Шіркін, жүрдек уақыт! Кеше ғана «Арқа ажарының» 95 жылдығы деп, газеттің мерейтойлық санында, осы айтулы оқиғаға орай шығарған естеліктер кітабымызда да әлеуметке осы бір қуанышымызды сүйіншілеп жеткізгенше асығып едік.

Енді міне, байырғы басылымның 100 жылдық тойы да таяп қалғанын оқырман қаперіне салу одан бетер мерей екен.
Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тұңғыш нөмірінің жарыққа шыққанына
95 жыл толуына байланысты, осы аға басылымның 2014 жылдың 19 желтоқсан күнгі санында жарық көрген «Жасампаздық жылнамашысы» атты мақаласында осы газеттің бұрынғы басшысы, өткен сайлауда Ассамблея  атынан Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған көрнекті журналист-жазушы Сауытбек Абдрахманов ағамыз «Жалпыұлттық ресми мәртебесіне сай аға басылым, аға газет аталғанымен, «Егемен Қазақстан» дәл қазірдің өзінде жарық көріп тұрған газеттердің арасында да ең жасы үлкені емес. Мысалы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бастауы болып саналатын «Тіршілік» газетінің  алғашқы нөмірі 1917 жылы шыққан. Яғни,
97 жылдық тарихы бар» деп осыдан екі жылдай уақыт бұрын  орынды атап көрсеткен болатын.     
Әрине, біз үшін қашанда қазақ баспасөзінің қара шаңырағы болып саналатын ел газеті – «Егемен Қазақстанның» орны ерекше. Солай бола тұра, танымал сөз сардарының «Арқа ажарына» деген осынау ыстық ілтипатына алғысымызды айта отырып, иә, 1917 жылдың шілдесінде негізін халқымыздың аяулы перзенті Сәкен Сейфуллин қалаған төл газетімізге келесі жылы тұп-тура 100 жыл толады деп тағы бір дәйектей түссек артық емес.
Бүгінгі жарық көріп келе жатқан республикалық, облыстық қазақ газеттерінен (орыс газеттерінен де) тарихы тағылым, шежіресі терең осы бір ғасырлық жолды бірінші болып жүріп өткелі отырған «Арқа ажары» туралы мерейлі, мерекелі сөзді  бүгіннен бастап қолға алсақ та, жыл бойына айтылар әңгіме, шертілер  сыр ешбір түгесіле қоймасы айдан анық. Өйткені, өз киелі шаңырағы, өз сүйікті басылымы болып кеткен төл газеті туралы кешегі, бүгінгі қызметкерлеріміз бен  оқырман қауымның да ортаға салар ой-толғаныстары әсте аз емес екендігіне сеніміміз мол.
Тек осындайда сол сөздің жүйесін салиқалы сипатымен бастап берер, жолы да, жасы да үлкен, кешегі басылым тізгінін нық ұстаған көнекөздеріміз Октябрь Әлібек, Жомарт Әбдіхалық сияқты аяулы ағаларымыздың бұл күнде ортамызда жоқтығы қинайды. Осы арада біздің ішкі түйсігіміз қасиетті Қараөткел мен көрікті Көкшетау екі тізгін, бір шылбырды бірге қолға алып, ниетіміз де, тілегіміз де бір жерден табылған сындарлы тұста өзіне жүктелген бас редакторлық қызметтің бар ауыртпалығын қайыспай көтеріп, жаңа жерге қоныс аударған байырғы газетке жаңаша мазмұн, әр берген Жабал Ерғалиұлы Ерғалиев ағамыздың бірауыз ақадал сөзіне жүгінтпей қоймайтыны тағы хақ.
«Арқа ажары» газетінің кешегі бас редакторының, бүгінгі Парламент Сенаты депутатының біз қолқалаған төмендегі мақаласын бір есептен, біршама жыл осы байырғы басылымның ыстығына күйіп, суығына тоңған, күнделікті қажыр-қайратымен оның бет-бейнесін жаңа сапалы деңгейге көтерген баспасөз қайраткерінің қалың жұртшылыққа, соның ішінде билік орындарына алда «Арқа ажары» газетінің ғасырлық мерейтойы келе жатқандығы жөніндегі өзіндік құлаққағысы десек де болады.
Ал, бұл атаулы күн сөз жоқ, ел тойына, соның ішінде қазақ баспасөзінің тойына айнала аларлықтай үлкен бір маңызға ие екендігі шүбәсіз. Осы жағын да ескере келе, газетіміздің 100 жылдығы туралы өз кезегін күткен абыройлы да ардақты сөзді бүгіннен, өзіміздің төл мерекеміз – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнінен бастағанды да жөн көріп отырмыз.  Бұйырса, осы тұрғыдағы әңгіме, ойға алған болашақ іс-жоспарларымыз да  сәтімен жалғасып, оң шешімін табар деген сенімдеміз.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
бас редактор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар