Елімізде сәлафи ағымына заң жүзінде тыйым салынуы керек

Облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті», «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестіктері «Бүгінгі күнгі діни ахуал және тұрақтылық» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Осы орайда, Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан кейін елімізде үлкен пікір туғызып отырған бұл өзекті мәселеге құзырлы органдармен бірге қоғамдық ұйымдардың да жете көңіл бөлуі құптарлық жай. Өйткені, ортақ үйіміздегі тыныштық пен бірлік баршамызға қымбат.

Шараға қатысқандар Ақтөбедегі лаңкестік салдарынан қаза тапқан жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов бүгінде қоғам үшін өзекті мәселеге айналып отырған діни экстремизм жайын адамдарға, оның ішінде жастарға түсіндіру, теріс ағымдардың ықпалына түсуден сақтандыру мақсатында ұйымдастырылған шараның маңыздылығына тоқталды. Қазіргі күні құзырлы органдар еліміздің аумағында сәлафилердің жұмысына тиым салуды көздейтін заң жобасын дайындауда. Осы орайда, азаматтар өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, оны өкілетті органдардың назарына ұсынудың мәні зор. Дөңгелек үстел барысында айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстардың бәрі хатталып, құзырлы органдардың назарына ұсынылмақ.
Бүгінде өздерінің экстремистік көзқарастарымен айналасындағы жұрттың мазасын алып, еліміздің тыныштығына қатер төндіріп отырған сәлафи дегендер кімдер және олардың ұстанған жолы қандай деген мәселе төңірегінде  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қанат Қыдырмин жан-жақты әңгімелеп берді. Бұл ағымның атауы  «сәлаф – пайғамбар заманы» деген сөзден алынған екен. Пайғамбарды көзі көргендер сахаба, ал  оларды көргендер тәблиғин деп аталады. Пайғамбардан кейінгі үш буын өкілдері ислам дініндегі ең сенімі берік және таза мұсылмандар болды. Сәлафилердің өз ағымдарын осылайша атауына «Пайғамбар заманындағыдай таза дінді ұстанушылармыз» дегенді білдіру ниеті жатқан сияқты. Аты осындай дардай болғанымен, іс жүзіне келгенде сәлафилер теріс жолды ұстанады. Олар барша мұсылман ұстанып отырған төрт мәзхабты мойындамайды, Пайғамбар заманындағыдай мәзхабсыз жолмен жүреді.
Қазақстанға уахабизм немесе сәлафизм идеясының келуі өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан басталады. Сол тұста әркім өз бетімен Пәкістан, Египет, Сирия сияқты елдерге барып оқып немесе мешіт жанында болып дін үйреніп жатты. Олардың көбі сол елдерде белең алған уахабизм идеологиясын саналарына сіңіріп, елге оралған соң оны халыққа таратты. Алғашында кітаптар, буклеттер шығарып таратса, кейін келе интернетті пайдаланды. Бұған бір жағы сол тұстағы еліміздің дінге қатысты заңдарымыздың жұмсақтығы да елеулі ықпалын тигізді. Оған қоса, қажылыққа барып келетіндер арасында да аз уақыттың ішінде көзқарастарын өзгертіп, уахабизм идеясы дертіне шалдығатындар байқалуда. Қажылықты да сәлафилер осылайша өздерінің теріс мақсаттарын орындауға пайдаланып жатқан жайы бар.
2000-шы жылдардың басында елімізде тұңғыш рет Хизб-ут тахрир қоғамының өкілдері сотталып, олардан ел қауіпсіздігіне қатер барлығын түсінген құқық органдары заңды қатайтуға және зиянкес ағымдарды бақылауға алуға көңіл бөле бастады. Осы орайда, елімізде ашылған дін қызметкерлерін даярлайтын Нұр-Мүбәрәк университетінің мәні зор болғаны анық. Бұрын шетелдерден оқып, саналарына түрлі теріс идеяларды сіңіріп келетін жастарымыз сондай залалды идеяларды жұртшылыққа тарату қаупін төнгізетін болса, ендігі арада өз елімізден ашылған діни жоғары оқу орны жер-жерден көптеп бой көтере бастаған мұсылман мешіттерін білімді, көкірек көзі ашық имамдармен қамтамасыз етуге игі ықпалын тигізуде.
Облыстың өкіл имамы Қанат Қыдырминнің айтуынша, мешіттер мүфтият белгілеген төрт бағытта мақсатты және тұрақты жұмыс жүргізуде. Ол бағыттар: оқу-ағарту жұмыстары, уағыз айту, қайырымдылық шаралары және теріс ағымдармен жұмыс істеу. Соңғы кезде орталық мешітке бірқатар білімді де білікті ислам дінін жетік білетін теологтар келген. Сауд Арабиясында оқып білім алған дін саласын жетік білетін Дінмұхамет Сманов, Нұрлан Бақбасаров және «Насихат» кеңес беру-оңалту орталығының басшысы Қанат Алшынбаев сияқты тео-лог мамандар аудандарға шығып, халықпен кездесіп түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыр.
Көкшетауда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Насихат» кеңес беру-оңалту орталығы қатерлі теріс ағымдарға қарсы нәтижелі жұмыс та жүргізіп келеді. Өткен жылы орталық 10 жобаға қатысып, екі жүзден астам лекциялар оқыған екен. Осы шараларға барлығы 12 мыңдай адам тартылған. Орталық жүргізген осындай игі шаруалардың нәтижесінде елуден астам адам теріс көзқарастарынан қайтып, олардың біразы дәстүрлі ислам дініне оралған. Биыл да «Насихат» орталығы бес жобаға қатысып, бұл бағыттағы жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.
Дөңгелек үстел барысында Краснояр мешітінің имамы Науан Мұталов, «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары Бақыт Смағұл, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары  Жақсылық Ақтанов, облыстық дін істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Болат Қасенов сияқты шараға қатысушылар да ислам дініндегі теріс ағымдар, оның залалы мен сақтану жолдарына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Ол ой-пікірлердің негізі еліміздегі лаңкестермен күреске қатысты заңдарды қатайту және сәлафи ағымының жұмысына тиым салатын заң қабылдау керек деген тұжырымға тоғысып жатты. Шара барысында қозғалған ой-пікірлер мен ұсыныстар өкілетті органдардың назарына ұсынылмақ.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар