Прокуратура органдарына жұмысқа қабылдау талабы күшейтіледі

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Жақып Асанов прокуратура органдарына қызметке алудың жаңа тәртібі жөніндегі жобаның тұсаукесерін өткізді. Онлайн режимінде өткен бұл шараға облыстық және аудандық прокуратура қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен ақпарат құралдарының өкілдері, заңгер мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер қатысты.

Бас прокурордың айтуынша, прокуратура органдарын өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын және оны жетік білетін білікті мамандармен қамтамасыз етуде біраз күрделі мәселелер бар. Жыл сайын осы салаға 300-дей жас маман қабылданады екен. Ал, еліміздің жоғары оқу орындарын заңгер мамандығы бойынша жылына  30 мыңға жуық жас бітіріп шығады. Олардың 60 пайызы прокуратура саласында қызмет істеуге ынталы. Яғни, бір орынға  60 үміткерден келеді деген сөз. Мұндай жағдайда әрине, солардың арасынан ең үздігін таңдап алуға мүмкіндік бар. Бірақ, соған қарамастан, прокуратура органдарына келіп жататын жас мамандардың арасында өз жұмысын дұрыс білмейтіндер, арақ ішіп, пара алу, қылмыс жасау сияқты жаман әдеттерге бейімдері де кездесіп қалады. Мәселен, соңғы екі жылдың ішінде прокуратура органдарынан он жас маман қызметінен шығарылған. Олардың арасында арақ ішіп, көлік апатына жол бергендері, пара алғандары, тіпті, қылмысқа барғандары бар. Осы жайлардың бәрі прокуратураға жас мамандарды қабылдау кезінде жол берілетін олқылықтардың салдарынан болған жағдай екені анық. Осы орайда, соңғы екі жылда прокуратураға маман қабылдауға мораторий жарияланып, қызметкерлерді алудың жаңа тәртібін жасау қолға алынған еді. Сөйтіп, Назарбаев университеті, «Deloitte» және «PricewaterhouseCoopers» компанияларының қолдауымен қызметкерлерді іріктеудің жаңа жобасы жасалды.
Еліміздің Бас прокуроры мамандарды іріктеудің жаңа тәртібі жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді. Ендігі уақытта ол екі кезең бойынша жүргізіледі. Бұрын жас мамандарды жұмысқа қабылдауға негіз болған төрт шарт болашақ маманның шынайы бет-бейнесін толық ашуға мүмкіндік бермейтін. Заңдарды білу деңгейін айқындайтын тестілеу мен әңгімелесуден өтіп, қысқаша өмірбаянын, еңбек жолын жазып, медициналық тексеруден өткендігі жөніндегі анықтаманы  берсе болды соған қарап қабылданатын. Ендігі арада мамандарды іріктеуде олардың білімі мен біліктілігі ғана емес, қоғамдық көзқарасы, ой-мақсаттары сияқты жеке адам ретіндегі мінез-құлқын толыққанды анықтайтын жайлар да қамтылатын болады. Мәселен, үміткер бес жүз жолдық эссе жазып беруі тиіс. Ол үшін көркемсөзбен өз ойын шебер бере алатын қабілеті болуы қажеттігі анық. Сондай-ақ, заң шеңберінде түрлі мәселелерді қалай шешуге болатынын тоқсан минут ішінде нақты түйіп жазып шығуы қажет. Сонымен бірге, жүз сұрақтан тұратын психологиялық тестілеуден өтеді. Бір сөзбен айтқанда, жас маман іріктеу сынақтарынан өткен кезде білімі мен біліктілігі, көзқарасы, қарым-қабілеті, адами қасиеттері бар қырынан толыққанды танылатын болады. Бұл прокуратура органдарын сапалы да білікті мамандармен толықтыруға игі ықпалын тигізбекші.
Еліміздің Бас прокуроры екі жылдан бері қолданылып келген мамандарды қызметке қабылдауға қойылған мораторийдің тоқтатылатындығын, ендігі арада жаңа тәртіп бойынша прокуратура органдарына мамандар іріктеу қолға алынатындығын мәлімдеді.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар