Алқа билер жүйесі қалыптасып келеді

Заң саласында тиісті білімі жоқ, сот ғимаратында болып көрмеген азаматқа қысқа мерзім ішінде алқа би ретінде сот процесіне қатысу туралы ұсыныс түскен кезде оның жағдайын түсінуге болады. Жаңалыққа ынтызар адам сот отырысына қатысушының әрбір қимылын бақылары сөзсіз.  Бірақ, өзіне бұған дейін  бейтаныс жайды  түсіну және оны санамен қабылдау қиындау соғуы  әбден мүмкін.

Алқа билердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істер – бұл нақты мәні бар құқықтық қажеттілік. Олардың кәсіби судьядан ерекшелігі – тәуелсіздігі. Аталмыш істер айыптау кеңістігін шектейді, тараптардың пікірталасын туындатады, алдын ала тергеудің сапасын, қылмыстық қудалау органдарының жауапкершілігін, қорғаушының рөлін арттырады және іс бойынша әділ сот үкімін шығаруға септігін тигізеді.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» деген екінші қадамына сәйкес, қолданыстағы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді, яғни, алқа билердің қатысуымен қаралатын істер саны артты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 52 бабына сәйкес, алқа билердің қатысуымен қаралатын істер санын арттыратын келесі баптар анықталды. Олар: 125 баптың 3-ші бөлімі (адам ұрлау), 128 баптың 4-ші бөлімі, (адам саудасы), 132 баптың 5-ші бөлімі (кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту), 135 баптың 4-ші бөлімі (кәмелетке толмағандар саудасы).
Алайда, алқа билер үміткерлерінің құрамын қалыптастыруда бастапқы кезеңде қиыншылықтар туындауда. Мысал ретінде айта кетсек, 2016 жылдың жартыжылдығында Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 34 адамға қатысты 28 қылмыстық іс қараған. Оның ішінде 3 қылмыстық іс алқа билердің қатысуымен қаралды. Осы әрбір қылмыстық іс бойынша 150 алқа би үміткерлері шақырылуы тиісті, бірақ, түзілген тізімнің сапасыздығына байланысты олардың тек 110-120-ына  ғана сот отырысының хатшысымен хабарлама жіберілді.  Тізімнің сапасыз болуына мынандай жағдайлар себеп болады: тізімде көрсетілген азаматтың қайтыс болуы, басқа бір елдерге көшіп кетуі, мекен-жайы дұрыс көрсетілмеуі, тегі мен аты-жөні дұрыс көрсетілмеуі, сотты болуы, тізімдегі азаматтың құқық қорғау органдарында қызметте болуы, мүгедек болуы және тағы да басқа жағдайлар.
Осылардың бәрі алқа билер құрамын сапалы құруға кедергі келтіреді.  Атап айтар болсақ, Р. деген азаматқа қатысты қылмыстық істі қарау кезінде жолданған тізімде, жоғарыда айтылған кемшіліктер орын алғандығын айта кеткен жөн. Осы іс бойынша үміткер ретінде шақырылған азаматтар әртүрлі себептермен алқа билер құрамына кіруден бас тартты. Конституцияға сәйкес әрбір азаматтың құқықтарымен бірге белгілі міндеттері де бар, соның ішінде алқа би болуға да міндетті.  Алқа билер құрамына кірген азаматтарға  Қазақстан Республикасы «Алқа билер туралы» Заңының 16 бабына сәйкес, облыстық және оған теңестiрілген соттың қызметiн жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган нақты iс қаралып болғаннан кейiн, ал егер iстi қарау созылатын болса, ай сайын бюджет қаражаты есебiнен облыстық және оған теңестiрілген сот судьясының лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқа бидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) пара-пар, оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төленедi. Алқа биге iссапар шығыстары республикалық бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өтеледi.
Оның сотта мiндеттерiн атқару уақыты, еңбек өтілі есепке алынады, алқа бидің мiндеттерiн атқару кезiнде негiзгi жұмыс орны сақталады. Сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi.   Түйіндей келе, жоғарыда айтылып кеткен жағдайлар қазақстандық сот төрелігінің моделінде халық өкілдерінің қатысуымен қаралатын істердің демократиялығын, қолжетімділігін, ашықтығын және азаматтардың құқықтарының қорғалуын басшылыққа алынатындығының айғақ белгісі.

Арман ДҮЙСЕНБАЕВ,
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі  мамандандырылған ауданаралық сотының  бас маманы-сот отырысының хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар