітапханасына сұрау салып едік, обалы нешік, олар да іздестіріп, осы үнпарақтардың бірде-бірі жоқ екендігін айтып, жауабын жолдап жіберген-ді. Ал, енді Ресей Федералдық мемлекеттік мекемесі болып саналатын «Ресей мемлекеттік кітапханасынан» алынған жауап үмітімізді жалғап жібергендей болды. Абырой болғанда осы кітапханада «Жаңа Арқа», «Колхоз екпіндісі», «Ақмола екпіндісі» газеттерінің 1928-1939 жылдар аралығындағы біразының сақталып тұрғандығы мәлім болды. Қазіргі уақыттың жетістігіне орай, бұл газеттердің бәрінің де электронды нұсқасын түсіртіп, алғызуға да болады екен. Әрине, бұл шаруа – ақылы. Ендігі арада қаржы тауып, осы бір газет нұсқаларын алғызу үшін әрекеттер жасалуы қажет деп санаймыз.
Қазақ баспасөзінің тарихынан ойып тұрып орын ала алатын басылымның бірі – осы бүгінгі «Арқа ажары» газеті болса, оның 1939 жылдан кейінгі тарихының да аса бай екендігін аңдауға болады. 1939 жылы Ақмоланың өз алдына облыс болып құрылуына байланысты «Ақмола екпіндісі» газеті енді «Сталин туы» болып шыға бастады. Сол «Сталин туының» кейінгі жылнамасы «Есіл правдасы», «Тың өлкесі», «Коммунизм нұры» газеттерімен жалғасып кете барады.
Кез-келген газет өз дәуірінің жыршысы, жаршысы бола білуі керек десек, іргесін Сәкен Сейфуллин қалаған «Тіршілік» пен бүгінгі «Арқа ажары»  аралығында жатқан жүз жылға жуық  уақыт кезеңдерінде тұтас бір дәуірдің тыныс-тіршілігі жатыр. Біз өз тарихымыздың жарқын беттері деп қазақ елінің  тәуелсіз мемлекет болып құрылуының айрықша екендігін айтар едік. Сол тәуелсіздіктің арқасында «Коммунизм нұры» газеті 1991 жылдың 26 қаңтарынан бастап, «Арқа ажары» болып шыға бастаған-ды. Сол тәуелсіздіктің арқасында  бұған дейін коммунистік идеологияның сойылын соғып келген басылымның идеялық мазмұны күрт өзгеріп сала беріп еді. Қазақ тарихындағы ақтаңдақтың беттері де айқара ашылды, ел болудың, ұлттық болмысты сақтап қалудың бұған дейін көкейде жүргенімен, қалам тербеп айта алмай келген жайларды жазып, жайып салудың мүмкіндігі туған сәтте, ақмолалық қаламгерлер де  небір ойлар тербеп, қаламдарының қарымдарын пайдаланып қалуға ұмтылды. Және бұл сәтті де болды.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның экономика мен әлеуметтік, мәдени саладағы барлық табыстары мен жетістіктеріне әлем сүйсініп отырғандығын және біз «Мәңгілік ел» болуды мұрат етіп отырғанымызды айтар болсақ, осы бір асыл мұраттардың жүзеге асырылуына  «Арқа ажары» да өзінің лайықты үлесін қосып келе жатқандығын   айтпай да болмас. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясатын қолдау, барлық ұлттар мен ұлыстардың арасындағы ынтымақ, бірлікті жарастыру газет қызметкерлерінің негізгі ұстанымы болып келе жатыр әрдайым.
Бұл күндері бұқаралық ақпарат құралдарының алдында тұрған міндеттердің жүгі тым салмақты екендігін сезінеміз. Қазір не көп, шығып жатқан газет-журналдар, электронды ақпараттық жүйелер көп. Сол бұқаралық ақпарат кеңістігінен ойып тұрып орын алу әрбір басылымның міндеті болса керек-ті. Осы бір оңайға соқпайтын тайталастар мен бақталастар ағынындағы «Арқа ажарының» бет-бейнесі жарқын, үні анық, бояуы қанық екендігін өз оқырмандарымыз аңдап, бағамдап отырған шығар деген ойдамыз. Бұрынғы Ақмола қаласының, қазіргі Астананың Елордамыз болып қалыптасуы және бой түзеуі әр қазақ баласының жүрек қуанышы, ізгі арманы емес деп кім айта алар?! Онан кейінгі Ақмола облысы орталығының Көкшетау қаласына келіп орнығуы сияқты оқиғалар ортасында «Арқа ажары» да бірге жүрді.
Сан  мыңдаған  шамшырағын жағып, бүгінгі көрген жан тамсанып қайтар Астананы айнала қоныстанған Ақмола облысының «Арқа ажары» газеті сол астаналық облыс мәртебесіне лайықты басылым болса екен деген ой-мүддемен әрдайым тың ізденістерге де барып тұруы керек.
Жүз жылдық тарихқа бет алған «Арқа ажары» кешегі Сәкендердің «Тіршілігінің» жалғасы. Біз мұны мақтаныш етеміз және де жауапкершіліктің де жүгін сезінеміз. 2017 жылы өзінің 100 жылдығын кеңінен атап өтуге осы бастан қам жеп отырған «Арқа ажарының» сол ниеті өз оқырмандары мен ел зиялыларының да, биліктегілердің де тарапынан шынайы әрі ықыласты қолдау табар деген сенімдеміз. Өйткені, мұндай жүз жылдық тарихы бар газет Қазақстанда жоқ деуге болады. Ендеше, сол жүз жылдықтың көшін бастап келе жатқан «Арқа ажарының» ғасырлық мерейтойын елдің тойы, елдің мерейі деп білейік.
АСТАНА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар