Бейбіт Ыстыбаев – үш мәрте Қазақстан барысы

ал, ақмолалық балуандар алғашқы белдесуде-ақ жарыстан шығып қалды. Неге?..

Қазақ күресінің дүбірлі додасы «Қазақстан барысы» республикалық чемпионаты өз мәресіне жетті. Астана қаласының төріндегі «Сарыарқа» велотрегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан 34 балуан қатысты.

  Біздің облыстық іріктеуден өтіп, үкілеп қосқан қос балуанымыз – Мереке Тұрашев пен Леонид Станеев жарысқа желпініп барғанымен жеңіліп қайтты. Екеуі де алғашқы айналымнан әріге бара алмады. Жеребе жолдас болмады дейін десең,
Мереке Тұрашевтің қарсыласы ақтөбелік Дархан Темірхановтың салмағы біздің балуаннан екі-ақ келі жоғары. Мереке 103 келі болса, Дарханның салмағы 105 келі. Айтарлықтай айырмашылық жоқ. Балуанымыз боз кілемге шыққанда велотректегі көкшетаулық жанкүйерлер Мерекенің тілеуін тілеп отырдық. Алғашқыда екі бүк ұпаймен жеңіп келе жатты. Алайда, Дархан да екі рет бүкке түсіріп, қос ұпаймен таразы басын теңестірді. Енді не болар екен деп алаңдап отырғанымызда, таза жеңіспен
балуанымызды жер құштырды. Санымызды соғып өкінгенімізбен, ендігі үмітті Леонидтен күттік. Оған салмағы 160 келі тартатын Оңтүстік Қазақстан облысының балуаны Жұманазар  Ерсұлтанов кезікті. Көңіліміз су сепкендей басылды. Себебі, біздің балуанның салмағы небары 90 келі. Күш тең емесі айқын көрініп тұр. Белдесу басында Леонид Жұманазарды бүк түсіріп, бір ұпай алғанда аздап үміт пайда болғандай еді. Бірақ, Жұманазар алдымен жартылай жеңіспен, содан кейін таза жеңіспен балуанымызды бір емес екі мәрте жықты. Қарсыластың бәрін қапы қалдырған биылғы жылдың «Қазақстан барысы» атағын тағы да Бейбіт Ыстыбаев жеңіп алды. Бейбіт осыған дейін 2012 және 2015 жылы «Қазақстан Барысы» атағын алған болатын. Күміс белбеуді иеленген Оңтүстік Қазақстан облысының балуаны Жұманазардың еншісінде осыған дейін «Қазақстан Барысы» турнирінің қола белбеуі бар. Ал, үшінші орын алған жамбылдық Айбол Айтбек биыл бірінші рет жүлдеге ілікті.
Бірінші орын алған Ыстыбаевқа 25 000 000
теңге, алтын тайтұяқ және Астана қаласынан бір бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді.  Екінші орын алған Ерсұлтановқа
5 500 000 теңге, үшінші орын алған Айтбекке 1 800 000 теңге көлемінде сыйлық берілді.
Біздің балуандарымыз барын салып-ақ еді, әттең салмақтары аз болды, абайсызда жеңіліп қалды деген сияқты жұбатулар айтуға болар еді. Бірақ, бір емес бірнеше рет облысымыздан барған балуандар алғашқы айналымда-ақ жеңіліп жатады. Ал, биылғы жарыста тұтас елдің көзайымына айналған Жамбыл облысының балуаны 90 келі салмақта өнер көрсетіп жүрген Дәулетхан Жақыпов ширек финалда үш мәрте Қазақстан барысы атанған салмағы 140 келі Бейбіт Ыстыбаевты әуре-сарсаңға салғанына куә болдық. Оның үстіне Дәулетхан 7 рет боз кілемге шықса, Бейбіт бес-ақ рет белдесті. Содан ба, әлеуметтік желі мен ел ішіндегі алып-қашпа сөздерге құлақ ассақ, төрешілер Бейбітке бүйрек бұрып, жас балуанның тауын шақты деген пікірлер де бар. Ал, біздің Леонидті бір жартылай, бір таза жеңіспен ойсырата жеңген Жұманазар мен Айбол Айтбек ширек финалда 5 минут күресіп, бірін-бірі ала алмады. Ақыры қосымша уақыт – қоян-қолтық белдесуде салмағының ауырлығының арқасында Жұманазар жеңіске жетті. Онымен белдескен Айбол Айтбектің салмағы 92 келі ғана екен. Осыған қарасаң, мәселенің бәрі салмаққа келіп тірелмейтін сияқты. Бап, айла-тәсіл, күш пен жігер керек.
Жамбыл облысынан келген үш балуан да жарыстың ақтық сынына дейін күресіп, тамаша өнер көрсетуінің бір себебі, оларда арнайы мамандандырылған қазақ күресі клубтары бар. Демек, олар ұлттық спортқа, соның ішінде қазақ күресіне көбірек көңіл бөліп, дамуына көп үлес қосып отыр. Тіпті, Бейбіт Ыстыбаевтың өзі болашақта жеке қазақ күресі клубын ашып, шәкірт тәрбиелемекші екенін айтып өтті. Соған қарағанда, біздің балуандарымыздың бағының жанбай жүргені ұлттық күресімізге дұрыс көңіл бөлмеуімізден, шәкірт тәрбиелей алмауымыздан, талабы бар жігіттерді таба алмай, тапсақ баптай алмауымыздан болып отыр десек, шындықтан алыс кетпейміз.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар