Ассамблея дегеніміз жарқын істер мен ел бірлігі

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов қатысып, сөз сөйлеп, көпұлтты мемлекетімізді бірлік пен татулыққа ұйытуда үлкен рөл атқарып отырған Ассамблея жұмысына жоғары баға берді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Елбасымыз атап көрсеткендей, тәуелсіз халықты – бейбітшілік пен келісімді сақтаушы Қазақстан халқы Ассамблеясының бір шаңырақтың астына біріктіргенін, биыл аталып өтілгелі отырған тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде еліміздің нарықтық экономикаға негізделген бүгінгі заман талабына сай  демократиялық зайырлы қоғам орнату жолында орасан зор қадамдар жасағанын айтты. Осыдан ширек ғасыр бұрын еліміздің алдында мүлдем басқа міндеттер тұрды. Ең басты мақсат тәуелсіздігімізді нығайтып, сол тұста орын алған әлеуметтік, саяси және экономикалық ауыр дағдарыстардан шығу болатын. Елбасымыздың көреген саясаты мен үлкен ерік жігерінің арқасында еліміз дағдарыс қыспағынан шығып, дамудың айқын жолына түсті,– деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.
Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап ұлтына, нәсіліне, діни  ұстанымына қарамай, көпұлтты мемлекетімізде бірлік пен татулық, тең құқылық пен бірдей мүмкіндік туғызатын ұлтаралық келісім саясатын ұстанды. Еліміздің аумағында тұратын барлық ұлт пен ұлыстардың өкілдеріне тәуелсіз мемлекетіміздің азаматтығы берілді.  Еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстарды біріктіруге негізделген жалпыұлттық қауымдастық ұстанымы өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Ұлтаралық қатынастың қазақстандық моделі бүгінде барша әлемді қызықтыруда. Қазақстан халқы бір ұлт болып табылады.  Конституциямыздың «Біз –  Қазақстан халқы» деп басталуында барша ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін біркелкі ұлттық идея жатқаны анық. Қазақстандық ұлтаралық қатынас жобасында сондай-ақ, біркелкілік, яғни, барлық ұлттардың тең құқықта, бірдей мүмкіндікті пайдалана өмір сүретіні нақтыланған. Қазақстандықтарды Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған жалпыұлттық патриоттық «Мәңгілік ел» идеясы біріктіріп, жарқын болашаққа құлшындырады.
Мемлекеттік хатшы одан әрі еліміздің басты байлығы – бірлігіміз бен татулығымыз және соның арқасында сақталып отырған тұрақтылығымыз болса, онда Елбасымыз төрағасы болып саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше екендігіне тоқталды. Осы орайда, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы да ортақ іске өздерінің лайықты үлестерін қосып отыр. Бүгінде жүзден астам көшбасшылары белсенді жұмыс жасайтын облыстық ассамблея аясында қырықтан астам этно-мәдени орталықтар толыққанды жұмыс істеуде. Олар облыстағы және еліміздің аумағында өтетін түрлі шараларға белсене қатысып, ұлттық мәдениет пен тілдік ортаны сақтауға, ұлтаралық қатынастарды нығайтуға, жастарға отансүйгіштік тәрбие беруге сүбелі үлестерін қосып келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов  тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде еліміздің орасан зор жетістіктерге қол жеткізгендігін, бұл кезеңнің біз үшін ғасырға, әрбір айдың жылға татитындығын айта келе, Елбасымыздың ең басты құндылығымыз тәуелсіздік екендігі туралы айтқан сөзіне тоқталды. Тәуелсіздікпен бірге тіліміз де, дініміз бен салт-дәстүріміз де қайта жаңғырды. Біз рухани, әлеуметтік және экономикалық жағынан да  үлкен биіктерге жеттік деп атап өтті. Ширек ғасырдың ішінде біз біркелкі ұлт болып қалыптастық, сұрау салу арқылы сұралғандардың тоқсан пайыздан астамы осыны растайды. Қазақстан тұрақты даму жолына түскен және бейбіт ел. Мұны сұрау салуға қатысушылардың  85,3 пайызы растайды.
Ел тәуелсіздігінің  25  жылдығына байланысты көптеген мәдени-көпшілік шаралар өткізілмек. Бұл шаралардың бас-тауы Мемлекет басшысының қатысуымен қыркүйек айында өткен Алматы қаласының 1000 жылдығын атап өту шарасымен басталған еді. Ел тәуелсіздігіне арналған мәдени көпшілік шаралар еліміздің барлық өңірлерінде, әрбір елді мекенді қамти отырып аталып өтетін болады. Қарашаның бірінде Астанадан шығатын «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы 44 күннің ішінде 35 елді мекенді аралап, халыққа мәдени, ағарту, медициналық, басқа да қызметтер көрсетпек.  Сөзінің соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары белсенді жұмыс атқарып жүрген бірқатар ақмолалықтардың атына алғысын білдірді. Олардың арасында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов және басқалары бар.
