Сіздерге арқа сүйейміз!

«Арқа ажары» тарихы бай, тағылымды басылым.  Келесі жылы бір ғасырдың биігінен көрінгелі отырған газеттің бастау қайнары – «Тіршіліктің» отын сонау елге мәлім 1917 жылы Сәкен Сейфуллиннің өзі лаулатып, одан бері де осы басылымның ғұмырлы, шежірелі, өркенді жолы талай ұрпақтармен біте қайнасыпты.
Газет редакциясы Астанадан облыс орталығы Көкшетау қаласына көшірілгелі әр кездері осы ұнжарияның алтын діңгегі болған ардагерлеріміз «қара шаңырағым, ұжымым» деп осы жаққа елеңдейтін болды.
Дегенмен, мақсат-мүдде, ой-пікір, ықылас-ниет бір жерден шығып жатқан соң, арадағы 300 шақырым қашықтық осы ардақты аға-апаларымызбен әлі де араласып тұруымызға, күнделікті жұмысымызда сол кісілердің де салып кеткен сара жолына, игі дәстүріне арқа сүйеуімізге еш бөгет болған емес. Ардагерлерімізді жылда Баспасөз күніне алдырып тұратынымыз, өздері көп жыл тер төккен төл басылымдарын жаздырып беріп, газеттің бай шежіресін жасауда, тарихын жаңғыртуда көмек-қолдауларына сүйеніп отыратынымыз соның бір айғағы.
Бұл орайда, Қарттар айлығындағы қауышулар да осы бір құрметтің, үлкенді арқа тұтар кішілік пен естіліктің ажырамас бөлігі дер едік. Күні кеше ғана Астананың төріндегі «Серуен» мейрамханасында өткен  жылы жүзді жүздесу де бүгінгі «Арқа ажары» ұжымы мен оның әр жылдардағы тәлімді мектебін көрген аға қаламдастардың арасындағы ұрпақтар сабақтастығы мен жалғастығын тағы бір жақсы көрсетіп берді.
Дастархан басындағы ақ адал дәмнің алдында сексеннің төртеуіне келген ең қарт ардагеріміз Кәкібай Жүсіпов әуелі аруақтарға аят оқып, газеттің бұл күнде арамызда жоқ барлық басшылары мен үлкенді-кішілі қаламгерлерінің аттары аталып, құран бағышталуы да бір сауапты іс болды. Осы сәтте тағы бір ауызға алып, ой жүгіртіп көрсек, «Арқа ажарында» жетекшілік жігері мен қарымды қалам ізі қалған ондай асылдарымыз шынында, Астана мен Көкшетаудың  екеуінде де аз емес екен.
Бұдан әрі отырыс тізгінін ұстаған газеттің бас редакторы Қайырбай Төреғожа жиналған ардагерлер қауымын екі жақ үшін бүгінгі мереке деуге боларлық жылы қауышумен құттықтай келе, газеттің жылдағы тыныс-тіршілігінде үлкендеріміздің алатын орны бір бөлек екеніне, басылымның бүгінгі аяқ алысы, бағыт-бағдары, бір шеті көрініп тұрған алдағы 100 жылдық үлкен асуының қам-қарекетіне тоқталып, ең ізгі тілегін жеткізді.
Шіркін, мұндайда қарт көңілі баладай, кілтін тапсаң, данадай ғой. Жүздесудің өн бойы біздің аяулы ардагерлерімізден де осы бір өзін жазбай танытатын ірілік, азды-көпке шексіз ризалық, «Арқа ажарының» кешегісіне ғана емес, бүгіні мен ертеңіне де бірдей ортақтастық қылаусыз сезіле түсті. Жарқырай сөйлеп, жадырай күліп, жарасып отырған ағаларымыз бен апаларымыздың газет қабырғасындағы сол бір қимас күндерін сағына еске алып, одан бергі талай-талай жазмыш, жақсылыққа да ой дендетіп, бір жасап қалғанын көрудің өзі шын ғанибет екен.  
19 жыл бойы газетіміздің бас редакторы қызметінде өзінің қадір-қасиетін барынша айшықтап, сонысымен де ел есінде қалған Октябрь Әлібеков ағамызбен өмірлік, журналистік ғұмыр жолын бірге өткізген жан жары,  КСРО баспасөз ісінің үздігі Рақия Әлібекова апамыз бастап, Райхан Нұрманова, Ілияс Қарағозин, Раиса Развина, кейінгі лектен Нағима Қойшыбай, Бәдуан Имаш, Советбек Мағзұмов, Төлеген Қосшығұлов сияқты  аға-апаларымыз қостаған небір аталы игі сөздерде аға ұрпаққа деген осы бір болмашы ізетіміздің қарымтасындай, үлкен көңіл сүйініші, жан толғанысы жатқан еді. Рас, кейбір ардагерлеріміз түрлі себеппен арамызда бола алмады.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, осының бәрінің ара-арасында Көкшенің күміс көмей бір әншісіне баларлық Қанат Жапаровтың төгілте шырқаған әсем әндері мен күмбірлете  төккен күйі де кеш сәні болғанына  қуандық. «Орамал тон болмайды, жол боладыға» жорыған азды-көпті сый-сияпатымызбен «енді газетіміздің 100 жылдық  мерейто-йында жолығуға жазсын!»  деп тарқасқан ардагерлеріміз бізді, біз оларды қимағандай едік. Елеп-ескергенімізге риза болған осы шат жүздері мен кең пейілдері жол бойы да ойымыздан шықпай,  жанымызды тербей түсті. Иә, сіздер, ардагерлер, әрқашанда біздің арқа сүйер ардағымыз, ақылшы тірегімізсіздер. Лайым аман-сау болып, «Арқа ажарының» діттеген биіктерін  бірге көрейік!..
Қ.КӘКЕНОВ.      
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар