Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Астрахан аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Мақат Үмбетовтың есімі өз ісінің білгірі ретінде әріптестеріне жақсы таныс.
Мақат Нұрғалиұлы Астрахан ауданына қарасты Алғабас ауылының тумасы. Тағдырдың жазуымен ата-анасы өмірден ерте өтіп, аға-жеңгесі Сайран мен Манат Үмбетовтердің қолында тәрбиеленді. Мақат бала кезінен еңбекқор болды. Қорадағы малдың қасынан шықпайтын. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ мал дәрігері болуды қалады. Інісінің мақсатын қолдаған ағасы «Астрахан» кеңшарынан оқуға жолдама алып беруге жәрдемдесті. Осылайша Мақат 1983 жылы ауылдағы сегіз жылдық мектепті тәмамдағаннан соң Целиноград мал дәрігерлік техникумының ветеринария бөлімшесіне оқуға түсті. Осы саланың қыр-сырын үйренуге тырысты. Оқуға зерек болып, фельдшер мамандығын алып шықты. Жас маман еңбек жолын «Астрахан» кеңшарының №1 бөлімшесінде аға мал дәрігері болудан бастады. Ірі қара малдың туберкулез, бруцеллез тәрізді жұқпалы ауруларының алдын алуға белсене араласты. Кеңшардың бас мал дәрігері Серікпай Мұқышевтан осы жұмыстың қыр-сырын көп үйренді. Сол кезде бөлімшеде мыңға жуық ірі қара болатын. Тауарлы сүт фермасында 500 сиыр сауылды. Мұндағы малдың сауықтыру жұмысына Мақат Үмбетов жауапты болды. Дер кезінде жұқпалы аурудың алды алынып отырды.
Үш жылдан кейін ол Астрахан аудандық ветеринариялық станциясына мал дәрігері-терапевт болып ауысады. Мұнда да аудан бойынша жұқпалы және жұқпалы емес өзге аурулардың алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысты. Мал басының есебін жүргізді. Сонымен қатар, Астрахан селосындағы жекеменшік малды емдеумен айналысты. Ауданның бас мал дәрігері Елубай Оспановпен, кейін Серік Іргебаевпен бірге еңбек етіп, жұмысты ұйымдастыруды және жоспарлауды үйренді. Препараттар мен вакциналарға алдын ала өтінім жасап, оны уақытында тарата білді. Қауіпті жұқпалы ауруға шалдыққан малдың көзін жойып, арнайы орындарға көмуді ұйымдастырды. 1999 жылы Астрахан аудандық аумақтық басқармасы құрылып, Мақат Үмбетов ветеринарлық инспектор қызметін атқарады. Мал шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңын сақтауына ветеринарлық және санитарлық қадағалау жүргізеді. Малды бағу, оны союға дайындау және сату жұмысын ұйымдастырады. 2005-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенінің Астрахан аудандық ветеринария бөлімі басшысы болды. Мұнда да жұқпалы мал ауруының алдын алу, мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру және оның орындалуын
қадағалаумен айналысты. Осы жылдары ол жоғары оқу орнын сырттай оқып, бітіріп шықты.
Мақат Үмбетов 2012 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Астрахан аудандық аумақтық инс-пекциясын басқарып келеді. Ұжымда Әуезхан Қасымов, Дайрабай Жұмағұлов және Сапархан Сыздықбаев сияқты тәжірибелі мамандар жұмыс істеуде. Олар жұқпалы аурулардың мал мен құсқа таралмауын жіті қадағалайды. Шетелдерден тасымалданатын және экспортқа шығарылатын тауарларға бақылау жүргізеді. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырысты орындайтын «Ветсервис+» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен ветеринарлық зертхана жұмысын қадағалайды. Мақат Нұрғалиұлы әріптестерінің арасында ұйымдастырушылық қабілетімен, адамдармен тез тіл табысуымен және қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Ұжымда тұтынушылар құқын қорғайтын жұмыс та дұрыс жолға қойылған. Мұнда келген адамдарға әдептілік көрсетіліп, өтініштеріне тиісті назар аударылады. Ветеринария саласындағы адал еңбегі мен мемлекет органындағы ұзақ жылғы қызметі үшін Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл» медалімен марапатталған. Ол отбасында да адал жар, өнегелі әке. Осындай адамгершілігі мол азаматтар мен білікті мамандар мемлекеттік қызметте көп болса дейсің.
Рамазан ТІЛЕУОВ
Астрахан ауданы.
![]()