Облыс әкімі Сергей Кулагин облысымыздағы халықтар достығы мен бірлігі және қоғамда орын алған тұрақтылық жайында, бұған  Ассамблеяның қосып отырған үлесі туралы баяндады. Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде қол жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымыз халықтар достығы мен бірлігі, тұрақтылықтың арқасында келетіндігін анық көрсетіп берді дей келе, облыс басшысы аймағымызда көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті тұрып жатқандығын тілге тиек етті. Осы орайда, Ақмола облысын Елбасымыздың ұлтаралық келісім мен бірлік бағытында жүргізіп отырған саясатының айқын бір мысалы ретінде атап өтуге болады. Облыс аумағында бүгінгі күні  жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдерінен тұратын 745 мың адам мекен етеді.   45 этно-мәдени орталықтар жұмыс істейді. Барлық ұлттардың өз тілдері мен мәдениетін сақтауға, жаңғыртуға мүмкіндік жасалған. Қазақстан халықтарын біріктіруші  күш ретінде мемлекеттік тілді меңгертуге жете көңіл бөлінеді.  Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы 20 мыңдай адамды қамтыған  130 шара өткізген. Облыста осы кезге дейін жалпы ауқымы  300  мыңдай тұрғынды қамтыған 4,5  мыңдай түрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізілді. Жыл соңына дейін тағы да жүзден астам шара өткізілмек. Жалпы тәуелсіздігіміздің мерейтойлық шарасы барлық елді мекендерді қамтитын болады.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің төртінші курс оқушысы Лада Горошко мемлекеттік тілді дамыту қоғамды біріктірудің басты факторы екендігіне назар аударды. Менің ұлтым поляк, бірақ жаным қазақ. Өйткені, ауылда туып-өстім және қазақтармен араласып, қазақ халқының кеңпейіл қонақжайлылығын, даласындай кең ақ пейілін көріп, сезініп өстім деп бастаған ол Елбасымыздың ұлтаралық татулық пен бірлікке негізделген саясатының арқасында орнаған   тыныштық пен бірлік жастардың болашаққа сеніммен қарап, өмірден орындарын табуына мүмкіндік жасайтынын айтты.
Немістердің облыстық «Видергебурт» қоғамы жастар қанатының төрағасы Никита Бильман Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға жер ауып келген неміс халқын қазақтардың қонақжайлылықпен қарсы алып, бауырмалдық танытуы, сол қиын кезеңде жарты нанын бөліп беріп, көмектескені бүгінгі аға ұрпақтың есінен кетпейтінін, жастарға әрдайым айтып отыратынын ауызға алып, елімізде жүргізіліп отырған ұлтаралық саясаттың барлық ұлттар мен ұлыстардың  еркін дамуына оң жағдай жасайтынын атап өтті.
Степногорск қаласындағы «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Оксана Волковой-Михальской бүгінде ел тыныштығын сақтауда үлкен қызмет атқарып жатқан қоғамдық  келісім ұйымдарының жұмыстары жайында баяндады. Қоғамдық бірлестік көмекке мұқтаж жандарға қолдан келген көмектерін жасап, ақыл-кеңестерін береді.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының кеңейтілген мәжілісіне Қарағандыдан арнайы келген медиация орталығының басшысы Татьяна Савицкой азаматтар арасындағы дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешіп, араағайындықпен айналысатын медиацияның қызметі жайында әңгімеледі. Орталық түрлі оқыту курстары мен шаралар өткізіп, араағайындық институттың аймақта дамуына айтарлықтай үлесін қосуда.
Ақмола облыстық әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің  медиаторы Дмитрий Диковенко облысымыздағы медиация қызметінің қазіргі атқарып жатқан жұмыстары жайында әңгімелеп берді. Азаматтардың арасында туындап жататын түрлі дауларды сотқа жеткізбей өзара келістіре отырып шешуге жағдай жасайтын медиаторлардың қызметі жыл санап жанданып келеді. Әсіресе, араағайындық институтын Ассамблея өз қамқорлығына алғаннан кейінгі кезеңде медиаторлардың қызметі белсенді бола түскен. Бүгінде облыста 20 кәсіби және 154 кәсіби емес медиаторлар қызмет көрсетеді.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин еліміздегі, оның ішінде біздің облысымыздағы ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтауда, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде елеулі рөл атқарып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының ел тарихындағы орнына тоқталып, облысымызда орын алған түрлі шиеленісті жағдайларды шешуге Ассамблеяның үнемі ықпал жасап отыратынын атап көрсетті. Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов ақмолалық ассамблея өкілдерінің жұмыстарына табыс тіледі.

Қалкөз Жүсіп.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар